Алматыдағы жер сілкінісі: желіде қандай фейктер тарады?

Қаңтардың 22-інен 23-іне қараған түні Сейсмология институты мен ҚР ТЖМ Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында магнитудасы 6,7 балдық жер сілкінісін тіркеді. Сейсмикалық толқындарды Алматы түрғындары да сезді: оңтүстік астанаға МSК-64 шкаласы бойынша 5 балдық дүмпулер жетті.

Жер сілкінісі айтарлықтай сезілді және тұрғындардың көбін көшеге атып шығуға итермеледі. Алғашқы дүмпулерден соң-ақ мессенджерлерде үрейге толы хабарламалар тарай бастады. Біз ең кең тараған фейктерді талдап шықтық.

WhatsApp мессенджерінде мынандай мазмұнда аудиохабарлама тарады:

Тыныштық сақтаңыздар, алты балл. Қаланың жоғары жағында бәрі жарылды. Қала бойынша ТЖ жарияланды. Әл-Фараби маңында екі көлік құлады. Түнде тағы да дүмпу болады. Жапониядағыдай 13 баллға дейін жететіні айтылды.

Анонимді хабарлама

Бұл хабарламада келтірілген ақпараттың бәрі – жалған. Алматыда алты емес, бес балл тіркелді. Қаланың жоғары жағы «жарылған жоқ», ал екі көлік туралы ақпаратты ресми дөреккөздер растамады. Бұдан бөлек, ТЖ жарияланған жоқ және 13 баллдық жер сілкінісі болатыны да айтылған жоқ. Жалпы, ең жоғары қарқындылық 12 балл екенін атап өту керек.

Мессенджерлерде келесі дүмпулердің қарқыны мен уақыты болжанған осыған ұқсас басқа да хабарламалар тарады. Жойқын жер сілкінісі туралы да айтылды. Алайда 23 қаңтарда түнде болған дүмпулер анағұрлым әлсіз болды.

Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханаларының бірінің төртінші қабаты құлап қалғаны, төрт студенттің үйінді астында қалғаны туралы хабарлама тарады. Дәлел ретінде жатақхана ғимаратының бір бөлігі, бір топ адам мен жедел жәрдем көлігі бар фото келтірілді. Жартысы қираған ғимарат бар тағы бір фото да тарады.

Алайда ақпарат жалған болып шықты. Біз толық фактчек жасап, жатақхананың қирамағанын білдік (студенттер тек қабырғалардың жарықшақтанғанын хабарлаған). Жедел жәрдем бар фото расымен жатақхана маңында түсірілген, алайда, куәгерлердің сөзінше, медицина қызметкерлері онда бірнеше студенттің хәлі нашарлаған кезде барған.

Алматыдағы жер сілкінісі: желіде қандай фейктер тарады?
Жатақхананың басқа ракурстан түсірілген фотосы (Ернұр Бақберген)

Жартылай қираған үй фотосының тіпті, қазақстанға қатысы да жоқ. Сурет 2023 жылғы наурызда Ресей әскері Запорожье ауданына шабуыл жасаған соң түсірілген. Онда Украина қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі тұр.

ҚазҰУ-дың жатақханасы туралы ақпаратпен қатар ғимараттың қирандысы бейнеленген басқа да сурет тарады (төменде). Бірақ біз бұл суреттің жатақхана туралы фейкке қатысы бар ма, не бөлек тарады ма — анықтай алмадық.

Алматыдағы жер сілкінісі: желіде қандай фейктер тарады?

Кәсіби фотоаппаратпен түсірілгенге ұқсайтын фотоның сапасы да бірден көзге түседі. Фото бойынша іздеу шын мәнінде суреттің 2023 жылғы қарашада Астрахань қаласында, бес қабатты үйдің екі подъезді құлағанда түсірілгенін көрсетті.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz