Жалған | Қазақстан БҰҰ-ға ең көп қаржы төлейтін он ел қатарында

2019 жылы қаңтардың 2-сінде бірнеше БАҚ “биыл Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының жалпы бюджетінің 0,187 пайызын төлеп, халықаралық ұйымның ең ірі он донорының қатарына кірді” деп жазылған ақпарат таратты.

Үкім: Жалған

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2018 жылы желтоқсанның 24-інде қабылдаған қарарында 2019 жылы ұйымға мүше елдердің қанша жарна төлегені жазылған. Құжатқа сәйкес, қаржылай кірістің 0,178 пайызын ғана төлейтін Қазақстан донор-мемлекеттердің елулігіне де енбейді.

Қазақстандық басылымдар бұл ақпаратты орыстілді “БҰҰ жаңалықтары” порталынан алған. Онда Бас Ассамблеяның алдағы үш жылда енгізуді жоспарлап отырған шектік жарна көлемі жайлы айтылған. Материал авторы “жаңа шек енгізілерде мемлекеттің төлем қабілеті ескеріледі” деп жазған — “мемлекеттің экономикасы өссе, оның БҰҰ-ға төлейтін жарнасы да артады”.

Мұнан соң автор түрлі елдерге қойылуы мүмкін жарна көлемін шамамен санап шығып, мысал келтіреді. Алайда онда рейтинг туралы ешбір сөз жоқ:

Шын мәнінде 2019 жылы БҰҰ-дағы донор-мемлекеттердің ондығы төмендегідей:

Мемлекет Бюджеттегі үлесі Жалпы сома ($)
АҚШ 22,0% 674,2 млн
Қытай 12,0% 367,9 млн
Жапония 8,6% 262,5 млн
Германия 6,1% 186,6 млн
Ұлыбритания 4,6% 140,0 млн
Франция 4,4% 135,7 млн
Италия 3,3% 101,3 млн
Бразилия 2,9% 90,3 млн
Канада 2,7% 83,8 млн
Ресей 2,4% 73,7 млн

 

Қазақстан бұл рейтингіде Египет пен Словакия арасында тұр — 51-орында. Оның жалпы бюджетке қосатын үлесі — 5,5 миллион доллар (шамамен 2,08 миллиард теңге). Бұл сома ондықты аяқтайтын Ресейдің қосатын қаржысынан 13 есе аз.

БҰҰ бюджеті оған мүше 193 елдің және ұйымға кірмейтін екі елдің жарнасынан жиналады. 2019 жылға бекітілген бюджет көлемі — 3,1 миллиард доллар.