Қазақстан жер сілкінісі саны бойынша 6-орында. Рас па?

Ақпанның басында түрлі сайттарда “Қазақстан жер сілкінісі саны бойынша әлемде 6-орында” деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5). Ақпаратқа сай, 2023 жылмен салыстырғанда биылғы жылдың қаңтарында жер сілкінісі екі есе көп тіркеліп, бірден 58 орынға көтерілген. Сайттардың барлығы дерлік Ranking-тің шолу-материалына сілтеген. Аталған деректі Factcheck.kz тексеріп көрді.

Қазақстан жер сілкінісі саны бойынша әлемде 6-орынға көтерілді.

Интернеттегі ақпарат

Үкім: Манипуляция

Ranking дереккөз ретінде көрсеткен Earthquakelist.org сайтында Қазақстан расымен де жер сілкінісі саны бойынша 6-орында тұр. Алайда, мына нәрсені ескерген жөн: тізімде тек Қазақстан аумағындағы ғана емес, көршілес елдерде тіркелген жер сілкінуі де есептеледі. Тіпті Earthquakelist.org статистикада “жақын маңда болған жер сілкінісі” деп көрсетеді. Ал көптеген қазақстандық сайт бұны ескерместен ақпарат таратты, яғни манипуляция жасады.

Мысалы 2024 жылы Қазақстан маңында радиусы 300 км аймақты қамтитын 169 жер сілкінісі (магнитудасы 4+) тіркелді дейді, ал Қытайда 192 және Қырғызстанда 179. Яғни Қытай мен Қырғызстанның шекарасында болған жер сілкінісі немесе одан кейінгі афтершоктар Қазақстанға да жазылған. ҚР Сеймологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының дерегінше, 2024 жылы (1 қаңтар – 23 ақпан) 155 жер сілкінісі тіркелген. Дегенмен оның ішінде тек 23-і ғана Қазақстанда сезілген. Оның ішінде тек екеуі Қазақстан аумағында болды (Текеліде және Алматы мен Түргенде) деп көрсетіледі, қалғаны жақын маңдағы жер сілкінісінің әсерінен афтершоктар сезілген.

АҚШ геологиялық қызметінің сайтында 2024 жылғы 1 қаңтар – 23 ақпан аралығындағы деректерге қарасақ әлемде 3366 жер сілкінісі (2,5 балдан жоғары) тіркелсе, оның ішінде бірде біреуі Қазақстанда болмаған. Қазақстанға жақын маңда Қытайда, Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда және Ауғанстанда тіркелген. Толығырақ төменнен көре аласыздар.

Қазақстан жер сілкінісі саны бойынша 6-орында. Рас па?

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz