Әлеуметтік желі мен медиада 1970-2020 жылдар аралығында Жер бетіндегі жабайы жануарладың саны 73%-ке азайғандығы жайлы мәлімет тарады (1, 2, 3, 4). Ақпаратта Латын Америкасы мен Кариб елдерінде кейінгі жарты ғасырда жануарлардың саны 95%-ке дейін қысқарғаны айтылғ. Кейбір ақпараттық уеб-сайт 24.kz телеарнасына сілтейді, дегенмен телеарна ақпаратты қайдан алғанын айтпайды. Factcheck.kz редакциясы бұл деректің қаншалықты рас екенін тексерді.
Үкім: Шындық
Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) 2024 жылғы «Тірі планета» есебіне сәйкес, 50 жыл ішінде (1970-2020) жабайы жануарлар популяциясы орта есеппен 73%-ке азайды.
Күрт азаю Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағында (95%), Африкада (76%) және Азия-Тынық мұхиты аймағында (60%), одан кейін Солтүстік Америкада (39%), Еуропада және Орталық Азияда (35%) тіркелді.
«Тірі планета индексі» (ТПИ) — жабайы омыртқалы жануарлар популяцияларының санын жаһандық деңгейде бақылауға арналған құрал. «Тірі планета индексі» – «Тірі планета» есебі үшін негізгі дереккөздердің бірі. WWF есебінде жаһандық трендтер мен табиғатты қорғау мәселелерін талқылау үшін негіз ретінде ТПИ нәтижелері жиі келтіріледі. Ол 1997 жылы белгілі бір уақыт арасында болған өзгерістерді салыстыра отырып, популяциялар динамикасындағы тенденцияларды талдауға көмектесу үшін әзірленген. Оны ZSL (Лондон зоологиялық қоғамы) мен WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) бірлескен серіктестік аясында басқарады. ТПИ табиғат өзгерісінің жылдамдығын бақылап, жануарлардың қаншалықты тез көбейіп немесе азайып жатқанын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өлшем популяцияның бастапқы мөлшеріне тәуелді емес, тек жалпы санының орташа өзгерісін көрсетеді.
ТПИ бүкіл әлем бойынша 35 000 популяциялық тенденцияны және 5495 жануар түрін қамтиды. Зерттеуге қатысты мәліметтер түрлі аймақтар мен экожүйелер кіретін бақылау алаңдарынан жиналады.
Деректер 1970 жылдан бүгінгі күнге дейінгі аралық қарастырылған. Кейінгі 50 жыл аралығында жүргізілген зерттеуде популяциялардың саны орта есеппен 73%-ке (диапазоны 67%-тен 78%-ке дейін) азайғаны көрсетілген. Бұл жыл сайынғы орташа 2,6% – ке кему санына тең.
Толығырақ
WWF (World Wildlife Fund) — 100-ден астам елде жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі тәуелсіз табиғатты қорғау ұйымы. 1961 жылы құрылған WWF өзінің күш-жігерін табиғатты қорғауға және планетаның биологиялық әртүрлілігін сақтауға бағыттайды. Ұйым табиғат пен адамдар үшін тұрақты болашақты қамтамасыз ету мақсатында ғалымдармен, мемлекеттік және жеке секторлармен, жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істейді. WWF мақсаты — жердің табиғи ортасының құлдырауын тоқтатып, адам мен табиғат үйлесімді өмір сүретін болашақ құру.
ZSL (Лондон зоологиялық қоғамы) – Ұлыбритания мен әлемде жабайы табиғатты қорғап, экожүйелерді қалпына келтіру және биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында 1826 жылы құрылған халықаралық қайырымдылық ұйымы. Ұйым өзінің зерттеулері, табиғатты қорғау бағдарламалары мен білім беру бастамалары арқылы белсенді жұмыс істейді.
Жануарлар популяциясының кемуіне байланысты WWF-тың бас ғылыми қызметкері Ребекка Шоу «Жабайы жануарлар популяциясының күрт азаюы — бұл айқын әрі шұғыл ескерту. Мұндай өзгерістер табиғаттың құлдырап, тұрақсыз бола бастағанын білдіреді. Табиғат қауіп-қатерге ұшыраған кезде климаттық өзгерістерге неғұрлым сезімтал болады» деді.
WWF биоәртүрлілікті сақтап қалу үшін елдерді табиғат пен климат мәселесіне қатысты жоспар құрып, осы бағытта инвестиция жасауға шақырады.
2024 жылдың ақпан айында БҰҰ-ның табиғатты қорғау жөніндегі ірі конференциясы өтті. Конференцияда БҰҰ-ның жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Конвенциясы (CMS) алғаш рет жабайы табиғаттағы қоныс аударушы жануарлардың да жағдайы туралы баяндама жасады. CMS мәліметіне сәйкес, оның тізіміндегі қоныс аударушы жануар түрлерінің жартысына жуығының (44%) азаюы мен 22%-нің жойылып кету қаупі байқалады. Адам әрекеттерінен туындайтын шамадан тыс табиғат ресурстарын пайдалану және жануарлар мекен ететін қалыпты орталардың жойылуы – басты қауіптердің бірі ретінде аталды.