Визуал, аудиал немесе кинестетик: VARK оқыту моделі тиімді ме?

Білім саласында «оқыту моделі» ең танымал тұжырым. Ең танымал модельдердің бірі – VARK (ағылшынша – Visual, Auditory, Read/write, Kinesthetic) бойынша оқытудың 4 стилі бар: аудио, кинестетикалық, визуалды-символдық және мәтіндік/жазбаша. Осы стильдердің біреуі немесе бірнешеуі кез келген адамға ұнайды.

Визуал оқыту түріне жақын адамдар картаны, диаграмманы, графикті, сызбаны, брошюраны, блок-схемаларды, ақпаратты маркерлермен белгілеуді, әртүрлі түсті, көрсеткілерді, интеллект-картасын және т.б. қолданғанды жақсы көреді. «Аудиал» түрінде оқығандар басқаларға жаңа идеяны түсіндіруді, үйренгендерін басқа студенттермен және мұғалімдермен талқылауды, дауыс жазғышты пайдалануды, лекция мен пікірталас топтарына қатысуды, оқу барысында әңгімелеу мен әзілдерді қолдануды ұнатады. Оқу мен жазу арқылы білім алғанды ұнататындар конспект жазуды, тізім жасауды, эссе мен есеп жазуды, оқулықтарды, басып шығарылған үлестірме материалдар мен нұсқауларды оқығанды ​​жөн көреді. Кинестетикалық білім алушылар экскурсияларды, сынақтар мен қателерді жақсы көреді, практикалық тәсілдер мен тәжірибені, зертханада жұмыс істеуді, рецепттермен жұмыс істеуді және кейспен жұмыс істегенді, тапсырманы орындау үшін сезімдерін пайдаланады және мысалдарға жүгінеді. 

Визуал, аудиал немесе кинестетик: VARK оқыту моделі тиімді ме?
Дереккөз: Number Works n’ Words

VARK оқыту моделі авторларының пікірінше, белгілі бір адамға сәйкес келетін стилді қолдану арқылы білім алушы үлкен оқу жетістіктеріне қол жеткізе алады.

VARK моделі мұғалімдер мен оқушылар арасында өте танымал. Соның негізінде ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалар жазып, танымдық бейнероликтер түсіреді. Оқыту стилін анықтауға арналған сауалнама барлық деңгейдегі оқушыларға беріледі: балабақшадан бастап университетке дейін. 2015-2016 жылдары 300-ден астам ағылшын тілі мұғалімдері арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес респонденттердің 90%-і VARK моделін тиімді құрал деп санаған. Ал оқытудың басым түрін анықтауға арналған тестті күн сайын дүние жүзіндегі мыңдаған адам тапсырады.

Factcheck.kz редакциясы VARK оқыту стильдерінің қаншалықты тиімді екенін анықтауды жөн көрді.

Үкім: Дәлелденбеген

VARK оқыту моделінің танымал болуына қарамастан оның нақты ғылыми негізі жоқ. Әртүрлі елде және әртүрлі топта жүргізілген көптеген зерттеу қабылданған оқу стилі мен академиялық үлгерім арасында статистикалық маңызды байланысты анықтаған жоқ. Осы және басқа да осыған ұқсас оқу стилі үлгілерінің танымалдылығы субъективті растау әсерімен, студенттердің бірегей қасиеттерге ие болуға ұмтылуымен және осы негізде жеке назар аударуға ұмтылуымен байланысты болуы мүмкін.

Көптің бірі

Оқыту стильдері тұжырымдамасы кеше ғана пайда болған жоқ. Британдық университеттердің ғалымдары өздерінің шолу зерттеуінде 70-тен астам әртүрлі оқыту стилі теориясы мен моделінің таңдауын жасады. Олардың ең көнесі 1909 жылға жатады. Бірақ оқу үлгілерінің нағыз «бумы» 70-80 жылдары болды. Бұл 1975 жылы нейро-лингвистикалық бағдарламалау (НЛБ) тәсілінің пайда болуына байланысты болса керек. НЛБ негізгі принципі неврологиялық процестер, тіл және мінез-құлық үлгілері арасындағы байланыс және оларға қажетті мақсатқа жету үшін арнайы әдістермен әсер ету мүмкіндігі.

Осы тәсілдің бөлігі ретінде америкалық профессор Уолтер Барб және оның әріптестері 1979 жылы VAK (Visual, Auditory, Kinesthetic) оқыту моделін жасады. Барб білім алушыларға сәйкес келетін және олар ұнататын оқу стильдері бірдей болмауы мүмкін екенін, бірақ жақсы оқу үшін сәйкес стиль ғана тиімді болатынын атап өтті.

VARK-тың пайда болуы

VARK оқыту стильдері моделінің негізгі жасаушысы – Жаңа Зеландиялық білім беру теоретигі Нил Флемиң. Модельді жасау идеясы оған Жаңа Зеландияның білім беру жүйесінде инспектор болып жұмыс істеген кезде келген. Ол өз мақаласында: «Мені кейбір үздік мұғалімдердің белгілі бір оқушыларға жеткізе алмағанына таң қалдым, ал тәжірибесі аз мұғалімдер табысты болды» дейді. Флемиң визуалды типті мәтіндік (Reading/writing) және символдық (Visual) деп екіге бөліп, Барб моделін негізге алды. Мұғалім сонымен қатар НЛБ саласындағы жаңалықтарға, оның бақылауларына, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесуіне сүйенді.

Флемиң теориясына сәйкес, оқушылар бірнеше оқу стилін таңдауы мүмкін. Ол өз мақаласының бірінде онлайн тестілеудің мынадай статистика келтірді: тест тапсырғандардың 41%-і бір оқу стиліне ие; 27%-і — екі стиль; 9%-і — 3 стиль және тест тапсырушылардың 21%-і барлық төрт стильге де назар аударады. Бірнеше стильге деген тенденция Флемиң мен оның әріптестері мультимодальдық деп атайды.

Менің ойымша, біздің қалауымыз біздің кім екеніміздің бір бөлігі. Олар біздің көп нәрсеге деген көзқарасымызды анықтайды. Көлікке, түске, тағамға және серіктеске қатысты нақты таңдау бар. Олай болса, қалай білім алатынымызды неге өзіміз таңдамасқа?

Нил Флемиң

Нил Флемиң мақаласында өз моделінің негізгі принциптерін келтіреді:

  • Таңдаулы стильдер адамдардың мінез-құлқына, соның ішінде оқуға әсер етеді.
  • Оқыту стильдері тұрақты емес, бірақ олар орта мерзімді перспективада тұрақты.
  • Оқушылар да, мұғалімдер де өздеріне ұнайтын оқу және оқыту стилін сенімді түрде анықтап, мысалдар келтіре алады.
  • Таңдауды оқу стратегияларымен салыстыруға болады. Кейбір стильдерге басқаларға қарағанда жақсырақ сәйкес келетін оқу стратегиялары бар. Ең әлсіз оқу стильдерді пайдалану пайдасыз; басқа оқушылардың қалаған стильдерін пайдалану сияқты.
  • Оқушының қалаған стильдеріне сәйкес келетін стратегиялар арқылы қол жеткізілетін ақпараттың түсінікті болып, оны ынталандыру ықтималдығы жоғары.
  • Оқу стиліңізге сәйкес келетін оқыту стратегияларын пайдалану, сонымен қатар, тұрақты оқуға, оқуға тереңірек бойлау белсенді және тиімді метатанымға серпін береді.
  • Оқу процесін жақсарту үшін оқу стилін білу және оған сәйкес әрекет ету өте маңызды.

Осы принциптерден көрініп тұрғандай, тек студенттер ғана емес, мұғалімдер де аудиториясына ең қолайлы оқыту стилін таңдау үшін VARK пайдалана алады. «Тұтас гипотеза» деп аталатын білім берудегі ең үлкен нәтижеге оқушылардың оқу стилі мен мұғалімнің оқыту стилі сәйкес келген жағдайда ғана қол жеткізуге болады деп айтылады.

Нил Флемиң мақаласында: «Кейде маған оқушылар мен мұғалімдер VARK-ке тым көп сенім артатын сияқты» деп жазады. Ол тест сіздің нені жақсы меңгергеніңізді емес, қалай үйренгіңіз келетінін анықтай алатынын түсіндіреді: «VARK сізге қалай сөйлескен ұнайтынын айтады. Бірақ сөйлесу сапасы туралы ештеңе айтпайды». Сонымен қатар, Флемиң онлайн оқыту стилі тестінен өткендердің 58%-тен сәл астамы алынған нәтижелермен келісетіні туралы мәлімет келтіреді.

VARK тиімділігін зерттеу

2008 жылы жарияланған шолу мақаласында когнитивті ғалымдар тобы оқу стильдері бойынша зерттеулерге баға берді. Нил Флемиңнің өзі оқудағы табысты өлшеу өте қиын деп есептегенімен, жұмыс авторлары оған қарапайым эксперимент жеткілікті деп есептейді. VARK моделінің тиімділігін дәлелдеу үшін әртүрлі оқыту стилі бар оқушыларды алып, содан кейін оларды кездейсоқ түрде топқа бөліп, әр топқа бір нақты оқыту стилі бар мұғалімді беру керек. Курсты аяқтағаннан кейін оқушылардан барлығына ортақ бір сынақ алады. Оқыту стилі мұғалімдердің сабақ беру стиліне сәйкес келетін оқушылар ең жоғары, ал мұғалімдердің оқыту стиліне сәйкес келмейтін оқушылар ең төменгі балл жинайды. Зерттеушілер мұндай әдістемемен тәжірибелер өте аз екенін және осы бірнеше зерттеулердің нәтижесі оқу стильдері, оқыту стильдері және оқушылардың оқу жетістіктері арасында оң байланыс жоқ екенін дәлелдейді.

Дәл осындай экспериментті 2006 жылы Калифорния университетінің психология кафедрасы жүргізді. Зерттеудің бірінші кезеңіне 52 студент, екіншісіне – жоғары білімі жоқ 61 ересек адам қатысты. Алдымен қатысушылар когнитивті тест пен олардың визуал немесе мәтіндік оқыту стилі екенін анықтау үшін тест тапсырды. Содан кейін субъектілер кездейсоқ түрде екі топқа бөлінді. Бір топ анықтамалық деректері бар ақпаратты суреттер мен график түрінде, екіншісі мәтіндік түрде алды. Эксперименттің үшінші бөлімінде бір топ суреттерден де, мәтіннен де қосымша ақпарат алды, ал екінші топ ешқандай ақпарат алған жоқ. Оқыту стилі әртүрлі қатысушылардың нәтижесі суреттерге немесе мәтінге негізделген ақпаратты алғанына қарамастан, айтарлықтай ерекшеленбеді.

2014 жылы Американың үш университетінің ғалымдары колледждің ересек студенттеріне қатысты эксперимент жүргізді. Бірінші экспериментте қатысушылар өздерінің оқу стилінің аудиал немесе мәтіндік екенін анықтау үшін тест тапсырды және оқу стиліне сәйкес екі топқа бөлінді. Одан кейін қатысушылар аудио немесе мәтіндік материалды түсінуі тексерілді. Топтар арасындағы нәтижелердің айырмашылығы айтарлықтай көп болмады. Эксперименттің екінші бөлімінде қатысушылар кездейсоқ түрде екі топқа бөлінді. Бір топқа аудио форматта кітаптан үзінді, ал екінші топқа мәтіндік форматта сол үзінді берілді. Қатысушылар материалмен танысқаннан кейін мәтін бойынша сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар сол сауалнамаға 2 апта өткеннен кейін қайта жауап берді. Тағы да, оқу стилі зерттелетін материалдың формасына сәйкес келетіндердің нәтижесі басқа қатысушылардан статистикалық тұрғыдан ерекшеленбеді.

Солтүстік Джорджия университетінен шыққан Джошуа Куевос шолу мақаласында әріптестері бастаған жұмысты жалғастырып, 2009 жылдан 2015 жылға дейін жүргізілген оқу стилі үлгілері бойынша зерттеулерге шолу жасайды. Оқыту үлгілерін жақтаушылардың көптеген мақалаcын зерттей келе, Куевос бұл жұмыстардың барлығының әдістемесі өте әлсіз екенін атап өтеді. Дегенмен, базасы мықты зерттеулер оқу стильдері мен студенттердің оқу жетістіктері арасындағы байланысты анықтаған жоқ. Автордың пайымдауынша, оқу стильдері туралы гипотеза эмпирикалық зерттеулермен жоққа шығарылғаны сонша, бұл әдісті тәжірибеде қолдану оқу бағдарламаларын әзірлеушілер мен мемлекеттік қызметкерлер тарапынан «жауапсыздық» деп санауға болады.

2018 жылы Индиана университеті медицина мектебінің ғалымдары Полли Хасманн мен Валери Дин О’Лофлин анатомия мамандығы бойынша 426 студентке тәжірибе жүргізді. Семестрдің басында студенттер оқу стилі бойынша тест тапсырып, оқуда нақты қандай стратегияларды қолданатыны туралы сауалнаманы толтырды. Белгілі болғандай, стильдерді үйрену нәтижесі қатысушылардың көпшілігі таңдаған стратегияларымен сәйкес келмеді. Содан кейін студенттерге VARK ресми уеб-сайтында өздерінің ерекше стиліне арналған оқу нұсқауларын оқып шығу және семестр бойы осы нұсқауларды орындау ұсынылды. Семестрдің соңында зерттеушілер студенттердің үлгерімін және олардың берілген оқу стратегияларын ұстануын өлшеді. Белгілі болғандай, субъектілердің 67%-і VARK оқу стилі бойынша ұсыныстарды ұстана алмады. Алайда, салыстырмалы түрде, нұсқауларды орындаған студенттердің бағасы жақсарған жоқ.

Электронды микроскопты пайдалану немесе дәріс жазбаларын пайдалану сияқты белгілі бір оқыту стратегиялары өнімділік үшін шынымен маңызды.

Педагогтар мен студенттер оқуда және оқыту әдістемесінде оқу стильдері ұғымын насихаттамауы керек. Біз “Мен X пәнін оқи алмаймын, өйткені мен визуалды жақсы меңгеремін” деген көзқарасты біржола тоқтату керек.

Полли Хасман және Валери Дин О’Лофлин

Британдық психологиялық қоғам оқу стилінің үлгілері тұжырымдамасын психологиядағы ең көп тараған мифтердің бірі деп санайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен 15 000 педагогтың 2021 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, мұғалімдердің 89,1%-і оқыту стильдерінің тиімділігіне сенеді.

Пайда үлесі

Білім беру сарапшылары VARK және басқа оқу стилі үлгілерінің тиімділігін мойындамаса да, кейбір педагогтар әлі де VARK пайдалы деп санайды. Маршалл Уокер Ли, Atlassian білім беру жөніндегі директоры, егер студенттер оқу стильдері жұмыс істейтініне сенсе, сәйкес стратегияларды қолдану мотиватор болуы мүмкін дейді. Егер адамға белгілі бір форматта ақпаратты алу оңайырақ болса, бұл жалпы оқу процесінен ләззат алуды арттырады.

Сарапшылар да (1, 2) сабақта түрлі мультимедиалық материалды пайдалану оқушылардың қызығушылығын, ынтасын арттырып қана қоймай, жақсы нәтиже көрсететінін жоққа шығармайды. Дегенмен, бұл эффект тесттің олар үшін қандай оқу стилін анықтағанына қарамастан, барлық студентке қатысты.

Неліктен оқу стилінің үлгілері әлі де танымал?

Жалпы оқу үлгілерінің және оның ішінде VARK-тың танымалдылығын түсіндіретін үш жаһандық себеп бар.

Бірінші себеп – оқушылардың көзқарасы. Оқушылар стандартталған оқу ортасында өзін бірегей сезінгісі келеді. Адамдар сонымен қатар оқу стилі бойынша тесттерді жақсы қарастыруы мүмкін, өйткені олар мұғалімнің жеке назарын аударады. Барнум эффектісі деп аталатын немесе басқаша субъективті растау әсері оқу стильдеріне деген сенімді нығайта алады. Бұл психологиялық құбылыстың мәні мынада: адамға берілетін жалпы сипаттамалар, тіпті, оларды кез келген адамға қолдануға болса да әр адам үшін ақиқат ретінде қабылданады.

Оқу стилдерінің танымал болуының екінші себебі – бизнес. Оқыту стильдері мен «біріктіру гипотезасы» идеясын сақтау және ілгерілету бойынша күшті коммерциялық мүдделер бар, өйткені оқу орындары оқу стилін бағалау құралдары, мұғалімдерді оқыту және оқу материалдары үшін үлкен ақша төлейді.

Үшінші себеп осыдан шығады – мұғалімдер. Білім берудегі оқу стильдерін насихаттайтын компаниялар мұғалімдерді белсенді түрде оқытады, ал кейбір мекемелер тіпті мұғалімдерді сертификаттау бағдарламаларына оқу стильдері бойынша курстарды қосады. Осылайша, мұғалімдер оқыту үлгілерінің тиімділігі парадигмасында жұмыс істейді. Ал ақиқат иллюзиясының әсерінің арқасында ғылыммен расталмаған ұғым ақиқат ретінде оқыту ортасында бекітіледі.

Педагогтардың оқу стилдеріне деген бұл міндеттемесі білім беру мамандарын алаңдатады, өйткені мектептер мен педагогтардың өздері тиімсіз тұжырымдамаға шектеулі ресурстарды ысырап етуде. Нәтижесінде бюджет қана емес, сонымен қатар студенттердің үлгерімі де зардап шегеді, өйткені тиімдірек оқыту әдістері VARK және осыған ұқсас үлгілердің пайдасына тасталады.

Сонда қандай әдіс дұрыс?

Оқыту стильдерінің классикалық үлгілеріне әлеуетті баламалардың бірі VARK оқытудың барлық стильін біріктіретін мультимодальды әдіс болуы мүмкін. Бұл әдіс қабылдаудың әртүрлі түріне сүйенуді қамтиды: түсіндіру кезінде біз әлеуметтік желілерде бейнелерді көргендегідей суретті көруге, ақпаратты тыңдауға және оқуға болады.

Journal of Education Technology журналында 2023 жылы жарияланған жұмыс мультимодальды оқыту оқушылардың оқу дағдыларын қалай жақсарта алатынын талдайды. Зерттеу 210 студент пен тоғыз мұғаліммен жүргізілді және нәтижесі мультимодальды тәсіл оқушылардың әртүрлі контекстте аналитикалық дағдыларын жетілдіруде тиімді екенін көрсетті.

Материалды дайындаған Factcheck.kz тағылымдамадан өтуші Дария Зулфухаркызы және Мариям Оспанова

Factcheck.kz