Медиада әйелді кемсіту қашан тоқтайды?

    АҚШ тарихындағы жоғары лауазымға сайланған әйел саясаткер. Тереза Мэй – Британиядағы тек екінші әйел премьер. Амаль Клуни – әлемге әйгілі адам құқықтарын қорғаушы заңгер. Серена Уильямс – бұрынғы-соңғыдағы ең мықты әйел спортшы.

    Бұл төртеуі де әйелдің биікке шығуы қалыпты жағдай емес, ерекше жаңалық саналатын қоғамда жетістікке жеткен. Дегенмен, медианың бір бөлігі олардың түр-келбетін, жасын және басқа адамдармен, соның ішінде ерлермен қарым-қатынасын олардың жетістіктері мен мүмкіндікерінен де жоғары қойып суреттеуге бейім.

    АҚШ-тың Өкілдер палатасының спикері Пелосиді алып қарайық. Өз қызметіне екінші мерзімге сайланғанда New York Times “Ашық қызғылт көйлек киген Нэнси Пелоси ағаш балғаны алу үшін Өкілдер палатасының ортасындағы мәрмәр тұғырға шықты” деп туит жазып, қасына оның суретін берді. Кейіннен Times “дұрыс фреймделмеген” деп сынаған соң, туит өшірілді. Дегенмен бұл медиа индустрияның көкейіндегі ашық я тұспалды сексизмнің бар екенін көрсетті.

    Тереза Мэй – cоңғы он жылдың бедеріндегі Еуропаның ең ықпалды саясаткерлерінің бірі. Соған қарамастан, британ баспасөзі оның саясаттағы шешімдерінен гөрі сәнқойлығына  ерекше ықылас танытып, оның киім таңдауына, әсіресе туфлиге құмарлығына арнап көп мақала жазды. Мұның бейсаналық эффектісі – ерлер үстемдік еткен қоғамда Мэйдің рөлі төмендеді.

    Басқалармен байланыстыра бағалаудың қандай екенін Амаль Клуни жақсы біледі. 2015 жылғы тамызда Associated Press “Актердің әйелі әрі “әл-Жазира” өкілі Амаль Клуни Египатте экстремизммен байланысы бар деп айыпталды” деген туит жариялады. Бұл туит жаппай сынға ұшырап, кейін АР оны құқық қорғаушы заңгер деп атай бастады. Бірақ бұл эпизод медианың “еліктіргіш” жаңалыққа әуестігін және ескірген гендерлік стереотиптерді негіздейтін сурет пен мәтінді жарияламас бұрын бір ойланып алуы керектігін аңғартты.

    Серена Уильямс жеке ойындағы “Үлкен шлемді” 23 мәрте жеңіп алған, ал кей ақпарат құралдары оның ерлер үстемдік еткен теннис әлеміндегі ескірген түсініктен, сексизм мен нәсілшілдіктен қалай зәрезап болғанын жазумен келеді. Өткен қыркүйекте Уильямс  US Open финалында жеңіліп, теннис ұйымдастырушыларды өзін ерлерден де қатаң бағалады деп сынағанда БАҚ тағы да шулаған. Мұның алдында судья оны ойын үстінде бапкерін тыңдағаны, ракеткасын сындырғаны және өзін “ұры” деп атағаны үшін жазалаған.

    Одан кейінгі жарияланымдар Уильямсты қаранәсілді долы әйел деңгейіне дейін төмендетті, ал Австралияның Мельбурн қаласында шығатын Herald Sun газеті жариялаған карикатура көпшіліктің қатаң сынына ұшырады, жұрт бұл карикатураны нәсілшіл, намысқа тиетін сурет деп атады. Газет бұл карикатураны сатираның бір түрі деп қорғап, сынаушыларды саяси ұстамдылыққа шақырды.

    Әйелдер арасында теннис турнирін өткізуге мұрындық болған Билли Джен Кинг әйелдерді бетпақ деп кінәлайтын, ал дәл сол әрекетті еркек жасаса  ол “батыр” саналатын “екіжүзді стандарт” туралы ашық айтқаны үшін Уильямсқа туиттер арқылы алғыс айтты. Осы сөздерді әрі қарай қолдану арқылы медиа “әйелдер мен қыздар лидерлік позицияларға ұмтылмауы керек, сондықтан ерлер үстемдік еткен әлемде өз әлеуетін толық пайдалану үшін көп барьерлерден өтуі керек” деген месседжді шегелей айтып жатыр.

    Көңілді құлазытқанымен, саладағы гендерлік теңдікті ескерсек, медианың әйелдерді бұлай сипаттауы тосын нәрсе емес. Жаңалықтардағы гендер бойынша бес жыл сайын есеп жариялап отыратын Ғаламдық медиа мониторинг жобасының жазуынша, соңғы жиырма жылда медиадағы әйел репрезентациясы көп өзгермеген. Әйелдер әлі де БАҚ-та басқарушы қызметтерге сирек тағайындалады, әйел журналистер ер әріптестерімен салыстырғанда салмақты тақырыптарды аз жазады. Оның үстіне, жаңалықтардың кейіпкерлері де көбіне ер адамдар, әрі барлық салада дерлік әйел сарапшыға қарағанда ер сарапшының саны анағұрлым көп.

    Бірақ мәселе соншалық нашар емес. Соңғы бірнеше жылда әйгілі ақпарат құралдарының бірнешеуі олқылықтарын мойындап, жүйелі теңсіздік мәселесін шешуге тырысты. Bloomberg, The Wall Street Journal және басқа ақпарат құралдары басшылық қызметтегі әйелдерді көбейтуге, әйелдердің еңбек жағдайын жақсартуға және олар туралы жаңалықтарды көбірек жазуға міндеттеме алды.

    Ал Әйелдердің медиаорталығы журналистерге арнап SheSource деп аталатын әйел сарапшылардың онлайн дерек базасын жасады. Польшалық NewsMavens ерлер үстемдігі перспективасына баланс болу үшін апта сайын әйелдер таңдаған жаңалықтарды топтастырып отырады. Ал France 24 телеарнасы түгелдей дерлік әйелдерді көрсететін әрі олардың әлемді қалай өзгертіп жатқанын суреттейтін The 51%  хабарын апта сайын шығарып отырады.

    Дегенмен, бір басылым гендерлік нарративті өзгертуге тырысып жатса, енді бірі тым сексист деңгейінде қалып отыр. БАҚ әйелдерді теңдей жазып, керітартпа стереотиптерден түбегейлі арылу үшін әлі де ұзақ уақыт керек.

    Медиа қоғамды сол күйінде ғана емес, қандай болуы керектігі негізінде де көрсетуге жауапты. Яғни, әсіресе ерлер үстемдік еткен салаларда әйелдер туралы көп жазып, оларды дәл ерлерді сипаттағандай қалыпта сипаттауы тиіс. Олай болмаса, бұл жетістікке жеткен әйелдер үлгі тұтатын тұлға болып қабылданбайды. Себебі біз көрмеген адамға еліктей алмаймыз ғой.

    Ханна Сторм – Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік институтының қызметінен кететін директоры, жақында ол Этикаға сай журналистика желісінің атқарушы директоры қызметіне кіріспек.

    Copyright: Project Syndicate, 2019.
    www.project-syndicate.org


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.