Тоқаев жаңартылатын энергетика мен су тапшылығы туралы рас айтты ма?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жолдауын жариялады. Мәлімдеме барысында ол бірнеше әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де тоқталды, жаңартылатын энергетика және су тапшылығы секілді мәселелерді де қозғады. Factcheck.kz дәстүрлі түрде Тоқаевтың сөздері қаншалықты рас екенін тексеріп, нәтижесін ұсынады.

Мәлімдеме: Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, 2022 жылдың қорытындысында Қазақстанда электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВтсағ жетті, оның 5,1 млрд кВтсағ жаңартылатын энергетика, яғни — 4,5%.

Қазақстан үкіметі алдына үлкен мақсат қойып, жалпы электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергетика үлесін 2025 жылы 6%-ке, 2030 жылы — 10%-ке жеткізуді көздеп отыр. Ал 2050 жылға дейін энергияның жаңартылатын және балама көздері жалпы энергия тұтынудың жартысынан кем болмауы керек.

 

Мәлімдеме: Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Экология министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда су шаруашылығы жүйелері мен нысандарының 60%-тен астамы тозып кеткен. Суландыру жүйесіндегі су шығыны негізгі бастоғанның 50-60%-не жетеді.

Су шаруашылығы құралдарының апаттық жағдайы жарылу мен су тасу қаупін тудырады. Оңтүстік өңірлердегі жағдай тіптен қиын. Оның ішінде, биыл 4 шілдеде Түркістан облысының әкімі оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы нысандары 75%-ке тозғанын, ал су шығыны 40% болғанын айтты.

Былтыр Жоғарғы аудиторлық палата оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы нысандарының жағдайы нашар екеніне назар аудартқан, дегенмен жағдай өзгермеген тәрізді. Оған БАҚ-тағы жариялымдар дәлел (1, 2).

5880 су шаруашылығы құрылыстарының тек 111-і немесе 1,9%-ы автоматтандырылды, олардың тек 35-і ғана жұмыс істейді. ГТҚ-ны автоматтандырудың төмен деңгейінің себептері су шаруашылығы объектілерінің қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйі және автоматтандыруды қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымның болмауы (электрмен қоректендіру, байланыс арналары) болып табылады. 2256 иесіз өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымалар жерасты тұщы суларының табиғи ресурстарына және қоршаған ортаға орны толмас залал келтіреді. Бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру кезінде жұмыстарды нақты үйлестіру жоқ, Су ресурстары комитеті мен “Қазсушар” РМК арасында өзара іс-қимылдың әлсіздігі де орын алып отыр. Әзірленген жобалау-сметалық құжаттама сапасының төмендігі, ескірген технологияларды пайдалану жобалардың уақтылы іске асырылмауына және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына әкеп соқты.

Жоғарғы аудиторлық палатасы

Бұған дейін 2017 жылы Экология министрлігі өзінің «Жасыл экономикаға ауысу 2017-2019 жылдар» атты баяндамасында басқа деректі келтіргенін еске сала кетейік: «Елдегі тозған каналдар үлесі — 60-80%. Бөгеттердің орташа есеппен 40%-і тозды. 1 705 гидротехникалық ғимараттың 436-ын қауіпсіз жұмыс істеуі үшін жөндеу қажет».

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz