Жаңа жылда фейерверк атқан адамға айыппұл салына ма?

2023 жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың жақындауына байланысты халық арасында мерекені тойлау заң тұрғысынан қалай бақыланатыны туралы сұрақ туындауы мүмкін. Мысалы, желтоқсанда желіде Жаңа жылды тойлау кезінде дәстүрге айналған фейерверк ату әкімшілік құқық бұзу екені, оның ішінде тыныштық бұзуға жатқызылатыны туралы ақпарат пайда болды.

Жаңа жылда фейерверк атқан адамға айыппұл салына ма?
Желіде тараған ақпарат

Постта пайдаланылған сурет интернетте 2020 жылдан бері тарап, көптеген медиада пайда болған (1, 2, 3). Алғашқы дереккөз — Zakon.kz сайты. Ресурс инфографика 2020 жылы 29 желтоқсанда жариялаған.

Factcheck.kz редакциясы оқырманның өтініші бойынша бұл ақпаратқа қаншалықты сенуге болатынын тексерді.

Үкім: Шындық

Әкімшілік кодекстің 437-бабына сай (Тыныштықты бұзу), жеке тұлғалардың демалысы мен тыныштығына мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін кедергі келтірген жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2023 жылы — 17 250 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Бұл норма Жаңа жылды тойлау кезінде де пайдаланылады. Дәл осы кодекстің 436-бабына сәйкес, елдi мекенде және фейерверк атуға арналмаған жерде жеке адамдардың тыныштығын бұзып, пиротехниканы пайдаланғандарға — 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және пиротехникалық заттар тәркіленеді. Яғни, теориялық тұрғыдан, кез келген қазақстандық жаңа жылды қарсы аламын деп 23:00-ден соң фейерверк атса және бұл басқа адамның тыныштығына кедергі жасап, ол тиісті органға шағымданса, фейерверк атқан адам жазаланады. Бірақ адами фактор — басқа сұрақ. Мысалы, көршілер тыныштықты бұзған адамға шағымданбауы мүмкін я болмаса ол көшедегі кезекші полицияның көзіне түспеуі де ғажап емес. Оның үстіне кейбір құқық қорғаушылар мұндай іс-әрекетке назар аудармауды жөн көреді.

Маңызды: бұл заңды бұзуға болады дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, рұқсат етілген уақытта және арнайы белгіленген жерде отшашу пайдалануды жоспарласаңыз, осы материалдың соңындағы қауіпсіздік шараларын оқып шығуды ұсынамыз.

Толығырақ

Қазақстанның Әкімшілік кодексінің 437-бабына сай, жұмыс күндері 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзу:

  • жеке тұлғаларға – 5 (2023 жылы — 17 250 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне не коммерциялық емес ұйымдарға – 20 (2023 жылы — 69 000 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 (2023 жылы — 103 500 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 (345 000) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұл жағдай бiр жыл iшiнде қайталанса, төлейтін айыппұл көрсеткіші екі есеге артады (тек ірі кәсіпкерлерге 150 АЕК-ға дейін өседі).

Ал әкімшілік кодекстің 436-бабына сай (Пиротехникалық бұйымдарды елдi мекендерде қолдану), жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi бұзатын және (iрi материалдық залал келтірмеген жағдайда) оған арналмаған орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолданған адамдардың пиротехникасы тәркіленіп, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер мұны 16 жасқа толмаған жасөспірім істесе, ата-анасына 20 АЕК көлеміндегі айыппұл салынуы не ескерту жасалуы мүмкін.

Егер адам пиротехниканы пайдаланып, тыныштықты бұзғаны үшін жазаланса, соны қайта бір жыл ішінде қайталаса пиротехниканы тәркiлеуден бөлек, 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Factcheck.kz сайтына жауап берген ішкі істер министрлігінің талаптарына сай, мереке және демалыс күндері сағат 23:00-ден бастап жергілікті атқарушы органның (Аймақтардың әкімшіліктері) белгілеген орындарында ғана фейерверк атуға болады.

Бұдан бөлек, пиротехниканы пайдаланудың қауіпсіздік талаптарын да сақтау қажет. Алматы қаласының төтенше жағдай департаменті келесі іс-әрекетті ұсынады:

  • балаларға ракеталар мен петардаларды тұтандыруына жол бермеңіз;
  • қауіпті аймақ (50 метр) радиусында пиротехниканы тұтандыруға кедергі болатын ештеңе жоғына көз жеткізіңіз;
  • ешқашан пиротехниканы тұтатып жатып қораптың үстіне еңкеймеңіз;
  • фитильді қол созым аралығында тұтатыңыз;
  • өнімді қатты жел кезінде қоспаңыз;
  • егер пиротехника бір реттен тұтанбаса, қайта тұтандыруға тырыспаңыз;
  • ракеталар мен фейерверктерді адамдар мен жануарларға қаратпаңыз, хлопушкаларды аяқ астына тастамаңыз;
  • фейерверктерді тұтату алаңы мен тұрғын үйлерге дейінгі ең аз қашықтық 50 метр болуы керек. Алаңда ағаштар, электр желілері және басқа да кедергілер болмауы керек, бұл отшашулар бағытын өзгерте алады.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz