Фактчек | Назарбаев: Көптеген әлемдік университетте эндаумент қорлар бар…

30 мамырда Данияр Әшімбаев Telegram каналында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, сұхбат алғанын хабарлады. Сұхбат барысында экс-президент Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қор туралы бірнеше дерек келтірді. Осы орайда Factcheck.kz аталған деректерді тексеріп көрді.

Мен 2011 жылы «Назарбаев Университетінің», «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» және «Назарбаев Қорының» мәртебесі туралы Заңға қол қойдым. Құрылып жатқан қор тек Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептің қызметін қаржыландыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым екені сол заңда анық көрсетілген. 

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Шындық

Шынымен де Заңның 2-тарау 4-бап 4-тармағында “Назарбаев қоры” коммерциялық емес ұйым деп көрсетілген. Заң 2011 жылдың 19 қаңтарда қабылданған. Назарбаев университетінің 2013-2020 жылдар аралығына арналған жоспарында “Назарбаев қорын” эндаумент қор ретінде көрсеткен. (Құжаттың 11-бетінде).

“Білім туралы” Заңның 9-тараудың 61-баптың 3-тармағы 5-тармақшасында білім беру ұйымдарын қаржыландыру жүйесінің бірі ретінде қарастырады.

Көптеген әлемдік университеттерде эндаумент қорлар бар. Біздің қор да соларға ұқсайды.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім:  Үкім жоқ

Әлемдік университеттер деген жалпы ұғым, экс-президент нақты қай университет жөнінде айтқаны белгісіз, сондықтан біз нақты университеттердің атын атап көрсете алмаймыз. 

Десе де, 2020 жылы АҚШ-тың Ұлттық білім беру статистикасында (NCES) жарияланған ЖОО-ның тізімін қарап, эндаумент қордан алатын қаражат көлемін анықтадық

Одан бөлек әлемдегі QS World University Rankings және The World University Rankings-тің 2022 жылғы тізіміндегі TOP 10 университетті де қарастырып көрдік. Екі тізімдегі алғашқы ондыққа енген университеттердің барлығы эндаумент қордан қаражат алады.

Назарбаев қоры туралы басқа не білеміз?

Қор және Назарбаевқа тиеселі мүлік жайлы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP)” жариялаған ірі зерттеуде кеңірек айтылған. Бұл материал Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде қызу талқыланғанымен, Назарбаев отбасы және ресми Нұр-Сұлтан реакция білдірген жоқ.

Бұдан бөлек Азаттықтың тағы бір материалында Назарбаевтың қорлары Jusan Technologies-ті Қазақстанда тіркелген Pioneer Capital компаниясы арқылы басқарғаны және Ұлыбританиядағы компанияларды тіркейтін палатада Jusan Technologies-тің жіберген есебінде тек бір ғана қызметкер бары жазылған. Материалдарды толық оқимын десеңіздер, серіктестеріміздің сайтында қолжетімді екенін айта кеткіміз келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz