Жартылай шындық | Әлем бойынша өлім «супер саңырауқұлақшасы» таралып жатыр

10 сәуір күні Tengrinews жаңалықтар порталы Naked Science материалына сілтеме жасай отырып, келесі мәтінді жариялайды: «Бүкіл әлем бойынша ауруханалар мен қарттар үйлерінде дәрі-дәрмектерге төзімді жаңа инфекция (Candida Auris) тіркеліп жатыр. Ол 90 күн ішінде онымен байланыста болған адамдардың жартысын өлтіреді». Осыған қоса C.Auris инфекциясының 90 пайыздан астамы кем дегенде бір, ал 30 пайызы екі немесе одан да көп саңырауқұлақшаға қарсы препаратқа төзімді. Тексеріп көреміз.

Tengrinews мақаласынан скриншот

Ал Naked Science өз кезегінде The New York Times-те осы саңырауқұлақша тақырыбына арналған лонг-ридке сілтеме жасайды. Үрей туғызатын фактілердің (дәрі-дәрмектерге төзімді және аурудың шығу тегі) басым бөлігі расталады. Алайда, бір нәрсе расталмады. Орыс тілінде осы қауіпті аурудың ерекшеліктеріне қатысты АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (C.D. C.) ақпаратына негізделген толық материалды оқуға болады. Айта кетейік, NYTimes-ке шыққан мақала да осы орталықтың мәліметтеріне негізделген. Ағылшын тілінде – Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының материалы.

Мәлімдеме: Candida Auris жаңа инфекциясы бүкіл әлемде тіркеліп жатыр

Үкім: Жартылай шындық

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (C.D. C.) ақпаратына негізделе отырып, The New York Times басылымы саңырауқұлақшаның таралу «картасын» жасады. Орталықтың сайтынан түпнұсқаны келтіреміз:

Сипаттамада мынадай ақпарат берілген: C.auris ауруының бірлі-жарым жағдайлары Австрияда, Бельгияда, Иранда, Малайзияда, Нидерландта, Норвегияда, Швейцарияда, Тайванда және БАӘ-де тіркелген. Аурудың көптеген жағдайлары Австралия, Канада, Қытай, Колумбия, Франция, Германия, Үндістан, Израиль, Жапония, Кения, Кувейт, Оман, Пәкістан, Панама, Ресей (ресми растау таба алмадық – Авт.), Оңтүстік Корея, Испания, Ұлыбритания, АҚШ (негізінен — Нью-Йорк, Нью-Джерси және Чикаго) және Венесуэла сияқты мемлекеттерде тіркелген. Осы елдердің кейбірінде C. Auris-тің кең ауруханаішілік жұқтыру жағдайы кем дегенде бір ауруханада тіркелген. АҚШ-та C. auris бұрын Үндістан, Кения, Кувейт, Пәкістан, ОАР, БАӘ және Венесуэланың медициналық мекемелерінде емделіп жүрген емделушілерден табылған. Картада ешқандай белгілері жоқ елдерде ауру не анықталмады, не тіркелмеді деген болжам бар. (ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің іздеу сайттары бұл ауру туралы ешқандай ақпарат берген жоқ – Авт.). АҚШ-та 587 ауру жағдайы тіркелген, осыған қоса С.auris 1056 емделушісінде скрининг барысында анықталды.

Мәлімдеме: С. auris 90 күн ішінде онымен байланысқан адамдардың жартысын өлтіреді

Үкім: Жалған (қате аудармаға байланысты)

Түпнұсқада (NYTimes) былай делінген: «Nearly half of patients who contract C.auris die within 90 days, according to the C. D. C.». Бұл дегеніңіз, АҚШ ауруларын бақылау және алдын алу орталығының ақпаратына сәйкес C.Auris-ті жұқтырғандардың жартысы 90 күн ішінде қайтыс болады.

Орталықтың сайтында осы ауру туралы ғылыми және «бұқаралық» сипаттағы көптеген материалдар бар. Атап айтқанда, адамдардың қандай топтары қауіпке жақын келетіні туралы жалпы ақпарат бар (аударған – Авт.):

«Лимиттелген деректер бойынша, Candida auris-пен ауырып қалу қаупі Candida тектес басқа инфекциялармен ауырып қалу факторларынмен бірдей. Оларға кіреді: соңғы хирургиялық операциялар, диабет, кең спектрлі әрекеті бар антибиотиктерді қолдану және саңырауқұлақшаларға қарсы препараттар. Қауіпті топтағылар: бұрын қарттар үйінде болғандар және тыныс алу түтіктері, тамақтануға арналған түтіктер, орталық көктамыр катетерлері бар адамдар. Бұл санаттағы адамдар C.auris-ті жұқтыруға ең жақын келеді. Инфекция барлық жастағы емделушілерде, яғни шала туған балалардан бастап қарт адамдарға дейін анықталған. C. Auris-ті жұқтыру қаупі факторлары туралы көбірек білу үшін зерттеулерді әлі де жалғастыру қажет».

Аталған NYTimes басылымында бұл ауруға көп жағдайда иммундық жүйесі әлсіреген адамдар ұшырайтыны айтылған.

«Адам C. Auris-тен қайтыс бола ма? деген сұраққа C. D. C. сайтындағы жауап: Иә. Candida-ның кез келген түрінен туындаған инвазивті инфекциялар өлімге әкелуі мүмкін. Біз С.auris инвазивті инфекциясынан Candida-ның басқа инвазивті инфекцияларына қарағанда көп адам қайтыс болады деп айта алмаймыз. Саны шектеулі пациенттердің ауру тарихына негізделген ақпарат бойынша C.auris жұқтырған адамдардың 30-60% қайтыс болды. Бұл ретте, осы пациенттердің көпшілігі өлім қаупін арттырған басқа да ауыр аурулармен ауырған.

Мәлімдеме: C.Auris инфекциясының 90 пайыздан астамы кем дегенде бір, ал 30 пайызы екі немесе одан да көп саңырауқұлақшаға қарсы препаратқа төзімді

Үкім: Манипуляция

Түпнұсқадағы материалда «саңырауқұлақшаға қарсы препаратқа» қатысты «елеулі» деген сөз жоқ. Ал қалғаны сол қалпы. Medscape.com сайтындағы 2017 жылғы материалда былай делінген: инфекцияның 93% – флюконазолға, 54% — вориконазолға, 35% — В амфотерициніне, 7% — эхинокандиндарға және 6% — флюктоцинге, 40% — саңырауқұлақшаларға қарсы препараттарға, оның ішінде флуконазолға, вориконазолға, В амфотерицин және эхинокандиндерге төзімді. C.Auris-тің сезімталдық тестілеуі Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік Африка және Венесуэладан алынған 54 изоляторында жүргізілген.

Контекст: С. auris саңырауқұлақшасы несімен қауіпті

Әдетте Candida тектес инфекцияларды емдеу үшін қолданылатын көптеген саңырауқұлақшаға қарсы препараттарға төзімді. Тек жарақат тіндері мен теріге ғана емес, қан ағымына, орталық жүйке жүйесіне және ішкі органдарға да жұғуы мүмкін. Оны стандартты зертханалық әдістерді қолдана отырып, анықтау қиын, арнайы зертханалық зерттеулер қажет. Саңырауқұлақша медициналық мекемелерде аурушаңдық тудыруы мүмкін. Осы себепті C.auris-ті тез анықтау өте маңызды. Инфекция анықталған жағдайда медициналық мекеме басқа емделушілер арасында аурудың таралуын тоқтату үшін ерекше сақтық шараларын қабылдауы тиіс.

Егер сізге бұл мәселе бойынша егжей-тегжейлі мәлімет керек болса, – C. D. C Микотикалық аурулар департаментінің басшысы, доктор Том Чиллердің бейне үндеуін тамашалап көріңіз.

Айгерим Мекишева
Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)