Популистер барлаушыларға неге шүйлікті?

Шектен тыс кекшілдігіне қарамастан, АҚШ президенті Дональд Трамптың Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Джон Бреннанды құпия ақпаратқа қол жеткізу құқынан айыруын оны кемсітіп, өш алу әрекеті деп қана қарасақ, қателесеміз. Расымен, Бреннан Трампты және оның іс-әрекетін, соның ішінде оның Ресеймен байланысын “ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер” деп атағаны рас. Дегенмен, Трамптың шешімі – жеке кек алу емес. Екі жыл бойғы барлау қауымдастығына жасап келе жатқан шабуылдардың ең соңғысы, Бреннанды “шапалақпен ұруы” – бұдан да басқа әрекеттердің басы сияқты, себебі ол барлау агенттіктерін өз бақылауына алуға тырысып жатыр.

Бұл Батыс елдеріндегі демократияларға “жұғып”, басқа популистер де Трамптың үлгісін қайталап жатыр. Еуропада түрлі оңшыл партиялар билікке келіп, ұзақ жылдар бойы бұлардың экстремистік саясатын бақылап, шектеп отырған үкіметтің қарсыластарына шүйлігіп келеді.

Австрияда популист басшылар елдің барлау қызметін кемсітіп, көгендеп, “тазалап” жатыр. Ақпан айында популист Ішкі істер министрінің пәрменімен Австрия полициясы оңшыл экстремистердің өздерін бақылауға тиіс барлау агенттігіне тінту жүргізген. (Австрия канцлері Себастьан Курц үкіметіндегі коалициялық әріптес – “Еркіндік” партиясын бұрынғы SS офицері құрғанын да айта кету керек).

Сонда, рейд жүргізіп, барлау басшыларының қызметін төмендетуге не себеп болды деп ойлайсыз? Себеп – барлау агенттігі Солтүстік Кореяға зиянын тигізетін операция жүргізіп жатыпты.

Әрине, Трамп Роберт Мюллер бастаған екі тергеуді тоқтатып, АҚШ-тың барлық барлау мекемелерін уысына алатын ерекше трюк жасауды қалайды. Қатаң басшыларды жақсы көретін Трамп заңды процестерге менменсіне қарайтын диктаторларды қадір тұтады. 2016 жылғы президент сайлауы науқанын тергеп жатқан барлаушылар Трампқа жақындаған сайын ол барлау ұйымдарына көбірек шүйліге беретіні анық.

Осындай жеке мүдделер мен заңға деген жеккөрушілік қосылғандықтан, Бреннанды құпия ақпаратқа қол жеткізу құқынан айыру процесі ауыр болды. Құпия ақпаратқа қатысты ережелер анық. Егер президент әлдекім мемлекеттік құпияны жариялап не соған оқталып жүр деп шешсе, онда оның мемлекеттік құпияға қолжетімділігін шектей алады.

Қай жағынан қарасақ та, Бреннан мұндай ештеңе істеген жоқ. Шындығында, мұны Трамп та мойындап отыр.  Ақ үй Бреннанды құпияға қол жеткізу құқығынан айырудың себебін ұзақ-сонар қойыртпақ сөйлеммен түсіндірді, одан белгілі болғаны – шешім қабылдауға Бреннанның “құбылмалы” мінез-құлқы себеп. Егер бұл осыншалық салмақты шешім болмағанда, тағылған айыпқа күліп алуға да болар еді.

Трамп заңға көз жұма қарады, соның ішінде өзі мойынсұнамын деп шын жүректен ант берген АҚШ барлау қызметі туралы заңдарды бұзды. Орталық барлау басқармасының бұрынғы 11 директоры мен директордың орынбасарлары және басқарманың 70-ке жуық бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері (солардың арасында мен де бармын) өткен аптада бұл туралы өте көп айттық. Бұрын-соңды болмаған бұл шешімді “саяси мәжбүрлеу әрекеті” деп сынап, Трампты “президент билігін басқа мақсатқа пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді, бұрынғы және қазіргі ресми тұлғалардың еркін сөз құқығына қауіп төндірді” деп айыптадық. Осы сөзімізді одан әрі дәлелдей түскендей, Ақ үйдің ресми өкілдері Трамп тағы да біраз адамды құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығынан айыруды көздеп отыр дейді. Бұл тізімде ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесші, бас прокурордың орынбасары, ұлттық барлаудың, Орталық барлау басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің директорлары бар.

Бұл – кездейсоқ жасалған тізім емес. Нысанаға іліккендер – барлау қауымдастығының “Ресей 2016 жылғы сайлауға араласты, Трамптың сайлау штабының адамдары олармен ауыз жаласты” деп қорытынды жасауына негіз болатын барлау ақпаратын жинап, сараптауды басқарған адамдар. Барлау және құқық қорғау қоғамына шүйлігу жақтастарына ұнап жатқанын көрген Трамп бұл демагогияны тіпті үдете түсуі мүмкін. Бірақ оның президенттік билігін іріткі салатын саяси құрал ретінде пайдалануға деген құлшынысы көп жайтты өзгертіп жатыр, ал мұны бірде-бір америкалық қаламайды.

Австриядағы рейд тигізген зарарға қарап мұның себебін түсінеміз. Австрия соты рейдтің заңдылығына кейін баға бере жатар, дегенмен оның әсері қазір-ақ белгілі болды. Австрия барлаушыларынан файлдарын алып қойған соң жалпы барлау қызметі жұмыс істей алмай қалды, соның кесірінен одақтас барлау қызметтері Австрияның сенімділігіне күмәндана бастады. Ел ішіндегі операциялар тоқтады, демек олар Еуропадағы әріптестермен барлау мәліметтерін де бөлісуден қалды деген сөз.

Вашингтон – Вена емес, бірақ бұлардың арасында параллель жүгізіп көруге болады. Трамптың барлаушылар қауымына, олардың бұрынғы басшыларына шүйлігуі – бұрын-соңды болмаған оқиға, және мұның барлау қызметінің қазіргі басшылығына ғана емес, барлау мәліметін жинап, сараптаумен айналысып, қиын да қауіпті жұмыс істеп жүрген қатардағы барлаушыларға ықпалы болмайды десек, аңғалдық болар еді. Міне, сондықтан, барлау мекемелеріне өкілдік беретін (және оларды тежейтін), олардың басшыларын саяси жағынан тәуелсіз де дербес ететін заңдарға бағыну – өте маңызды.

Австриядағы оқиға – ескерту болуы керек. Демократия қанат жаюы үшін үкімет транспарентті және қоғам алдында есепті болуы керек. Өз дереккөздері мен ақпарат жинау әдістерін қорғауға міндеттеме алған барлау мекемелері туралы айтсақ, сын-қатерді анық байқаймыз. Бірақ саясаткерлер барлау қызметінің дербестігін қамтамасыз ететін заңдарды құрметтемей, оларды бұза бастаса, мұның демократиялық процестің өзіне қауіп төндіретінін түсінуіміз керек.

Сөз соңында айтарымыз, Трамптың көзсіз де кекшіл әрекетінің құрбаны – жалғыз Бреннан емес. Мемлекет басшылары өз мүдделерін елдікінен жоғары қойып, өздері қорғауға ант берген саяси жүйені бүлдіре бастаса, бұдан барлық америкалықтар жапа шегері анық.

Популистер барлаушыларға неге шүйлікті?Кент Харрингтон – Орталық барлау басқармасының бұрынғы сарапшысы, Шығыс Азия бойынша Ұлттық барлау офицері, Азия бөлімшесінің басшысы, және Орталық барлау басқармасының қоғаммен байланыс қызметінің бұрынғы директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org


Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz