DW зерттеуінде Назарбаевтың қызы мен күйеу баласына тиесілі сарайлар туралы айтылды

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевқа қатысты компаниялар Германияда жалпы құны 100 миллион еуроға бағаланған вилла, сарай мен екі қонақүйге иелік етеді. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) зерттеуінде хабарланды.

DW дерегінше, 2010 жылдары сатып алынған Зеелодағы мүлік қазақстандық кәсіпкер Яков Цхайға тиесілі болған. Цхай — бірнеше мұнай компаниясының иесі және Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаевтің коммерциялық жылжымайтын мүлік бойынша бизнес серіктесі.

Цхай «Достар-Инвест» холдингі және «Достар Ойл Сервис» мұнай компаниясы арқылы сарайларды қайта жөндеуге ондаған миллион еуро инвестициялап, кейін мүлікті Тимур Құлыбаевқа қатысы бар фирманың атына жаздыртқан.

Деректе Зеелодағы сарайдың ландшафтты саябағы, фонтандары, көлемі мың шаршы метр болатын спа алаңы туралы және 25 метрлік бассейннің әйнек күмбезі спутниктен түсірілген суреттен көрінетіні айтылады. Мүлік бағасы 60 миллион еуроға бағаланған. Реконструкция жұмысы шамамен он жылға созылып, екі жыл бұрын аяқталған.

Жөндеуге қатысқан бір қызметкер сарай иелері реконструкцияға ақша аямағанын және бірде олар фрескаларды ұнатпай, қайта жасауға бұйырып, суретшіге 150 000 еуроға жуық жалақы төлегенін хабарлаған. Бұдан бөлек, жұмысшылар атқарған жұмысын суретке түсіріп, Қазақстанға жіберіп отырған.

Мүлік иесі Schloss Seelach Invest GmbH компаниясы қазақстандық Verus Praedium International компаниясына тиесілі. Ал оған Алматыдағы “Кипрос” компаниясы иелік етеді.

Германияның “Transparenzregister” ақша жымқырумен күрес қызметінің ашық реестріне сай, Тимур Құлыбаев — Schloss Seelach Invest GmbH компаниясының бенефициары.

Реестрге сәйкес, Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаев Қазақстандағы Mercury Properties компаниясы арқылы Германиядағы Bühlerhöhe Castle Invest GmbH компаниясына иелік етеді. Бұл компанияға Германиядағы екі қонақүй тиесілі.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz