Арыс қаласының тұрғыны фейк таратқаны үшін кешірім сұрады

Арыс тұрғыны үйлердің біріндегі жарылыс туралы жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады. Арыс қаласының баспасөз-қызметінің айтуынша WhatsApp мессенджерінде тұрғын үйдің жарылғаны жайлы ақпарат тараған еді. Бұл жайлы Tengrinews.kz хабарлады. 

Хабарламада:

«Қақпада үйдің қауіпсіз екені жазылған. Бұл жалған. Әйелі екеуі далада болғандары жақсы болыпты, үйі жарылып кетті. Сондықтан, абай болыңыздар!» деп жазылған. 

Tengrinews.kz жалған ақпарат таратқанын мойындап, кешірім сұраған әйелдің видеосын жариялады.  

«Менің есімім Жанар, Арыс қаласының тұрғынымын. Бүгін WhatsApp желісінде қайнымның үйінің жарылып кеткендігі туралы жалған ақпарат жібердім. Мен Қазақстан халқынан, сонымен бірге оңтүстік халқынан кешірім сұраймын. Мен осындай жалған ақпарат таратқаным үшін, сіздерді дүрліктіргенім үшін шын ниетімнен кешірім сұраймын. Бұл жалған ақпаратты сіздерді арандату үшін айтқан жоқ едім. Шын жүректен кешірім сұраймын, мен өкініп отырмын»

Маусымның 24-і таңертен Арыс қаласында орналасқан  оқ-дәрілер сақталған әскери қойма жарылды. Жергілікті тұрғындардың көп бөлігі қаладан өздігінен қашты, ал қалғандарын Шымкент қаласына және жақын аудандарға эвакуциялады. 165 адам түрлі дене жарақаттарын алды, 3 адам қайтыс болды. Үш күн бұрын тұрғындар Арысқа қайта оралды.

 

Factcheck.kz