«Су алып жатқан адамдарды зымыран атқылап жатыр»: видеоның Палестина-Израиль шиеленісіне қатысы бар ма?

Желіде жоғарыдан жіберілген зымыранның танкердің жанында тұрған адамдарға шабуылдап жатқаны көрінетін видео тарады. Әлеуметтік желілердегі дереккөздердің көбі Израиль зымыранды су алып жатқан палестиналықтарға дроннан жіберді деп мәлімдеп жатыр. Көбі видеода балалар бар екенін нақтылап өтеді. Бұл туралы бірнеше тілдегі парақша, әсіресе, Instagram (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10), X (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10), Facebook (1, 2) және TikTok жазып жатыр. Сонымен қатар роликте палестиналықтар бомбаны израильдіктерге жібергенін айтып жатқан дереккөздер де жоқ емес.

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы видеоның Палестина мен Израиль арасындағы шиеленіске қатысы бар-жоғын анықтап көрді.

Үкім: Жалған

Бір топ адамға әуе шабуылы жасалғаны бейнеленген видео Судан астанасы Хартум қаласында түсірілген. Ол алғаш рет 2023 жылғы 12 қазанда әрі судандық, әрі халықаралық жаңалық ресурстарында шықты. Үкімет армиясы қазіргі билікке қарсы шығып жүрген «Жылдам әрекет ету» сарбаздарына шабуылдағаны хабарланды. Видео бірден әлеуметтік желілерде жалған контекстіде тарай бастады.

Толығырақ

Желіде видеодағы скриншоттар арқылы іздеу Израиль-Палестина шиеленісі туралы көп жазбаға алып келді. Алайда олардың арасында алғашқы дереккөзді табуға болады. 12 қазанда жаңалық ресурстары Судан үкіметтік күштері «Жылдам әрекет ету күштері» тобына шабуыл жасағанын хабарлаған. Астана уақытымен сағат 16:04-де Sudan News жаңалықтар аккаунты X желісінде Судан үкімет күштері «Жылдам әрекет ету күштеріне» «мотоциклдеріне жанармай құйып жатқан жерінен» шабуылдағанын мәлімдеген. Екі сағат өткен соң Al Jazeera Sudan Facebook желісінде мәлімдемені растады. Онда Судан армиясы Судан жылдам әрекет ету күштеріне тиесілі «жанармай танкерін жарып жібергені» айтылған.

«Су алып жатқан адамдарды зымыран атқылап жатыр»: видеоның Палестина-Израиль шиеленісіне қатысы бар ма?

Sudan News жариялаған видеоның оң жақ бұрышындағы логотип пен сол жағында төменде жазылған жазу Khartoum Janjaweed Cemetery Telegram-арнасын көрсеткен. Алайда шын мәнінде видео X желісіндегі Sudan News аккаунтынан 28 минуттан соң шыққан.

Локацияға келсек, БАҚ оқиғаның Судан астанасы Хартум қаласында болғанын хабарлаған. Google Maps сервисін қолдана отырып біз Хартумнан видеодағы жанармай құйылған танкерлерді қаланың Халықаралық әуежайы маңынан таптық.

Контекст

2023 жылғы 15 сәуірде Судан армиясы мен Жылдам әрекет ету күштерінің арасында шиеленіс басталды. Ол әскери реформаларға қатысты даудан туындаған.

7 қазанда ХАМАС тобы Израильге жойқын шабуыл жасады. Оған жауап ретінде Израиль контртеррористік операция бастады, ал елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мемлекеттің соғыс жағдайында екенін мәлімдеді.

Журналистка, фактчекерка. Изучает филологию и полиязычное образование в КазНПУ им. Абая.

Factcheck.kz