29.10 | Цукерберг VS Ресей, Ниццадағы теракт, қазақстандық онлайн петиция қашан қосылады?

Facebook АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің араласуын тоқтата алмайтынын хабарлады. Бұл туралы Марк Цукерберг АҚШ Сенатының жиналысында айтты.

Біз Ресей секілді елдердің сайлауға араласу әрекетін тоқтата алмаймыз. Бірақ олардың әрекетін тез анықтауға мүмкіндік беретін жүйені дайындадық. Бұл дегеніміз ел тұрғындарының (сайлау нәтижесінің адал болатына) алаңдамауына кепілдік береді.

Марк Цукерберг

Сонымен қатар, Цукерберг АҚШ үкіметі Ресейдің араласу әрекеттерін “тиісті тұтқалар” арқылы төтеп бере алатынын жеткізді.

Былтыр қазанда Цукерберг Ресей, Иран және Қытай 2020 жылғы сайлауға әсер етуге тырысып жатқанын мәлімдеген.

АҚШ-та сайлау 3 қарашада өтеді. Президенттікке Республикалық партиядан, қазіргі президент Дональд Трамп пен Демократиялық партиядан Джо Байден үміткер.

Ниццада теракт болды

29 қазанда Францияның Ницца қаласында Нотр-Дам шіркеуінде болған шабуылдан кемінде үш адам қаза тауып, жарақат алғандар жайлы хабарланды. Бұл туралы Франс Пресс жазды. Басқа агенттіктердің дерегінше, екі адам қайтыс болып, бір адам ауыр жарақат алған. Полиция мәліметінше, бір әйелдің басы кесілген.

29.10 | Цукерберг VS Ресей, Ниццадағы теракт, қазақстандық онлайн петиция қашан қосылады?
Ниццадағы Нотр-Дам базиликасы

Францияның Ішкі істер министрі Джералд Дарманен twitter-де полицияның оқиға орнында екенін айтты. Сонымен бірге, Джералд Дарманен Ішкі істер министрлігінде дағдарыс жиналысын басқаратынын жазды. Дарманен азаматтарды қылмыс орнынан алшақтап, биліктің нұсқауын орындауға шақырды.

Хабарламаларға сәйкес, шабуылдаушы таңертең базиликаға кіріп, адамдарға пышақпен шабуыл жасаған. Күдіктіні полиция ұстап, тергеп жатыр. Ницца мэрі Кристиан Эстрозидің айтуынша, шабуылдаған адам ұсталғаннан кейін де “Аллаху акбар” деп айқайлаған.

Қазақстанда келесі жылы онлайн петиция қызметі іске қосылады

2021 жылдың екінші жартысында петиция сайты жеке инвестициялар есебінен әзірленіп, іске қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Онлайн-петицияны бюджет қаражатын жұмсамайтындай етіп пысықтаймыз. Біз азаматтық бастама ретінде ұсынып жатқан түрлі қауымдастық пен компаниялармен жұмыс жасаймыз. [Бұл жобаға] олардың ресурстары пайдаланылатын болады.

Бағдат Мусин

Мусин нормативтік мәселелер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен пысықталатынын атап өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, әзірленетін бірнеше реттеу мәселесі бар. Біздің жоспарымыз бойынша, бұл сайт 2021 жылдың екінші жартысында іске қосылады.

Бағдат Мусин

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанда электронды петиция жүйесін енгізу жоспарланғанын мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz