«Әйел бақытын тілеймін»: тілектес сарындағы сексизм несімен қауіпті?

«Мұндай әдемі әйел үшін сіз өте ақылдысыз, ондай сұхбаттас жиі кездесе бермейді». 

«Танысып қойыңыздар, бұл — Ғалия, жаңа әріптесіміз. Жобаларды керемет алып жүріп ғана қоймай, дәмді бәліштер де пісіреді!»

Мұндай жылы пікір естігенсіз бе? Мұндай пікірлердің жағымды сипатына алданбаңыз, мұның бәрі — «тілектес сарындағы сексизмнің» жарқын мысалдары. Бұл феномен ашық дискриминациядан кем кесірін тигізбейді, атап айтқанда стереотиптрді нығайтып, гендерлік зорлықты ақтап алуға әсер етеді. 

Factcheck.kz редакциясы қоғамның зорлыққа төзімділігінің «нәзік, әлсіз әйелдер» мен 8 наурызда «қарапайым әйел бақытын» тілеумен қандай байланысы бар екенін түсіндіреді. 

Жақсы болсын, жаман болсын

1990 жылдардың ортасында америкалық зерттеушілер Сьюзен Фиске пен Питер Глик «амбивалентті (екіжүзді) сексизм» терминін ойлап тапты. Фриске мен Глик дәстүрлі қастық сарындағы сексизмнен (Hostile Sexism) басқа анықталуы қиынға соғатын тілектес сарындағы сексизм де (Benevolent Sexism) бар екенін анықтады. Бұл екі сексистік ұстанымдар әртүрлі көрініс табады, бірақ гендерлік теңсіздіктің нығаюына бірдей ықпал етіп, әйелдерге қарсы жасалған зорлықты ақтайды. 

Қастық сарындағы сексизм — әйелдерге әсіресе, әйелдердің дәстүрлі рөліне бағынбайтын, биліктен үмітті әйелдерге жеккөрінішпен қарау. Мұндай сексизмнің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі — ерлерге қарағанда біліктілігі төмен болғандықтан, әйелдер билікке келу үшін я ерлерді өзіне бағындыру үшін «арам» әдістерге жүгінеді деген сенім. Қастық сарындағы сексизмді анықтау оңай және қоғам мұндай ұстанымдарды ашық білдіретіндерді сынға алады
Тілектес сарындағы сексизм, керісінше, қолдау мен жылы пікір білдірудің артына бүркемеленеді. Тілектес сарындағы сексистік ұстанымдар аясында әйелдер мықты ерлердің қорғауы мен қамқорлығын қажет ететін “нәзік, әлсіз жаратылыс” деп сипатталады. Мұндай дүниетаным «қайғыға ұшыраған, «батыл рыцарьдың» құтқарғанын және қамқорлығын қажет ететін керемет әйелдің» идеалдандырылған бейнесіне бас иетін ортағасырлық куртуаз дәстүрден туындайды.

Бір қарағанда мұның еш сөкеттігі жоқ сияқты, бірақ тілектес сарындағы сексизм әйелдерді тек жынысына сай стереотипті қасиеттер мен әрекеттер үшін ғана қолдайды: 

Құрметті әріптестер, 8 наурыз мерекесінде осындай сүйкімді, мейірімді және ғажап болып қала берулеріңізді тілейміз! Сіздер  ұжымның көркісіздер!

«Ерлер» мен «әйелдердің» міндеттері мен әрекеттерін бір-біріне қарсы қою арқылы тілектес сексизм әйелдердің мақсатқа ұмтылу, кәсібилік, табандылық, дербестік секілді қасиеттерін жоққа шығарады, сонымен қатар дәстүрлі түрде «ерлерге» тән істердегі әйелдердің жетістіктерін құнсыздандырады: 

Танысып қойыңыздар, Алина — бас менеджер, корпоративтік мерекелерге қандай торттар әзірлейтінін білсеңіздер ғой! 

Тілектес сарындағы сексизм негізінде жанашырлық қатынас, яғни, бір адамдардың, көбіне басым топ мүшелерінің басқаларды бақылауға ұмтылуы жатыр. Мұндай қатынас көбіне әйелдерді субъективтіліктен айырады және денесін өз қалауынша бақылау құқығын жоққа шығарады:

Мына көйлек керемет жарасып тұр! Мына жерде күйеуің болмағанда, артыңнан қалмас едім. 

Қастық сарындағы сексизмнің агрессияға толы сипатын жасыру қиын болса, тілектес сексизм қолданғанын жоққа шығару, одан «әйелдер жылы пікірді түсінбей кетті» деп ақтау оңай. 

«Жақсы қыз» болудың соңы неге апарады?

Израиль, Германия, Швейцария және АҚШ нейрофизиологтардың үлкен зерттеуі әйелдер мен ерлерге тән ойлау жүйесінің болмайтынын дәлелдеді. Бірақ, Wonderzinе басылымы жазғандай, «әлсіз», «эмоционал» әйелдер мен «батыл» еркектер туралы көзқарастар бізге бала күннен әсер етеді. Қыздарды «жұмсақ» және тіл алғыш, ал ұлдарды «күштірек» болуға, эмоциясын көрсетпеуге тәрбиелеуге тырысады. Психолог Шон Берн қыздардағы жынысына тән сипаттар бала күннен —  ойыншық таңдаудан ересек жасқа жеткендегі әрекеттің белгілі бір моделін таңдауға дейін қолдау табады дейді. Тілектес сарындағы сексизм жұмсақ және пассив әрекетті қолдайды және сол арқылы гендерлік стереотиптерді одан сайын өршітеді. 

Әйелдердің өзі тілектес сарындағы сексизмді жағымды қабылдауы мүмкін, себебі ол белгілі бір артықшылық береді. Мұндай ұстанымдарға сәйкес әйелдер мейрамханада төлем жасамаса болады, ауыр сөмке көтермеуі керек, декреттік демалыс алып, серігі оны қамтамасыз етіп жатқанда баламен үйде отыра алады. Бірақ бұл артықшылықтар оларды тәуелсіз шешім қабылдау, еңбек ақы теңдігі, жоғары әлеуметтік статус мүмкіндігінен айырады: «Маңызды жобаларды басқаруды не серіктестермен қиын келіссөз жүргізуді көнгіш, жұмсақ және көз қуанта алатын «нәзік әйелге» қалай тапсырып қоюға болады?»

Әйелдерге көбіне кеңседегі күнделікті жұмысқа қажет, бірақ бизнестің табысына тікелей қатысы жоқ және мансабын өсірмейтін міндеттерді жиі тапсырады: жиналыстардың хаттамасын жүргізу, кестелерді келісу, ішкі ісшараларды ұйымдастыру және әріптестерді құттықтау. Стереотиптерге сәйкес, әйелдер детальдарға жақсы мән береді, шыдамды және коммуникация орната алады. Сөйте тұра, мұндай міндеттерді орындаудан бас тартқан әріптестер эгоист саналады, ал олардың орнында ер адам болса, оның қолы бос емес екені айтылар еді. Питер Глик тілектес сарындағы сексизмнің кәсіби сипатта қалай байқалатынын зерттеп көрген. Ол жүргізген сауалнама нәтижелері әйелдің ер әріптесінен көмек қабылдаса, оны біліксіз санайтынын, бас тартса, дөрекі дейтінін көрсетті. 

Әйелдерге қатысты екіжүзді стандарттардың ең жарқын мысалы тыйым салынған мамандықтар тізімі. Мұндай тізім әйелдің репродуктивті денсаулығын ескере отырып жасалады-мыс, бірақ іс жүзінде әйелдердің жоғары жалақысы бар қызметтерге жолын жабады (мысалы, мұнай саласында), сөйте тұра бұл ауыр және қауіпті еңбек шартынан қорғамайды*. Күтуші, еден жуушы, мектеп педагогтері мен кіші медицина персоналының көбі — әйелдер, ал бұл мамандықтар дәстүрлі түрде «әйелдерге» сай келеді деп саналады, бірақ оларға физикалық және эмоционал салмақ түсіріп, үлкен жауапкершілік артады. Мұндай мамандықтардағы жалақы төмен болады және мансап жолымен өсу мүмкіндігі бола бермейді. Әлеуметтанушылар бұл феноменді «жабысқақ еден» деп атайды. 

*Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған мамандықтар тізім 2021 жылы жойылғанымен, әйелдердің тізімдегі позицияларда репрезентациялануы айтарлықтай жақсы емес (12).

Ерлер де зардап шегеді

Кері сексизм болмаса да (123), патриархал сексистік ұстанымдардан ерлер де жапа шегеді. Тілектес сексизм аясында әйел қамқорлыққа, қорғауға мұқтаж болса, онда ер адам «асыраушы және қорғаушы» образына сай болуы керек. Мұндай образға сай болу қажеттігі ер адам үшін ауыр жүк болып, ойланбаған әрекеттерге итермелеуі мүмкін. 

Мысалы, 2023 жылы ақпанда ресейлік ер адам дәулетті және табысты адам статусына сай болуы үшін сүйіктісінен 500 000 рубль (шамамен 3 млн. теңге) ұрлаған. Жас жігіт ақшаның бәрін сүйіктісіне қымбат сыйлық алып беруге және керемет кездесулерге апаруға жұмсаған. Енді ол 6 жылға дейін қамалуы мүмкін. 

Ерлер туралы стереотиптерге сай болу үшін ер адамдар қауіпті әрекеттерге жиі барадытәуелді болады және зорлыққа қатысады. Әрі, ер адамдар тіпті, зорлық құрбаны бола қалса да, психологиялық және медициналық көмекке де сирек жүгінеді. Бұл факторлардың бәрі өлім көрсеткішінің жоғары болуы мен ер адамдардың әйелдермен салыстырғанда азырақ өмір сүруіне алып келеді. 

Махаббаттан жеккөруге дейін

Тілектес сарындағы сексизмнің негізгі қаупі әйел жынысына сай стереотип бойынша әрекет етпесе, ол тез-ақ қастық сексизмге айналады. Ұлттық зерттеу университетінің Жоғары экономика мектебі зерттеушілері тілектес сарындағы сексизмнің әйелдерге қатысты зорлық пен виктимблеймингті ақтап алуға байланысты болатынын айтады. Әртүрлі мемлекеттердегі қастық сарындағы және тілектес сарындағы сексизм деңгейін салыстыру әйелдерге негатив көзқарас ашық байқалатын қоғамдарда рыцарьлық әрекет те жиі кездесетінін көрсетті.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтқандай, сексизмнің тіпті азғантай мөлшері де өте қауіпті. Гендерлік стереотиптердің зияны туралы айта келе, БҰҰ басқармасы сексизмнің барлық формаларының деструктив табиғаты туралы мәлімдеген.

Мәдени ұстанымдар мен гендерлік идеологиялар көбіне әйелді ерлерге бағынады я ерлер әйелді бақылайды деп қарастырады. Мұндай қатынас қоғам санасына терең сіңіп кеткені сонша, ол байқалмайды да, ал оның салдары көрінеді, себебі олар дискриминация, зорлық пен кемсітуді сақтауға ықпал етеді. 

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының гендерлік стереотиптердің зияны туралы мақаласынан үзінді

Контекст

Біріккен Ұлттар Ұйымы дерегінше, жыл сайын Қазақстанда тұрмыстық зорлық салдарынан 400-дей әйел қаза табады. 2023 жылдың басынан Қазақстан ІІМ тұрмыстық жағдайда қаза болған 18 әйелді тіркеді. Өкінішке қарай, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегінше, Қазақстанда тұрмыста зорлыққа ұшыраған әйелдер жеңіске жететін сот шешімдері аз шығады. 

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Factcheck.kz