ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Бүгінде денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бюджеттің 12-13 пайызын жұмсайды – Біртанов

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың МӘМС-ке қатысты айтқан деректерін тексеретініміз туралы жазған болатынбыз. Өздеріңізге ұсынып отырған материал – жоғарыда аталғандардың жалғасы.

Елжан Біртановтың «Хабар» арнасындағы теледебатта айтқан «Бүгінде денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бюджеттің 12-13 пайызын жұмсайды» деген сөзі шындыққа толығымен сәйкес келмейді. Әйтсе де, министр жалған сөйлемеген.

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Қаржы министрлігінің ресми порталындағы ақпаратта «2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының алғашқы нұсқасы бойынша, денсаулық саласына жалпы бюджеттен 12,3 пайыз қаражат қарастырылған болса, «2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасында жалпы шығынның үлесі артып, денсаулық сақтау саласына тек 9,59 пайыз ғана қаражат қарастырылған. 

Теледебат барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қолында республикалық бюджет шығындарына енгізілген өзгерістер туралы ақпараттың болмау мүмкіндігі де бар. Бюджет шығындары 8,2 трлн теңгеден 10,7 трлн теңгеге артып, денсаулық сақтау саласының шығындары  1,017 трлн теңгеден 1,030 трлн теңгеге ғана өскен.

 

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы