Владимир Путинді әлемнің 123 мемлекеті қамауы мүмкін бе?

2023 жылғы 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Владимир Путин мен РФ президенті жанындағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берді. Содан кейін баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей президентінің (Львова-Белованың да) шетелге шыға алмай қалатыны, себебі Рим статутын ратификациялаған 123 мемлекет (Олардың арасында Тәжікстан, Венесуэла, Ауғанстан, Бразилия, ОАР, Нигерия, және т.б. бар) Путин келген жағдайда оны тұтқындайтыны туралы хабарламалар (12345) тарады.

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Шындық

Теориялық тұрғыдан құқық саласына жүгінсек, Рим статутын ратификациялаған мемлекеттер (тізімді мына жерден көруге болады), соның ішінде Ресеймен достық қатынастағы елдер де ордерді орындауға міндетті. Владимир Путин олардың территориясына барса, олар оны сотқа тапсыруы керек.

Бірақ іс жүзінде мемлекет басшысының қамауға алынуы екіталай. Заң бойынша ХҚС мүмкіндіктері шектеулі: соттың құқық қорғау я күш құрылымы (полиция) ведомствосы жоқ, сонымен қатар егемен мемлекет территориясында өз еркімен дәлел жинаумен айналыса алмайды. Бұл шектеулер салдарынан сот жергілікті биліктерге жүгінуге мәжбүр, бірақ олар тергеуге және/немесе айыпталушыны тапсыруға кедергі келтіруі мүмкін.

Владимир Путинді әлемнің 123 мемлекеті қамауы мүмкін бе?
Дереккөз: Wikipedia

ХҚС нақты адамдар жасап жатқан әскери басқыншылық, әскери қылмыс және адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарды қарастыру үшін құрылған. Сот Рим статуты негізінде жұмыс істейді. Бұл халықаралық келісімшарт 2002 жылғы маусымда күшіне енген. 2023 жылғы наурыздағы жағдай бойынша оған 137 мемлекет қол қойып, 123 мемлекет ратификациялаған. АҚШ, Ресей, Түркия, Израиль, Қытай, Үндістан және Қазақстанды қосқанда 40 мемлекет Рим статутына қол қоймаған я қолын қайтарып алған (АҚШ пен Ресей). Украина Рим статутын ратификацияламаған, бірақ 2014 жылдан бастап өз жерінде ХҚС құзыретін мойындайды және сондықтан қазіргі таңда сот Ресей әскерилері жасаған қылмыстарды тергей алады (Украина бойынша алғашқы тыңдалым 2022 жылғы наурызда басталған). 

Жоғарыда айтылғандай, Рим статутына қол қою да, ратификациялау да мемлекеттердің ХҚС шешіміне сөзсіз жүгінетінін және оның ордерлерін жүзеге асыратынын білдірмейді. Бұл жағынан алғанда Суданның бұрынғы президенті Омар әл-Баширді мысалға келтіруге болады. ХҚС әл-Баширге геноцид жасағаны үшін ол билікте болған 2009 жылы ордер жариялаған. Ордер шыққан соң Омар әл-Башир біршама Таяу Шығыс және Африка елдеріне барған. Олардың арасында ХҚС мүше мемлекеттер де бар: Чад, Джибути, Иордания, Кения, Малави, Оңтүстік Африка және Уганда. Бұл мемлекеттердің бәрі ХҚС айтқанына және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шағымына қарамастан, Судан лидерін тапсырудан бас тартты.

Кейбір мемлекеттер Ресей президенті олардың жеріне келсе, оны тұтқынға алатынын бірден айтқанымен, ХҚС мүше басқа мемлекеттер және Рим статутын ратификациялағалы жатқан елдер ордерді іске асыруға дайын екенін білдіруге асығар емес не бұл мәселеге қатысты нақты жауап бермеді.

Тек 1 сәуірде Армения парламентінің вице-спикері Акоп Аршакян Армения Ресеймен келісімге қол қойғанын, соған сәйкес Рим статуты Ереван мен Мәскеудің екіжақты келісіміне ықпал етпейтінін мәлімдеді. Аршакянның сөзінше, биліктегі партияда Путинді қамауға алуға ниет те, ықылас та жоқ.

23 наурызда Венгрия премьер-министрі канцеляриясының басшысы Гергей Гуйяш Рим статутына қол қойған және ратификациялаған Венгрия РФ президенті Владимир Путинді ХҚС берген ордерді негізге ала отырып тұтқынға ала алмайтынын, себебі рим статуты Венгрияның «құқықтық жүйесіне енгізілмегенін» айтты.

Путин мен Львова-Белова соттала ма?

Иә, егер айыпталушылар сот алдында жауап берсе және олардың кінәсі дәлелденсе сотталуы мүмкін. ХҚС сот процесін айыпталушысыз бастай алмайды, ал жоғарыда айтқандай, соттың өзіндік приставтары жоқ болғандықтан, олардың өз еркімен берілгенін (Али Кушайба жағдайындағыдай) не Путин мен Львова-Белованың үшінші мемлекеттердің тұтқынға алғанын күту керек. Тұтқынға алу ордері айып үкіміне тең емес. Сондықтан ХҚС істерді қарастырған соң ақтау үкімін шығара алады (Кот-д’Ивуардың бұрынғы президенті Лоран Гбагбо секілді), сондай-ақ тағылған кінәні алып тастап, істі жаба алады.

Егер Владимир Путин мен Мария Львова-Белова кінәлі деп танылса, Статуттың 77-бабына сәйкес, сот мынандай жаза тағайындай алады:

  • өмір бойына не 30 жылдан аспайтын уақытқа бостандығынан айыру;
  • айыппұл;
  • қылмыс нәтижесінде тікелей және жанама түрде алынған табысын, мүлкін және активтерін тәркілеу.

Контекст

Халықаралық қылмыстық сот мәлімдемесінде Путин мен Львова-Белова «соғыс басталғалы оккупацияланған Украина территориясынан халықты (балаларды) Ресей Федерациясына заңсыз жіберу және халықты (балаларды) заңсыз депортациялау секілді әскери қылмыс үшін жауапты» деп жазылған.

Осы жылдың басында Украинаның балалар омбудсмені Дарья Герасимчук Украинаның оккупацияланған территориясынан Ресейге 14 мыңға жуық бала заңсыз депортацияланып, әзірге олардың тек 125-і қайтарылғанын мәлімдеді.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz