Жұмыстың болашағы жоқ

ВАШИНГТОН – Жұмыстың болашағы бүгінде қызу талқыланып жатқан тақырыптар қатарында. Ол толып жатқан талдаулар, түсіндірмелер және конференцияларға арқау болды, өткен аптадағы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы кездесуінде де бұл тақырып басты назарда болды. Себебі, жаңа технологиялардың, робототехника мен жасанды интеллекттің жұмыспен қамтуға елеулі әсері бар. Әңгіменің көбінесе жағымсыз өрбуіне қарамастан, бұл мәселенің соңы жақсы болуы да мүмкін.

Қазіргі пікірталастар көбінесе болашақта адамдардың жұмыс орындарын машиналар басып алады деген мелодрамалық келешекті болжайды. Кейбір болжаулар бойынша, Америка Құрама Штаттарындағы жұмыс орындарының 47 пайызына; ЭЫДҰ елдерінде 57 пайызына; дамушы елдердің үштен екісіне және әлемдегі жұмыс орындарының жартысына (шамамен екі миллиард) қауіп төніп тұр.

Бірақ алдыңғы автоматтандыру кезеңдері де осындай ірі көлемдегі жұмыс орындарының жойылуы және жоғары технологияларға негізделген құрылымдық жұмыссыздық тәрізді қамықтыратын болжамдарға толы болды, тіпті, атақты экономистердің де пікірлері сондай болған. Джон Мэйнард Кейнс пікір бөліскен, Василий Леонтьев те соған  ұқсас ой айтқан. Екеуінің де болжамы орындалмады. Керісінше, технологиялық өзгерістер өнімділіктің және жұмыспен қамтудың қуатты алға итеруші күші болды.

Негізгі себептердің бірі – кейбір жұмыс орындарын жоятын технологиялық жаңалықтар  жаңа жұмыс орындарын да жасауы мүмкін. Жаңа технологиялар  қайталанатын өндіріс сияқты салаларда күнделікті біркелкі жұмыстағы төмен және орта білікті мамандарға деген сұранысты азайтады, сонымен қатар олар техникалық, шығармашылық және басқарушылық салаларда жоғары білікті мамандарға сұранысты да арттырады. Жақында жасалған талдау  бойынша, АҚШ-тағы соңғы уақытта артқан жұмыс орындарының жартысына жуығы жаңа қызмет талаптары мен жұмыс түрлерінен пайда болған.

Осыны ескерсек, жұмыс эволюциясын баяулатуды керек ететін түбегейлі бұзушы үдеріс ретінде емес, динамикалық түзету мен реттеу процесі ретінде қарастырған жөн. Кейбір адамдар айтып жүргендей, жұмысшыларға түскен қысымды жеңілдету үшін роботтарға салық салу сияқты инновацияларға кедергілер жасау тиімді болмайды. Оның орнына, қызметкерлердің жұмыс күшінің өзгеруі салдарынан талап етілетін жоғары деңгейдегі дағдыларын дамытып, реттеу жұмыстары кезінде қызметкерлерді қолдау керек.

Осы уақытқа дейін білім беру мен оқыту технологиямен жарыста артта қалып келді. Жаңа технологиялар талап ететін техникалық және жоғары деңгейдегі дағдылардың жетіспеушілігі дамып келе жатқан экономикаларда технологиялардың өркендеп,  өнімділіктің бәсеңдеуіне ішінара жауапты: біліктілік тапшылығы инновациялардың таралуына кедергі келтірді. Сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік қажетті дағдылары барлардың талап ете алатын табыс ақысының өсуі арқасында табыс теңсіздігіне себеп болды.

Бұл кемшіліктерді жою үшін білім беру және оқыту бағдарламаларын қайта қарастырып, оларды жетілдіру қажет. «Білім алу, жұмыс жасау, зейнетке шығу» атты бұрынғы мансаптық жол енді үздіксіз, өмір бойы оқумен алмастырылды; сондықтан көптеген экономикалардың жұмыс күшінің қартаюымен күшейтілетін процесте қайта оқу мен өмір бойы білім алу мүмкіндігі көбірек болуы керек.

Бұл оқытудың мазмұны, оқыту жолдары және қаржыландырылуында инновацияларды, мемлекет пен жеке меншік серіктестіктің жаңа үлгілерін талап етеді. Технологиялық шешімдердің әлеуеті қолданылып, оған цифрлы сауаттылық тұрғысынан күшті қолдау көрсетілуі керек. АҚШ-та отбасылық табыс деңгейі мен жоғары білім арақатысындағы айырмашылық артып жатыр, осындай теңсіздіктің өсу кезінде экономикалық жағдайы қиын адамдарға көмектің қолжетімді болуы өте маңызды.

Сонымен қатар, еңбек нарығындағы және әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі реформалар арқылы жұмыскерлердің жұмыс орындарын ауыстыруға мүмкіндік берілуі керек. Бұл жұмыскерлердің қазіргі жұмыс орындарында құқықтарын қорғауға бағытталған ескі саясаттардан инновациялық медициналық сақтандыру механизмдері мен белсенді, болашаққа ұмтылатын еңбек нарығының саясатына көшуді білдіреді.

Сонымен бірге, ресми, ұзақ мерзімді жұмыс беруші-қызметкер қарым-қатынастарына негізделген әлеуметтік келісімшарттарды қайта қарастыру керек; зейнетақымен қамсыздандыру және денсаулық сақтау сияқты артықшылықтар тасымалға және жаңа жұмыс тәртібіне, әсіресе кеңейіп жатқан «гиг» экономикаға бейімделген болуы қажет. Қазірдің өзінде бірнеше ұсыныс жасалды: Финляндияда және Онтарио, Канада секілді кейбір субұлттық юрисдикцияларда енгізілген кепілді негізгі табыс; теріс табыс салығы; қызметкерлердің әртүрлі тасымалды әлеуметтік сақтандыру шоттары.

Бұл жағынан Франция дұрыс үлгі көрсетіп жатыр. Биылғы жылдың басында бұл елде тек белгілі бір қызмет орны немесе компанияда ғана жинақтамай, түрлі жұмыс орындарында оқу құқығын жинауға мүмкіндік беретін тасымалды «жеке қызмет есебі» енгізілді. Президент Эммануэль Макрон әкімшілігі еңбек нарығының икемділігін арттыру үшін Францияның қатаң еңбек қорғау саясатында реформалар жүргізіп жатыр. Осындай бастамаларды бір уақытта жүргізу реформалар синергиясын сақтап, қызметкерлердің де бейімделуін жеңілдетеді.

Технологиялық өзгерістер бұрынғыдай түрлі елдерде еңбек нарығына елеулі қиындық тудырады. Бірақ, ақылға қонымды, болашаққа бағытталған саясатпен осы мәселелерді шеше аламыз және жұмыстың болашағы жақсы жұмыс орындарының құрылуын да қамтамасыз етеміз.

Дүниежүзілік банктің дамушы елдер экономикасы жөніндегі бұрынғы директоры Зиа Куреши, қазір Brookings Institution-де шақырытылған аға ғылыми қызметкер.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org