Фактчек әдістемесі | Фейкті қалай анықтауға болады?

    Factcheck.kz редакциясы жобамыздың серіктесі — Stopfake.org порталының ақпараттың рас-өтірігін өз бетінше анықтау амалдары жазылған материалды назарларыңызға ұсынады.

    Фейкті қалай анықтауға болады?

    Қызу талқыланатын оқиғаларға — біздің жағдайда Украинадағы қақтығысқа —  қатысты шыққан ақпараттың көбі — жалған. Ондай деректі таратуда көбіне мемлекеттік пропаганда себеп болып жатады. Мұның мақсаты — ақпарат тарату емес, адамдарға белгілі бір тарапқа қатысты ой салу я шындықты өз пайдасына бұрмалау. Осы материалда біз БАҚ-тағы фейк ақпаратты ажыратудың бірнеше амалын көрсетеміз.

    Бірден айтып кетейік, біз екі тараптың мәлімдеме-тұжырымдарымен емес, дәлелденген фактілермен ғана жұмыс істейміз. Яғни, Ресей сыртқы істер министрлігі Украинадағы қандай да бір жағдай туралы айтса, Украина тарапы әлгі мәлімдемені ешбір дәлелсіз жоққа шығарса, мұны “сөзжарыс” деп қана атаймыз: екі тарап өздеріне тиімді ақпаратты айтқаны да қойғаны. Сондықтан біздің ресурста құр сөзге негізделген терістеме жоқ. Мұндай бір тараптың өзіне тиімді ақпаратты жоққа шығарғанында ғана болуы мүмкін.

    Фотофейк

    Ең көп таралған, бірақ өтірік екенін анықтау ең оңай тиетін тәсіл. Интернеттегі қандай да бір суреттің рас-өтірігіне көз жеткізуге бірнеше секунд қана кетеді. Бірақ қарапайым құралдармен жұмыс істеуге қабілетсіз біраз қолданушы күмәнді суреттерге оңай алданып қалады екен.

    Фотофейкті анықтаудың бірнеше амалы бар. Google Chrome браузерін қолдансаңыз, тінтуірдің (мышка) оң жағын басып “Осы суретті Google-дан іздеу” (“Найти это изображение в Google”) дегенді бассаңыз болды.

    Браузеріңіз басқа болып, онда суретті іздеу функциясы болмаса, арнаулы плагиндер орнатып ала аласыз. Мәселен Who stole my pictures (қазақшасы — “Суретімді ұрлаған кім?”) плагині өте жақсы жұмыс істейді. Мұның бір жақсы жері — плагин суретті тек Google-дан емес, Яндекстен де, Tineye-ден де іздей алады.

    Ал енді браузеріңіз де Chrome болмаса, плагин орнатып алуға да мүмкіндігіңіз болмаса да басқа амалын табуға болады. Бұл үшін күмәнданып тұрған суретіңіз ашылып тұрған беттің қасына және бір бет ашып, Google-дың суретті іздеу бөлімін таңдаңыз. Мұнан соң әлгі суретке қайта барып, тінтуірді басып тұрыңыз да, Google тұрған бетке әкеліп, іздеу жүйесіне салып жіберіңіз.

    Тап осы әдіспен компьютеріңіздің тұрақты жадындағы суреттерді де іздеуге болады. Ол үшін тағы да суретті басып тұрып, Google-дың іздеу жүйесіне апаруыңыз керек.

    Осы арқылы сіз суреттің өңделген-өңделмегенін тексере аласыз. Мәселен, біз мысал ретінде пайдаланған суретті “бомбаланған” Донецк бейнесі деп көрсету үшін оттың фотошоппен жасалғанын анықтадық.

    Тағы бір маңызды нәрсе — суреттің қашан жарияланғаны мен онда ненің бейнеленгені. Мәселен, әлдекімдер Сириядағы соғыстардың салдарын Украинадағы ұрыстың нәтижесіндей етіп көрсетуі мүмкін.

    Видеофейк

    Видеоны іздеудің оңай жолы болмағандықтан, фейктің мұндай түрін анықтау біршама қиындау. Көрген видеоға қатысты күмәнданып отырсаңыз, мына амалдарды жасаңыз.

    Біріншіден, қандай да бір сайтта YouTube видеосы қойылғанын көрсеңіз, видеоға қатысты көбірек ақпарат алу үшін YouTube-тың өзіне өтіңіз. Ол үшін видеосервистің оң жақ бұрыштағы ресурстың логосын басасыз.

    “Комсомольская правда” сайтынан скриншот.

    Осы арқылы, мәселен, ресейлік “Комсомольская правда” сайтының 2014 жылы Жеңіс күнінде Киев тұрғындары Яценюк пен Турчиновке ысқырып, сөйлеуге мұрсат бермей қойғаны туралы жаңалықтың өтірек екенін анықтадық. Бұл видео YouTube-қа одан бір жыл бұрын жарияланған және оппозицияда жүрген Яценюк пен Турчинов Коммунистік партияны жақтаушылардың ортасынан түсіп қалған.

    Әрине, мұндай анықтауы жеңіл ашық олақтық көп емес. Видеоның фейк екенін дәлелдейтін айқын белгілері болмаса, былай етіп көріңіз.

    Видеоның атауында таяу арадағы дата жазылса және екі-үш күн ішінде әлгі видео YouTube-қа бірнеше рет жүктелген болса, оның фейк болуы ықтимал. Солардың арасында ең көп комментарий жазылған роликті ашыңыз да, астындағы пікірлерді оқып көріңіз — көрермендер арасында видеоның түп нұсқасын көргендер мен түн нұсқаның сілтемесін салып қойғандар болуы мүмкін.

    Бұдан бөлек видеодағы объектілер атауы, көлік нөмірі, көшедегі тақтайшалар сияқты детальдарға мән беріңіз. Әдетте соларға қарап-ақ видеоның шын мәнінде қайда түсірілгенін көруге болады. Бірде біз осылайша ресейлік НТВ телеарнасының сюжетіндегі “Одессадағы әскерилерге жағалауды қорғауы үшін жергілікті бизнесмен сыйлаған” делінетін Video Azimut 46 қайығының шын мәнінде жалға берілетінін, оны телеарна қызметкерлері жалған сюжет түсіру үшін арнайы жалға алғанын анықтадық.

    Тағы бір амалы — видеоның негізгі мәнін қысқаша сипаттап, YouTube немесе Google-да іздеп көріңіз. Мәселен, “14.05.2014 жылы әскердегі баласы өлген ананың Киевке үндеуі” деген атпен видео тарап кетті. Бірақ YouTube-та “жауынгер баласы өлген ананың үндеуі” деп іздесеңіз, видеоның толық нұсқасын табуға болады. Осылайша, жауынгер баласы өлген ананың шын мәнінде Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатуын сұрап жазған үндеуі екеніне көзіңіз жетеді.

    Тағы бір амалы — ең жиі кездесетін және негізгі кадрды скриншоттап алыңыз да, жоғарыда түсіндіргеніміздей, скринді Google-дың суреттер іздеу жүйесіне салып көріңіз. Сол видеоға қатысты әлдекім жаңалық жазып, видеодан скриншот алған болуы мүмкін. Жаңалық алғаш қалай тарағанын осылай да тауып алуға болады.

    Куәгерлер

    Куәгерлер сөзін тексеру әдетте оңайға соқпайды, бірақ кейде амалын тауып көруге болады.

    Куәгерлер сөзінде журналистер жеткізгісі келіп жатқан сөздерді растайтын тезистер бар ма, әлде БАҚ өз мақсатында пайдаланған жалпылама дүниелер ғана айтыла ма — мән беріп тыңдап көріңіз. Мәселен, НТВ-ның жоғарыда біз айтқан қайық туралы сюжетінде кейіпкердің бірі — донецктік әуе инструкторы — “жасақ әскеріне ұшақ сыйлағанын” айтады. Кейін инструктор журналистердің ұшақ пен ұшақтан секіру туралы жалпылама сұрақтарына жауап бергені, ешкімнің ештеңе сыйламағаны белгілі болды. Тіпті әлгі кейіпкер бұл туралы видеоүндеу де таратқан еді.

    Сөзді бұрмалаудың және бір тәсілі мынадай — Russia Today телеарнасы Украинадағы жаңа биліктің антисемитизм саясатынан этникалық еврейлердің Киевтен қашып жатқаны туралы сюжетін қарайық. Телеарна қызметкерлері раввин (дін қызметкері) Миша Капустиннің заттарын жинап жатқанын көрсетіп, оның “төнген қатерден бас сауғалап бара жатқанын” айтады. Бірақ кейіпкер сөзін құлақ салып тыңдасаңыз, ол қауіп нақты қайдан төніп тұрғанын айтпайды.

    Интернеттен Капустин туралы іздеп, оның Киевтің емес, Симферопольск синагогінің раввині (дін қызметкері) екенін анықтауға болады. Бұған дейін ол Украина мен Қырымды Ресейден қорғауды сұраған, ал заттарын Қырымға келген Ресей билігінен қашып бара жатқанда жинаған.

    Сосын кейіпкерге “мына кісіні бұрын көрген жоқпын ба?” деп жүзіне мән бере қараңыз. Ондай да болады. Мәселен, БАҚ-қа бірде Одесса, бірде Донбасс тұрғыны ретінде комментарий беретін Мария Ципко есімді “танымал кейіпкер” бар.

    Батыс басылымдарының хабарламасы

    Бұл амал белгілі бір хабарды сенімдірек, салмақтырақ етіп көрсету үшін қолданылады. Дегенмен мұндай сайттар арасында фейк ақпарат таратумен айналысатын майда порталдар көп. Мәселен, өзін бизнес басылым санайтын ресейлік “Взгляд” газеті “АҚШ ЦРУ-дың Украинада өлтірілген 13 қызметкерінің денесін қабылдаған жоқ” деп жазды. Олар The European Union Times деген атауы әдемі басылымға сілтеме берген. Бірақ сайтқа кірсеңіз, WhatDoesItMean.com сайтына өтуді ұсынады. Бұл Сорча Фаал деген атпен фейк жаңалықтар жариялайтын шығармашылық топ екені белгілі. Мұндағы автор үнемі АҚШ-тағы “азамат соғысы”, америкалық ірі кәсіпкерлердің Обамадан қорқып, Ресейден пана іздеп жүргені туралы материалдар жазады. Сондай-ақ The European Union Times пен WhatDoesItMean.com сайттарының бірлесе жұмыс істейтінін, екеуі “ақымақтықты үгіттеуге” айыпталғаны белгілі.

    Басқа бір тәсіл — сенімді БАҚ-тың ақпаратын бұрмалау. Мәселен, бірнеше сайт “америкалық Donald Cook экипажының 27 мүшесі Қара теңізде бақылау жұмыстары кезінде кемелерінің маңынан ресейлік Су-24 жойғышы 12 рет ұшып өткен соң қорқып, отставкаға кету туралы өтініш бергенін” жазды. Олар Пентагон өкіліне, Reuters-ге бұл туралы айтып берген-мыс полковник Стивен Уорренге сілтеме жасайды. Шын мәнінде Уоррен бұл жағдай туралы айтқан, бірақ қорқу мен отставка туралы ештеңе демеген.

    Сондықтан жаңалықтың түп нұсқасын тауып алуға тырысыңыз.

    Дегенмен фейк ақпаратты анықтаудың ең тиімді жолы — өзіңіз оқыған жаңалық, хабарларға күмәнмен қарау. Ақпараттық соғыс — елдер арасындағы маңызды майдан, сондықтан рас-өтірігіне көз жеткізіп алмай жатып ешқандай дерекке сенбегеніңіз дұрыс.

    Автор: Олег Шанковский,
    Stopfake.org


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.