Мәдениет министрлігі нені жасырады?

    Осы материалмен жаңа мақалалар топтамасының шымылдығын ашпақшымыз. Сіз мемлекеттік органдардың жұмысының сапасы мен мемлекеттік бағдарламалардың қалайша жүзеге асып жатқанына бағаңызды бере аласыз. Онымен қоймай, өзіңізді премьер-министр сезініп көруіңізге мүмкіндігіңіз бар.

    Алғашқы материалда «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған  стратегиялық жоспары» құжатының негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысына талдау жасалады. Біз екі тараптың берген деректері арасындағы айырмашылықты көрсету үшін Мәдениет және спорт министрлігінің 2017 жылғы есептерін Есеп комитетінің деректерімен салыстырып көрдік.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 Қаулысына сәйкес:

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі — мәдениет, ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық келісім, тілдерді дамыту, мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мұрағат ісі және құжаттама, діни қызмет, дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі салаларында басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

    Қазақстан Республикасының Президентінің 2002 жылғы 5 тамыз N 917 Жарлығына сәйкес:

    Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Eсеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады.

    Ойын ойнап көрейік:

    Ойын ережесі: Премьер-министрмін деп елестетіңіз. Сіз стратегиялық жоспардың орындалуы туралы есеп тыңдап отырсыз. Сіз қай есептің қандай мемлекеттік органға тиесілі екенін анықтауыңыз керек.

    Толығырақ

    1. Стратегиялық жоспарын іске асыру туралы есеп

    МСМ деректері

    2017 жылы 25 нысаналы индикаторға қол жеткізу қарастырылған, оның ішінде 3-і ДЭФ ЖБИ индикаторы. 21 индикаторға толық қол жеткізілді, 1 индикаторға қол жеткізілмеді. 3 нысаналы индикатор бойынша ақпаратты ҚР ҰЭМ Статистика комитеті 2018 жылдың 2 тоқсанында ұсынады. Министрліктің бюджеті 2017 жылға 111 117,4 млн. теңгені құрады. Төлемдер бойынша орындалуы 110 670,7 млн. теңге (99,6%), міндеттемелер бойынша 111001,9 млн.теңге (99,6%) құрады.

    Есеп комитетінің деректері

    Стратегиялық мақсаттар мен индикаторларды қаражат көлемі 111 117,4 млн. теңге болатын 19 бюджеттік бағдарлама шеңберінде іске асыру көзделген. Есепті кезеңде түпкілікті нәтижелердің 34 көрсеткішін және тікелей нәтижелердің 106 көрсеткішін орындау жоспарланған.

    Бөлінген бюджет қаражатының (110 670, 7 млн. теңге) 99,6%-ға игерілгеніне қарамастан, 5 мақсаттың 2-уіне (40%), 22 нысаналы индикатордың 1-не (4,5%), 34 түпкілікті нәтиже көрсеткішінің 1-не (2,9%) және 106 тікелей нәтиже көрсеткішінің 5-не (4,7%) қол жеткізілмеген.

    2. Спорт

    МСМ деректері

    1. Ведомстволық статистикалық есептіліккке сәйкес елімізде
      11,3 мың спорт құрылысы жұмыс істеді, 2016 жылмен салыстырғанда 1,8 % (11,1 мың спорт құрылысы) өсті.
    2. Ресми статистикаға сәйкес 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада дене шынықтырумен және спортпен айналысушылар саны 5,2 млн., елдегі халықтың 28,7 % құрады.
    3. Спорт түрлері бойынша ресми спорттық іс-шараларға, оның ішінде Әлем, Азия чемпионаттарына, Әлем кубоктеріне және халықаралық турнирлерге қатысу нәтижесінде әртурлі санатты 760, оның ішінде 206 – алтын, 242 – күміс, 312 – қола медаль ұтып алынды.

    Есеп комитетінің деректері

    1. Жергілікті деңгейде спорттық ұйымдардың өз ғимараттарымен қамтамасыз етілуін талдау 2017 жылы 553 ұйымның ішінен 336 ұйымның немесе 66,2%-ның өз ғимараты бар екенін көрсетті. Республикалық деңгейде бұл көрсеткіш төмен, яғни 47,4%-ды құрайды. Өз кезегінде өтіп кеткен спорттық жарыстарға орай салынған объектілер толық жобалық қуаты бойынша өз мақсатына сай пайдаланылмайды.
    2. Бір мезгілде спортшылар санын 295 мың адамнан 266,7 мың адамға дейін қысқарту тренді қалыптасқанымен, спорт ұйымдарын қаржыландыру көлемдері өсіп отыр (2015 жылғы 130,5 млрд. теңгеден 2017 жылы 159,6 млрд. теңгеге дейін).
    3. Жекелеген спорт түрлері бойынша (баскетбол, бадминтон, автомотоспорт, үстел теннисі, байдарка мен каноэде есу және басқалары) ұлттық құрамалардың медальдар жеңіп алмағанын атап өткен жөн. Бұл жарыстарға қатысуға жұмсалған шығын 132,1 млн. теңгені құрады.

    3. Кино

    МСМ деректері

    1. Статистикалық мәліметтерге сәйкес киноөндіру жұмысымен телевизиялық және жеке жобаларды қоса алғанда 256 кинотуынды шығарған 35 ұйым айналысады. 94 кинотеатр, 263 кинозал, 384 жылжымалы және тұрақты киноқондырғылар прокатты қамтамасыз етеді. Жыл сайын елімізде 400-ге жуық фильм көрсетіледі, оның 20-дан астамы қазақстандық фильмдер. Прокаттағы отандық кино үлесі – 6%. Киносеансқа келушілердің орташа саны орта есеппен 12,7 мың адам.
    2. 2017 жылы 36 кинокартина таныстырылды, оның 12-і көркем фильм,
      17-і деректі, 5-і дебюттық, екеуі анимациялық фильм. Оның арасында келесі ауқымды жобалар бар: «Әмре», «Шыңырау», «Балуан Шолақ», «Киномеханик», «Күлтегін», «Мұзбалақ» анимациялық фильмдер, «Алтын Емел», «Казахский ренесанс» деректі фильмдері және т.б..

    Есеп комитетінің деректері

    1. Министрлік ұлттық кино өнерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбей отыр. Түсірілген фильмдер санының өскеніне қарамастан, кино көрсетілімдерін жүзеге асыратын ұйымдарда өткізілген киносеанстардың жалпы санындағы ұлттық фильмдердің үлесі соңғы үш жылда 8%-дан аспаған, ұлттық фильмдер көрсетілетін киносеанстарға барудың үлес салмағы 10%-ға тең.
    2. Шығыстар бөлігінде фильмдер шығаруға жұмсалатын шығындардың және көрсетілетін қызметтердің лимиттерін реттейтін нормативтер жоқ. Бюджеттік өтінімде «Қазақфильм» АҚ ұсынған фильмдер шығаруға жұмсалатын шығындар лимиттері негізге алынады, мұнда олардың құны еркін нысанда болжамды түрде айқындалған. 2017 жылы осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 8 090,8 млн. теңге бөлінген.

    4. Кітапхана және баспа ісі

    МСМ деректері

    1. Жыл сайын елімізде кітапхана қоры 2,5 млн. астам бірлікке толықтырылады және 118 млн. баспа шығарылымдары мен кино-фото-фоноқұжаттарды құрайды. Қазақ ұлттық электронды кітапханасында (ҚазҰЭК) 30 мыңнан астам электронды құжаттардың көшірмесі бар, 2017 жылы тіркелген оқырмандар саны әлемнің 116 мемлекетінен 68 мың адамды құрады.
    2. Еліміз бойынша барлығы 1,5 мыңға жуық баспалар және басып шығаратын ұйымдар жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітап палатасы баспа өнімінің жалпы қоры 5 млн. астам экземплярды, оның ішінде 200 мыңнан астам кітапты құрайды.
    3. Қоғамдық маңызды бар әдебиетті басып шығарудың Тақырыптық жоспар шеңберінде 2017 жылы 191 аталым кітап 956 мың таралыммен шығып, еліміздің кітапханаларына таратылды.

    Есеп комитетінің деректері

    1. Елдің кітапхана қорын толтыруға жыл сайын айтарлықтай қаражат бөлінетініне қарамастан, соңғы бес жылда кітап қорының 3 млн. бірлікке немесе 2,7%-ға азаюы байқалады.
    2. Кітаптар дайындауға жұмсалатын шығындар болжамды түрде қалыптастырылады, кітаптың атауы мен авторларын көрсететін тақырыптық жоспар бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін ғана бекітіледі. Дәл осылай 2017 жылға сомасы 1 605,2 млн. теңгеге шығыстар жоспарланған.
    3. 033 108 «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және әйгілеу және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасында Қазақстанның кітапхана қорын толтыра отырып, әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін басып шығару және тарату көзделгенімен, мемлекеттік органдардың ведомстволық кітаптарын, соның ішінде олардың мерейтой күндеріне арналған кітаптар басып шығару фактілері орын алған.

    5. Музей ісі және тарихи-мәдени мұра

    МСМ деректері

    1. Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Шоқай Датқа кесенелерінде, Бекет ата, Сисем ата қорымы нысандарында, Күлтөбе, Сауран, Тараз, Сарайшық қалашықтарында, Ақыртас сәулет-археологиялық кешенінде, Абай Құнанбаев мемориалдық кешенінде және т.б. нысандарда ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды (барлығы 25). Олардың көпшілігі Қазақстанның киелі жерлеріне жатады.

    Есеп комитетінің деректері

    1. 033 100 «Қазақстанда реставрациялық жұмыстар жүргізілген тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны» бюджеттік бағдарламасының тікелей нәтиже көрсеткіші 25 ескерткіш 2017 жылы толық көлемде орындалмаған. Мәселен, «Қарахан кесенесі, XI ғасыр», «Айша бибі кесенесі, XI-XII ғасырлар» және «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі объектілері бойынша жұмыстарды Министрліктің қабылдап, ақысын төлегеніне қарамастан, іс жүзінде жұмыстар толық көлемде жүргізілмеген. 2 объект бойынша бюджет қаражаты қызметтерді орындаушының есеп айырысу шотына салынған.
    2. Министрлік жүргізген 2016 жылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу нәтижелері бойынша 2017 жылы жөндеу-реставрациялық және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жататын объектілер тізбесіне жай-күйі авариялық сипатта деп танылған тарих және мәдениет ескерткіштері (мысалға, «Күтебар мұнарасы, XIX ғасыр, Қызылорда облысы», «Қожа Талық кесенесі, XII-XVIII ғасыр, ОҚО», «Баба Ата кешені, XIX ғасырдың соңы, ОҚО») кірмеген де, жай-күйі қанағаттанарлық деп танылған «Ноғай Ищан мешіті, XIX ғасыр, ОҚО» қосылған.

    6. Аудит қорытындысы

    МСМ деректері

    Есепті кезеңде Ішкі аудит қызметімен 2017 жылы Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнамасына сәйкестігіне 26 тексерік жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша 52 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға, әкімшілік жауапкершілікке 5 лауазымды тұлға жазаға тартылды.

    Есеп комитетінің деректері

    Жүргізілген аудиттің қорытындылары бойынша сомасы 27,1 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, рәсімдік сипаттағы 128 бұзушылық, 7 жүйелі проблема, сомасы 10,2 млрд.теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды.

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.