Тоқаев ТМД кездесуінде рас сөйледі ме?

Тоқаев 13 қазанда Бішкекте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиын барысында президент ел экономикасына қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы Қазақстан 134 437,6 млн доллларға сауда жасаған. Оның 36 136,9 млн доллары Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдеріне қатысты сан. Яғни расымен сауда айналымының төрттен бірінен көбі ТМД елдерімен жасалған.

Мәлімдеме: Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Статистика бюросының бізге берген дерегіне сай, 2023 қаңтар-шілдеде Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы $20,6 млрдқа жеткен. Бұл көрсеткіш былтыр сол уақыт аралығында $19 млрд болған, яғни өсім —  4,5%.

Мәлімдеме: Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Тоқаев бұған дейін бұл мәлімдемесін бірнеше рет қайталаса да (ауыл шаруашылық министрі де айтқан), тәуелсіз институттардың мұны дәлелдейтін дерегін не қандай да бір талдау нәтижесін таба алмадық. Қызығы, Тоқаев бірде 85% деген көрсеткіш туралы айтса, бірде Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалды, ал тағы бір кезде Азия мен Еуропа арасындағы тасымалды айтады.

Ал «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы келесідей дерек келтіреді: “Қазақстанға Қытай мен Еуропа арасындағы барлық транзиттік құрлықтық тасымалдаудың 70% келеді, бұл ретте құрлықтық тасымалдау теңіз тасымалдауымен салыстырғанда 3 есе жылдам (14 күн – темір жол арқылы және 40 күн – теңіз жолы)“.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz