Фактчек | Депутат Унжакова COVID-19 вакцинасы туралы

31 наурызда Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысында Nur Otan партиясы депутаты Ирина Унжакова халықты коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын сынға алды.

Ол Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да елдерде халықтың жартысынан 90%-не дейін вакцина егілгенін мәлімдеді. Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі мәліметі бойынша, осы мәлімдеме жасалған күнге дейін 101 мыңнан сәл астам адам вакцинацияланған, бұл халықтың 0,7%-не тең.

Сонымен қатар, ол «әзірше уақытша тіркеуге тұру туралы ақпарат қана бар қазақстандық вакцинаға қатысты барлық мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр» деді. Сондай-ақ вакциналар шығаратын зауыттар жұмысы туралы нақты, анық ақпарат жоқ.

Халықты вакцинациялау COVID-19 таралуына қарсы тұрудың негізгі әдісі болғандықтан, Factcheck.kz редакциясы Унжакова ханымның мәлімдемелерін тексерді.

Мәлімдеме: «Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да елдерде халықтың жартысынан 90%-не дейін вакцина егілді»

Ирина Унжакова

Үкім: Жалған

Халықты вакцинациялаудың әлемдік статистикасы бойынша, халқының 50%-тен астамы вакцина алған әлемнің бір ғана елі бар. Депутат тізіміне енгізген қалған басқа ел бұл көрсеткішке әлі жеткен жоқ,  халқының 90%-і вакцинацияланған әлі бірде-бір ел жоқ.

Our World in Data ірі ғылыми деректер қорының кейінгі мәліметіне сәйкес, Израиль вакцинацияланған азаматтар саны бойынша әлем елдері арасында көшбасшы болып отыр. Онда халықтың 60%-тен астамы вакцинацияланған. Екінші орында Ұлыбританияның біріккен корольдігі тұр, онда азаматтардың 46%-і вакцинацияланған, ал үшінші орында 36%-пен Чили Республикасы тұр (төмендегі интерактив кестедегі мәліметтер уақыт өзгеруіне байланысты өзгереді).

Сонымен қатар, біз мұнда вакцинаның, кем дегенде, бір дозасын алған азаматтар туралы айтып отырмыз. Толық вакцинация саны бойынша елдер статистикасын қарасаңыз, онда картина сәл өзгереді.

Мысалы, жарияланған уақытта Израиль бірінші орында тұр, мұнда азаматтардың 55%-тен астамы вакцинаның екі компонентін де алды, екінші орында Чили Республикасы — халықтың 20%-і толық вакцина алған, ал үшінші орында халқының 17%-тен астамы толық вакцина алуымен Америка Құрама Штаттары тұр.

Әлемдегі COVID-19-ға қарсы вакцинация кампаниясын қадағалайтын ірі халықаралық басылымдар (мысалы, The New York Times немесе Bloomberg) осыған ұқсас статистика келтіреді.

Депутат тізіміне енгізген қалған елдер туралы айтайық: Словакияда мәлімдеме кезінде халықтың, шамамен 13%-і вакцинацияланған, Словенияда да сондай, Сербияда — 21%, ал Сингапурда азаматтардың 17%-тен астамына екпе егілген.

Пікір: Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі мәліметі бойынша, осы мәлімдеме жасалған күнге дейін 101 мыңнан сәл астам адам вакцинацияланған, бұл халықтың 0,7%-не тең, яғни 1%-тен аз.

Ирина Унжакова

Үкім: Техникалық қате

Депутат ескі деректер қолданған сияқты, өйткені 30 наурызда, оның пленар отырыста сөйлейтін сөзінен бір күн бұрын Алексей Цой вакцинаның бірінші компонентімен 131 170 адам вакцинацияланғанын мәлімдеді. Екінші компонентпен 32 482 адамға вакцина егілді.  Дегенмен бұл көрсеткіш бәрібір халықтың 1%-нен аз.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда вакцинация барысы туралы көпшілік қол жеткізе алатын статистикалық мәліметтер жоқ. Сондықтан бұл мәселеде тек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынатын мәліметтерге ғана қарау керек болып тұр.

Департаменттің кейінгі мәліметі бойынша (5 сәуірдегі жағдай бойынша), республикада вакцинаны 174 269 азамат алған. Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігі тұңғыш рет аймақтар бойынша статистика ұсынды. Осылайша, вакцинация науқанында Алматы көш бастап тұр, оңтүстік астанада 38 905 азамат вакцинацияланды, одан кейін 15 040 адам вакцинацияланған Алматы облысы тұр, ал үшінші орында Нұр-Сұлтан тұр — 14 786 адам вакцинацияланған.

Вакцинация жылдамдығының жоғарылауына қарамастан, бүгінде Қазақстанда әлі күнге дейін халықтың 1%-тен азы COVID-19-ға қарсы егілді. Сонымен қатар, вакцинация еліміздің ең ірі қаласында тоқтатылды, өйткені препараттың мөлшері Алматыда таусылып келеді. Ол жаңартылады деп күтіліп отыр.

Пікір: «Ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіруге және жеткізуге 18 миллиард теңге бөлінді, оның 15,2 миллиард теңгесі вакцина өндіру үшін Қарағанды ​​фармацевтикалық кешеніне берілді. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, мұнда тек 243 мың доза вакцина өндірілген, оның 93 мыңы қолданылған, қазіргі уақытта 150 мыңы аймақтарға жеткізіліп жатыр».

Ирина Унжакова

Үкім: Шындық

Шынында да, коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік вакцинаны өндіруге және жеткізуге 18 миллиард теңге бөлінді, оның 15,2 миллиард теңгесі Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінің вакцина өндірісіне жұмсалды. Дегенмен отандық кәсіпорында вакциналар өндірісі туралы мәліметтерде айырмашалық болатындығын нақтылаған жөн.

31 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми өкілі Ержан Байтанаев «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында вакцинация процесінде Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінде жасалған «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының 93 мың дозасы болғанын айтты.

Содан кейін ол бұл вакцинаның, шамамен 150 мың дозасы наурыз айының соңына дейін жеткізілетінін айтты. Алексей Цой препараттың осындай мөлшері жеткізілетінін қаңтар айында мәлімдеген еді.

Сонымен бірге КФК Facebook-парақшасында «Спутник V» вакцинасы тіркелгеннен бері кәсіпорын 208 мың доза вакцина өндірді және жеткізді деп мәлімдеді (оның 1-компоненті — 115 мың доза, 2-компонент — 93 мың доза ). 29 наурыздағы жағдай бойынша, Қарағанды ​​фармацевтикалық кешені вакцинаның 150 мың дозасын шығарды, партия 2021 жылдың 30 наурызында жеткізіледі деп күтілді.

Сәуірде КФК «Спутник V» препаратының тағы 600 мың дозасын жіберуге уәде беріп, сәуір аяғында — мамыр басында тағы 900 мың доза вакцина жеткізілетінін хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігі депутат Ирина Унжакованың сауалына жауап бере отырып, 31 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 300 мың азаматқа вакцина қол жетімді болады деп мәлімдеді. Осы жылдың сәуір айында ведомство 2,5 млн. доза жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, бірінші жартыжылдық соңына дейін Қазақстан Республикасының 6 миллион тұрғынына вакцинацияны қол жетімді ету жоспарланып отыр.