ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Соңғы 5 жылда Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған 33 мыңнан астам қыз жүкті болған


    «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы Мәселе телебағдарламасының биылғы 13 мамыр күні көрсетілген хабарында соңғы 5 жылда Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған 33 мыңнан астам қыз жүктілікке тап болған, ал оның 10 мыңға жуығы жасанды түсік жасатты» деген ақпарат берілді. Бағдарлама редакторы әрі жүргізушісі Нартай Аралбайұлы, сюжетті дайындаған – Нұрбек Бекбау.

    Үкім: Жартылай шындық

    Ақпараттың растығын анықтау үшін жолдаған сауалымызға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті келесідей жауап берді:

    ҚР ДСМ берген статистикалық дерек

    ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2012-2016 жылдар аралығында (соңғы есептік 5 жыл ішінде) 18 жасқа толмаған 31860 қыз жүкті болған. Ал «Мәселе» телебадарламасында бұл көрсеткіш 33 мыңнан астам делінген, яғни 1140 қыз артық.

    Ресми мәліметтер бойынша, соңғы 5 жыл ішінде 15 жасқа дейінгі қыздар арасындағы аборттар саны 219, 15 –18 жас аралығындағы бойжеткендер арасында жасанды түсік жасатқандар – 8726, жалпы соңғы 5 жылда кәмелет жасына толмаған қыздар жасатқан аборт саны – 8945. Демек, журналист бұл көрсеткішті 1065-ке ұлғайтып отыр.

    Әлбетте, бұл тек тіркелген, ресми деректер. Тіркелмеген жағдайлар бұл саннан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Алайда, қоғам арасында «дүрбелең» тудыратын мұндай тақырыптарды көтеру барысында журналистің тексерілген ресми ақпаратты пайдаланғаны жөн.

     

     

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.