Жалған | Әрбір оныншы еркек – сексуалды маньяк

13 қарашада NewTimes.kz ақпарат агенттігі Ғалымдар әрбір оныншы еркектің сексуалды маньяк екенін анықтады деген атпен мақала жариялады. Сайт бұл материалды Life.ru интернет-порталынан көшіріп басқан.

Тақырыпта жазылған тұжырымнан бөлек, мәтінде “Ықтимал сексуалды маньяктар интернеттегі порнографиялық контент пен қоғамда секс тақырыбына табу болмағандықтан көбейіп жатыр” деп жазылған.

Материалды алғаш боп британдық Mirror таблоиды қарашаның 9-ында жариялаған. Алайда жазбада “сексуалды маньяк” тіркесі бірде-бір рет кездеспейді.

Үкім: Жалған

Біріншіден, “сексуалды маньяк” деп сот бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деп таныған адамға қатысты ғана қолданылады.

Екіншіден, материал авторлары сілтеме жасайтын ғылыми зерттеуде қорытынды қатардағы америкалықтардың жауаптарына негізделе жасалған. Оларға сауалxат беріп, өз бойында бақылауға қиын сексуалдық мінез-құлық бар-жоғын жазуды сұраған. Сауалнама нәтижесінде, сұраққа жауап берген 1151 респондент ішіндегі әрбір оныншы адам өзінен “осындай қасиетті байқаған”.

Үшінші, зерттеушілер сауалнама қорытындысын “интернеттегі порноконтенттің тарауы мен секс тақырыбының қоғамда ашық талқылануынан” көрмейді. Бұл — Life.ru-дағы материал авторының манипуляциясы.

Зерттеуді мұқият талдайықшы.

Зерттеу нәтижесі

Жұмыс мақсатында “сексуалдық мінез-құлық сипаты мен қиындықтардың қаншалықты тарағанына баға беру” деп жазылған. Бұл үшін түрлі өлшем бойынша 2325 ересек адамнан тұратын топ іріктеліп алынған.

Миннесота университетінде жасалған зерттеуді басқа елдерге таратудың қажеті жоқ. Авторлардың өздері де “біз айқындаған мәселені жергілікті әлеуметтік-мәдени контекстен бөлек қарастыруға болмайды” деп жазады.

Зерттеушілер “гиперсексуалдық феноменінің әзірге нақты анықтамасы жоқ” деп жазады. Олардың пайымдауынша, бұл — я псиxикалық ауытқу, я әлеуметтік-мәдени себептен туған мәселе.

Бұған қоса, респонденттердің сексуалдық ауытқуының басқа да себептері болуы мүмкін екені сауалнамада ескерілмеген — зерттеушілер бақылауды жоғалтып алуға ғана акцент қойған. Сексуалдық ауытқу жынысқа, ориентацияға қатысты әлеуметтік-мәдени нормадағы конфликтілерге байланысты болуы мүмкін. Псиxотроптық заттарды тұтыну мен биполярлыққа ұшырау да ауытқуға соқтыруы ықтимал.

Өзіне-өзі диагноз қою

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың ешбірі арнаулы мамандардың — псиxотерапевттердің тексерінен өтпегенін ескеру керек. Қатысушылар 13 құпия сұраққа жауап беріп, өздерінде сексуалдық ауытқу бар-жоғын анықтауға міндеттелген. Мұндай анкета сексуалдық мінез-құлықтың компульсивті ауытқуы Халықаралық аурулар классификациясына (ХАК-11) кірген соң таратылған. Құжат 2022 жылы күшіне енуі керек.

Сайып келгенде, зерттеу авторлары АҚШ-тағы “ықтимал сексуалды маньяктар санының өсуіне ықпал еткен факторлар” мен оны шешу жолдарын іздеуді мақсат тұтпаған. Олар бұл құбылыстың тарау жиілігін шамамен анықтауға тырысып, денсаулық сақтау мен қоғамдық процестер мамандарынан “аxуалды әлеуметтік-мәдени контексте қарастырып, ер мен әйелдерге сай келетін емдеу жолын жасап шығуды сұраған”.

Ер мен әйелдер “айырмасы”

Сексуалдық мінез-құлықтағы ауытқуларды бақылай алмау құбылысының қаншалықты тарағанын бағалау кезінде зерттеушілер жынысты ғана ерекшелеуші сипат ретінде пайдаланбаған. Олар білім деңгейі, жылдық табыс деңгейі, этникалық, нәсілдік ерекшелік пен жыныстық ориентацияны да ескерген.

Нәтижесінде ауытқу көбіне білімі ортадан төмен; жылдық табысы 25 мың доллар, 75-100 мың доллар арасында; 150 мыңнан жоғары; афроамерткалықтар мен латынамерикалықтарда; бисексуал және гомосексуал азаматтар арасында жиі болатыны анықталған. “Мұндай нәтиже зерттеу қорытындысы әлеуметтік-мәдени контекске қарай өзгеретінін көрсетті” дейді.

Сауалнама басталмас бұрын “әйелдер sexual gatekeepers, яғни сексуалдық мінез-құлқын бақылауда ұстай алғандықтан, оларда мұндай мәселеге мейлінше аз болады” деп болжам жасалған.

Алайда зерттеуден соң сексуалдық мінез-құлқын бақылау оңайға соқпайтын ерлер (10,3 пайыз) мен әйелдер (7 пайыз)  айырмашылығы үлкен болмай шықты.

Зерттеу авторлары “басында мұндай мәселе барын жазған әйелдер санының көп болуына сауалнама кезінде жыныс айырмашылықтарына аса мән берілмеуі себеп болуы мүмкін” деген гипотеза айтады.

Бұған “әйелдердің өз сексуалдығын таныту, көрсету мәдениетіне  ойысқаны, интернет пен әлеуметтік желіде, арнаулы қосымшаларда сексуалдық сипаттағы суреттер мен видеолардың қолжетімділігі себеп болуы мүмкін” деп жазылған.

Алайда зерттеушілер, Life.ru мен бірнеше БАҚ жазғандай, порноконтенттің көбеюі мен секстің енді табу тақырып саналмауын “ықтимал маньяктар көбеюіне әсер етіп отыр” деп мүлде айтпайды.