Германияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті

Германияның астанасы Берлинде Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, фемицидаға қарсы акция өтті. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға шамамен 120 адам қатысқан. Олардың қатарында Қазақстаннан, Әзербайжаннан, Үндістаннан, Қырғызстаннан, Түркіменстаннан, Өзбекстаннан, Украинадан және Оңтүстік Кореядан адамдар бар.

“Қазақстанда және Орталық Азияда зорлық-зомбылық бірнеше жылдан беру қиындап барады. Өкінішке қарай, Салтанат Нүкенованың жағдайы бірінші немесе соңғы оқиға емес. Кейінгі жылдары зорлық көргендер жағдайларын ашық айта бастады. Біздің елде “ұят” деген түсінік бар, көптеген әйел зорлық көргендерін айтудан ұялады”, – деді белсенді Сымбат Серікова.

Жиылғандар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды енгізуді, Салтанат Нүкенованы өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевты өмір бойы бас бостандығынан айыруды талап етті.

Factcheck.kz