ІІМ: 9-13 маусым аралығында Қазақстанда 4 мың адам тұтқындалды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 9-13 маусым аралығында Қазақстанда өткен митингтер кезінде тұтқындалғандар санын хабарлады. Бұл жайлы Bnews.kz жазды.

Министр «құқық қорғау органдары, оның ішінде полиция, осы қақтығыстарды оқшаулау және заңды сақтау жөнінде шаралар қабылдады. Полиция және ұлттық ұланның күші жұмылдырылды. Сонымен қатар, полицияға арнайы қару қолданбауға бұйрық берілді. Қазақстан полициясы газды қару, дубинка және басқа қару түрлерін қолданбады. Қақтығыстарды басу үшін тек қана физикалық күш қолданды. Бұл күндері 4 мыңға жуық адам тұтқындалды, оның 3 мыңы сағат үшке дейін босатылды» деп мәлімдеді. Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынды, ал 305 адамға айыппұл салынды. 

Сондай-ақ, Тұрғымбаев журналистерді қамау және полиция БАҚ қызметкерін ұрып-соғу оқиғасына пікір білдірді.

«Журналистерді ұстау және полицияның іс-әрекетіне келер болсақ. 9-10 маусым аралығында журналистерді тұтқындау басталды. Журналистердің бәріне оның кім екенін көрсететін арнайы жилет, аты жазылған бейдж тағу міндеттелген еді» деді ведомства басшысы. 

Жапа шеккен журналистің арызы қабылданды. Бұл оқиға бойынша тергеу ісі жүргізілуде. Барлық қажет экспертиза тағайындалды. Министрдің хабарлауынша 300 полицей дене жарақатын алған. Оның алтауы ауруханада жатыр.

Маусымның 9-13 күндері президент сайлауынан соң астанада және Алматы қаласында наразылық акциялары өтті. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Қазақстанды бейбіт жиналыстар бостандығын, пікір білдіру және мемлекетті басқаруға қатысу құқығын құрметтеуге шақырды.

Factcheck.kz