Балалар ұшақпен тегін ұша ала ма?

Соңғы күндері Қазақстандық интернет кеңістікте “Кәмелет жасқа толмаған балалар ұшақпен тегін ұша алады” деген сарында ақпарат тарап кетті. Халық арасында түсініспеушіліктер мен түрлі қауесет есіп жүр. Осы орайда Factcheck.kz сайты Заң негізінде ақпаратты тексеріп көрді.

Кәмелетке толмаған балалар енді ұшақпен тегін ұша алады.

Хабарлама

Үкім: Манипуляция

“Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы” 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №375 бұйрығына сәйкес, кәмелет жасқа толмаған балалар туристік оператор арқылы билет алып, тегін ұша алады. Бұл дегеніміз, кәмелет жасына толмаған бала кез келген билетті алып, ұша береді деген сөз емес. Яғни, тек туристік оператор арқылы ұсынған пакетті сатып алғанда ғана.

Субсидиялық бағдарламаны “Kazakh Turism” ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Яғни, осы заң жобасының 2-тарауына сәйкес, ішкі туризм саласындағы туроператорлар субсидия алу үшін осы компанияға тиісті күнтізбелік жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап 1 желтоқсанға дейін қағаз немесе электрондық пошта арқылы құжаттарын жолдау керек. Туристік компанияның ішкі турзим саласында міндетті түрде лицензиясы болуы шарт.

Механизм қалай жұмыс жасайды?

Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, егер сіз балаңызбен Алматы-Алакөл бақытында тікелей қосымшадан немесе сайттың өзінен билет алатын болсаңыз онда ақылы болады. Ал егер дәл осы бағытта туристік компаниядан билет алсаңыз, туристік пакетті де, басқаша айтсақ жолдаманы да алу керек. Оның ішіне барып-келу билеті, қонақ үй, тамақ және басқа да қызметтер кіреді. Яғни, бұл механизмнің мақсаты – ішкі туризмді дамыту. Кейін туроператор туристік өнімге қосылған билет құнын бұйрыққа сәйкес мемлекет есебінен өндіре алады.

Бұл отбасылық бағдарлама “Kids go free” деп аталады. Осы арқылы кез келген 2-17 жас аралығындағы ҚР азаматы немесе осы елде тұрақты тұруға рұқсаты бар бала туристік компаниядан билет алу арқылы ұшақпен тегін ұша алады. Олармен бірге ата-анасы немесе жақын туысқаны міндетті түрде болуы керек. Толық ақпаратты мына жерден біле аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz