Қарашада желіде Гиза пирамидасының үстінде орналасқан планеталардың суреті тарады. Snopes басылымы суреттің рас-өтірігін тексеріп көрді.
“Меркурий, Венера мен Сатурн Египеттегі Гиза пирамидаларының үстінде тұр. Бұл 2373 жылда бір-ақ рет қана болады”, – делінген X платформасындағы 300 мыңнан аса қаралым жинаған постта.
Snopes дәл осы суреттің бұған дейін YouTube желісінде, 2022 жылы Reddit платформасында тарағанын анықтады.
Дегенмен, TinEye және Google іздеу нәтижелері фотосуреттің түпнұсқасында тек пирамидалар бейнеленгенін көрсеткендіктен, Snopes “планеталары бар” суретті жалған деп мәлімдеді.
Суреттің түпнұсқасы өңделген фотодан бір жыл бұрын жарияланса да, оның дереккөзі белгісіз.
Agence France-Presse өңделген фотосурет 2011 жылдың сәуір айындағы жазбадан алынған болуы мүмкін деп топшылады. Бір қызығы, жазба 2012 жылғы “планеталар пирамидалардың үстінен көрінеді” деген болжамға дейін бір жыл бұрын жарияланған. Ал бұл ақпарат суреттің цифрлық түрде өзгертілгенін тағы бір рет растайды.
Royal Greenwich Observatory астрономы Джейк Фостер де фото өңделген болуы мүмкін деп мәлімдеп, планеталардың түсі, жарқырауы шын мәніндегі астрономиялық модельдерге сәйкес келмейтінін айтты. Оның сөзінше, планеталар суреттегідей бірнеше жыл сайын туралануы мүмкін, сол себепті “бұл сәт 2373 жыл сайын болады” деген ақпарат қисынсыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.