Тәліптер АҚШ пен Ұлыбританияның террористік ұйым тізімінде жоқ па?

2023 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы бизнес-форум қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш тілшілерге пікір беріп, «Талибан» (Жоғарғы сот шешімімен қозғалысқа Қазақстанда тыйым салынған) АҚШ, Ұлыбритания, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің террористік ұйым тізіміне енбейтінін мәлімдеді (1, 2, 3).

Тәліптер АҚШ пен Ұлыбританияның террористік ұйым тізімінде жоқ па?
isafmedia, CC BY 2.0 https://creativecommons.org/licenses/by/2.0, via Wikimedia Commons

Factcheck.kz редакциясы министр орынбасарының сөзін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: … «Талибан» қозғалысы АҚШ-тың, сонымен қатар ірі батыс елдерінің, мәселен, Ұлыбританияның террористік ұйымдардың ұлттық тізіміне енбейтінін атап өткім келеді.  

Қанат Тумыш

Үкім: Шындық

АҚШ пен Ұлыбританияның шетелдік лаңкестік ұйымдар тізімінде тәліптер расында жоқ. Соған қарамастан екі ел де тәліптерді қолдайтын бірнеше ұйымға тыйым салған.

Мәселен, екі елдің де шетелдік лаңкестік ұйымдар тізімінде «Техрик-е Талибан Пәкістан» (Пәкістан тәліптері) бар. Оның ауғанстандық «Талибаннан» операциялық, командалық құрылымы басқа болғанымен, ортақ идеологияны ұстанады және тығыз байланыс орнатқан.

Ал ауғанстандық «Талибан» 2001 жылғы 21 қыркүйектегі (2002 жылдың 2 шілдесінде түзету енгізілген) АҚШ президенті Джордж Буштың бұйрығымен Specially Designated Global Terrorists тізіміне (қазақша — «арнайы анықталатын жаһандық террористер») енген. Бұйрық АҚШ мемлекеттік органдарын лаңкестік әрекет жасайтын, лаңкестік әрекет жасауы ықтимал, оларға көмек, қызмет көрсететін және қай жағынан болса да лаңкестермен және лаңкестік ұйымдармен байланысы бар жеке және заңды тұлғаларды қаржылай қолдауға қарсы тұрады.

Құрама штаттар 2008 жылғы Consolidated Appropriations Act-те (жалпы қаржыландыру актісі) де «Талибанды» лаңкестік ұйым деп таныған. Құжаттың өзінде ол иммиграцияға тыйыммен байланысты.

Яғни, АҚШ «Талибанды» кемінде екі рет ресми құжаттарда лаңкестік ұйымдарға жатқызған, бірақ оны шетелдік террористік ұйым тізіміне қоспаған. Оның нақты себебі белгісіз. Дегенмен 2017 жылы Voice of America басылымына пікір білдірген сарапшылар «АҚШ билігі ауғанстандық «Талибан» пәкістандық «Техрик-е Талибан» сынды қылмыстық топ екенін білсе де, саяси және дипломатиялық жағын ескеріп тізімге қоспай отыр» деп болжады.

2023 жылғы тамыздың басындағы жағдай бойынша «Талибан» ұйымы Қазақстан аумағында тыйым салынған. Қанат Тумыш қозғалысты тыйым салынған ұйымдар тізімінен алу туралы журналистердің сұрағына «бұл мәселе қосымша шешімдерді қажет етеді» деп жауап берді.

Мәлімдеме: Бұл комитеттің санкция тізімінде (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі) осы қозғалыспен байланысы бар 135 мүше мен тұлға бар. Дегенмен «Талибан» қозғалысының өзі БҰҰ санкция салған ұйымдар тізіміне енбеген. (…) Бұл тізімге енген 135 адам лаңкес емес.

Қанат Тумыш

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкция тізімінде тәліптер расында жоқ. Ұйыммен байланысы бар тұлғаларға келсек, 135 адам саны 2022 жылдың ортасында БАҚ-та жиі айтылып жүрді. 2023 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша тізімде шамамен 126 адам бар.

Манипуляциясы мынау: Санкция тізіміндегі тұлғалар лаңкес емес екені туралы пікір даулы. Тізімде қазіргі «Талибан» қозғалысының өкілдері, әскери командирлермен қатар, түрлі кезеңдерде «Талибанға» демеуші болып, көмектескен адамдар бар. Жалғыз ғана Абдул Кабир Мохаммад Джанның өзі Ауғанстанның шығысындағы лаңкестік операциялардың белсенді қатысушысы болған.

Егер «Талибанның» өзі тізімде жоқ деп алсақ, оған қатысы бар адамдар да лаңкес бола алмайды деген тұжырым жасауға болар еді. Бірақ іс жүзінде «Талибан» лаңкестік әрекеттермен айналысады, яғни оған мүше адамдар да лаңкес саналады.

Қанат Тумыштың сөзінше, форумға қатысқан, негізінен, Ауғанстанның іскерлік ортасындағы адамдар және олар санкция тізімінде жоқ.

Контекст

Құрама штаттар 1935 жылы Ауғанстанмен дипломатиялық қатынас орнатты. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден кейін АҚШ Ауғанстан аумағына әскерін кіргізді. Өңірдегі «Талибан» мен АҚШ қолдайтын Ауғанстан үкіметі арасындағы соғыс кейінгі 20 жыл бойы тоқтамады.  

2020 жылдың 29 ақпанында «Талибан» қозғалысы Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіру туралы Доха келісіміне қол қойғаннан кейін 2021 жылдың 30 тамызында АҚШ ел аумағынан әскерін шығарды.

Тәліптер билікті күшпен иеленіп алғаннан кейін АҚШ, олардың сөзінше, «Ауғанстандағы прагматикалық қатысу» бағытына көшті. Қазір Құрама Штаттар «Талибанды» Ауғанстанның ресми үкіметі деп мойындау не мойындамау туралы шешім қабылдаған жоқ. Бірақ ауғандарға БҰҰ агенттіктері мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы гуманитарлық көмек көрсетіп тұрады. 2022 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша, мұндай көмек көлемі 775 млн АҚШ долларына жетті.

Ұлыбритания да «Талибанды» Ауғанстанның үкіметі деп мойындамайды, бірақ елге үлкен көлемде қаржылай және гуманитарлық көмек көрсетеді. 2021/22 жылы ел Ауғанстанға 286 миллион фунт стерлиң бөлген. Барлық қаражат «Талибанды» айналып өтіп, халықаралық ұйымдар арқылы беріледі.

Factcheck.kz