2024 жылғы 24 мамырда Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта 46-сингапур лекциясын оқығанын хабарлады. Ресми сайттың жазуынша, Юсоф Исхак институты 1980 жылдардан бері академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін осындай лекциялар ұйымадастырып келеді.
Лекция барысында Тоқаев Қазақстанның орта державаға қосылғаны туралы және Сингапурдың әскери күші туралы сөз етіп, дерек келтірген. Factcheck.kz президенттің сөзін талдап көрді.
Мәлімдеме: Биыл қаңтар айында Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Германияның «Ғылым және саясат қоры» (Stiftung Wissenschaft und Politik — SWP) 2024 жылы 23 қаңтарда «Орта державалар — халықаралық саясаттағы ықпалды ойыншылар» деген көлемді мақала жазғаны рас екенін бұған дейін талдадық. Ұйым мақаланы жариялағанда қазақстандық медиа мұны белгілі бір критерийлер бойынша қалыптасатын “дәстүрлі мағынадағы” рейтиң ретінде сипаттаған.
Тоқаевтың сөзінен де осы сарын байқалады. Мысалы, оның “алғаш рет” деуі бұл жылда жарияланатын көрсеткіш ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ мақала — елдердің әлемдік саясаттағы рөлін зерттеудің аналитикалық тәсілін білдіреді.
Қор қызметкерлері Қазақстанмен қатар 11 елді — Түркияны, Израильды, Мысырды, Сауд Арабиясын, Үндістанды, Индонезияны, Эфиопияны, Кенияны, Оңтүстік Африканы, Мексиканы және Бразилияны атайды.
Авторлардың жазуынша, бұл елдер үлкен держава емес, бірақ түрлі жағдай мен саясат саласына қарай айтарлықтай ықпалды болуы мүмкін. Сол кезде ғана бұл елдерде стратегиялық мән пайда болады. Бұл мемлекеттердің ішінен Германия үшін ықтимал биполярлық блокта орта позицияны ұстанатындар және кез-келген лагерьге толық қарасты болмауға тырысатындар ерекше қызығушылық тудырады.
Мақала авторлары елдердің әртүрлі екенін бірнеше рет ескертеді. Мысалы, Үндістан «орта держава» анықтамасына мүлде келмейді: Үндістан ресурстары мен оның қалыптасу талаптарына байланысты үлкен держава деуге болады, ал Кенияда «орта держава» деп санауға көп нәрсе жетіспейді. Түркия мен Израиль Батыстың ажырамас бөлігі болғандықтан, олар іс жүзінде делдал ретінде ешқандай рөл ұсынбайды. Дегенмен, он екі мемлекеттің әрқайсысы үшін үш ортақ нәрсені айтуға болады: экономикалық дамудың маңызы, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа көп көңіл бөлу және стратегиялық автономияға ұмтылу.
Мәлімдеме: Сингапурлықтар өздерін кішкентай ел санайтынын жақсы білемін. Алайда, менің ойымша, Сингапурдың қаржылық және экономикалық ықпалы, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жолдарының тоғысында орналасуы, 2024 жылғы Global Firepower есебі бойынша 145 елдің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мемлекеттің орны әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірге айналдырды
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
2024 жылы 145 елдің әскери қуатын есептеген Global Firepower-дің ақпаратына сай, Сингапур биыл расымен 30-орында тұр.
Рейтиңде алғашқы үштік — АҚШ, Ресей, Қытай. Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде алғашқы орында — 58-орында тұр. Өзбекстан 65-орында, Түркіменстан 83-орында, ал Қырғызстан 100 және Тәжікстан 107-орында тұр. Рейтиңдегі 145-орында Бутан тұр.
Ұйымның жазуынша, ол әрбір елге рейтиңнен орын берер алдында 60-тан астам факторды есептеген. Оның ішіне әскер саны мен қаражаттан бөлек мұнай қоры, сыртқы қарыз, табиғи газ тұтыну, көмір өндіру және жалпы жер көлемі және т.б. кіреді.