COVID-19 vs лимон шырыны

Radio VERA TV YouTube каналында израильдік дәрігер Йозеф Воск (кейбір дереккөздерде — Йосеф) лимон шырынын ішіп, коронавируспен қалай күресуге болатынын айтты. Бұл видео WhatsApp мессенджерінде жиі таралып, voxukraine.org сайтындағы әріптесіміз бұл тұжырымды жоққа шығарды. Factcheck.kz Қазақстан желісінде кеңінен тараған фейк ақпаратты оқырмандардың өтініші бойынша тағы бір мәрте тексерді.

Мен жас адам емеспін. Бұл тұмау антибиотикпен жиі аяқталатын… Мен қорқынышты күйікті басу үшін, лимон алып, оны ездім. Содан кейін екі қасық лимон іштім… Екінші күні менде ешқандай ауру жоқ екені байқалды. Бұл күтпеген жағдай еді. Өйткені тұмау басталып, кенеттен жоқ болып кетпейді… Мен әдебиетті зерттеп, тұмау вирусы және осы секілді барлық вирус қышқылға өте сезімтал екені белгілі болды. Мен мұны растайтын маңызды медициналық әдебиеттерді таптым. Менің жағдайым жақсарды.

Йозеф Воск

Үкім: Жалған

NAM (АҚШ Ұлттық медицина академиясы) дерегінше, лимон шырыны және басқа да қышқыл сусындар коронавирус инфекциясына әсер етпейді. Вирус сіздің жасушаларыңызға еніп, оның көшірмесін жасайды. Бұл көшірме жаңа жасушаларға түсіп, процесті қайталайды. Лимон шырыны сіздің ағзаңыздағы вирустарды жоймайды және көшіру процесін тоқтатпайды.

Лимондарда жалпы денсаулық үшін маңызды С дәрумені бар. Алайда, С дәрумені бар лимон, тағамдық қоспа, инфекциядан қорғану үшін иммундық жүйеңізді “күшейтетіне” ешқандай дәлел жоқ. Восктың мәлімдемесі медицинада дәлелденбеген.

“Маңызды медициналық әдебиеттер” туралы айтатын болсақ, расымен қоршаған орта қышқылдығының вирустарға әсері туралы біршама зерттеу жүргізілді. Бірақ олар тек зертханалық деңгейде жасалған. Ал клиникалық зерттеулер жүргізілмеген, сонымен бірге, тамақ ішуге ешқандай қатысы жоқ.

Ас содасы және лимон шырыны

Бұл әлемнің барлық тілдерінде таралған кезекті миф. Лимон шырыны мен ас содасы коронавирусқа қарсы күресте көмектеседі деген хабарламалар мессенджерлерде жиі тарады. Reuters және басқа да фактчекинг ұйымындағы әріптестеріміз бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ас содасын немесе лимон шырынын COVID-19 емдеуге немесе алдын алуға көмектесетіні туралы ешқандай дәлел жоқ.

ДДСҰ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан коронавирусқа қарсы “халықтық әдістер” туралы қауесет көбейген тұста мәлімдеме жасады:

Мен ауырған адамдарға лимон, имбирь немесе бал сияқты сүйікті тағамдары бар болса, қолданбаңыздар демеймін. Бірақ еш дәлелсіз COVID-19-ды мына нәрсе емдей алады дегеніміз болмайды. Қазіргі уақытта коронавирусты емдейтін расталған терапия жоқ.

Майкл Райан

Әйгілі педиатр Евгений Комаровский өзінің YouTube-каналында сода мен лимонның пайдасы бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Сонымен бірге, жағдайды одан әрі нашарлатып алмас үшін, мұндай жалған ақпаратқа сенбеу керектігін айтты.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz