Смартфондар найзағай тарта ма?

Желіде қосылып тұрған мобильді телефондардың нөсер кезінде найзағай тартуы мүмкін екенін, яғни, найзағай тию қаупін арттыратыны туралы айтылғандарды жиі кездестіруге болады. Factcheck.kz редакциясы бұл туралы ғылымның не дейтінін тексеріп көрді.

Телефондардың қаупі

Нөсер кезінде қосылып тұрған мобильді телефондардың қаупі туралы әртүрлі дереккөзде бар.

«Мобильді телефон найзағай тартады, сондықтан оны алыс ұстаған жөн, ең дұрысы, мүлдем өшіріп тастау керек. Сондай-ақ қолыңыздағы металл заттар да — қолшатыр, қармақ, кілт және т.б. сондай қасиетке ие» — деп жазылған «Индустриальная Караганда» газетінің сайтында.

Мемлекеттік орган сайттарында да осыған ұқсас кеңестер бар.

«Тығылатын жер іздеп жүрсеңіз, ашық кеңістіктек кету керек — жүгірмеңіз, ақырын жүріңіз. Мобильді телефондарды өшіріңіз», — деген кеңес береді Алматы облысы ТЖД.

Мұндай хабарламалар тек қазақстандық ақпарат кеңістігінде ғана кездеспейді.

Нөсер кезінде найзағай тию қаупі болғандықтан мобильді телефондарды өшіру керек екенін Ресей ТЖМ сілтеме жасап  «Комсомольская правда» басылымы да жазған.

«Найзағай мобильді телефонмен сөйлесіп тұрған адамға бірнеше рет тиген. Нөсер кезінде сигнал тұрақсыз немесе мүлдем болмайтынына қарамастан, қатерге барудың қажеті жоқ. Мобильді құрылғыда металл бөлшектер бар. Сондықтан ол найзағай тартуы мүмкін», — делінген Беларусьтің Гродно қаласының жедел медициналық көмек көрсететін аурухана сайтында.

Ағылшын тілді интернет ресурстарда да мобильді телефондардың қаупі туралы хабарламалар кездестіруге болады. Мысалы, 2005 жылы шыққан The New York Times материалында стационар телефондар қолдану кезіндегі өлімдер туралы ғана емес, мобильді құрылғылар туралы да жазылған.

«Мысалы, 1985 жылы Нью-Джерсиде жасөспірім найзағай электр разрядын телефон сымы арқылы құлағына өткізген соң жүрегі тоқтап қаза тапты. Мұндай жағдайлар туралы хабарланған. Ал мобильді телефондар ше? Найзағайдан қауіп болатындықтан, сымсыз және мобильді телефондар қауіпсіз келеді. Алайда нөсер кезінде оларды қолдансаңыз, кез келген металл зат сияқты қауіпті болып шыға келеді», — деп жазады басылым. 

«Ағылшын ғалымдары ескертеді»

Мобильді телефондар найзағай «тартады» деген болжамның қалай пайда болғанын айту қиын. Алайда іздеу жүйелері арқылы нашар ауа райы кезіндегі қауіп айтылған ерте мәлімдемелердің бірін таптық.

2006 жылы ВВС сайтында «Мобильді телефонның нөсер кезіндегі қаупі» деген жаңалық шыққан. Автор ағылшын дәрігерлеріне сілтеме жасап, нөсер кезінде ашық кеңістікте мобильді телефон қолданудың найзағай тию қаупі бар екенін жазады.

Онда былай деп жазылған: «Британия медицина журналында» (BMJ) 15 жастағы қыздың телефонмен сөйлескен кезде найзағай тиіп ауыр жарақат алғаны туралы хабарланған. Мүгедектікке әкелгеннен бөлек, оның құлағындағы барабан жарылған.

Беделді басылымдағы бұл материалдың нөсер кезіндегі мобильді телефондардың қаупі туралы өсек-аяңның пайда болуына әкелуі ғажап емес.

«Британия медицина журналында» Northwick Park Hospital  ауруханасының үш отоларинголог дәрігердің авторлығымен шыққан мақалада медициналық әдебиетте 2006 жылы мұндай жағдайлардың сипатталмағаны, бірақ оқиғалардың болғаны айтылады. Қытай, Корея, Малайзия баспасөз құралдарында бұған дейін нөсер кезінде үш адамның телефонмен сөйлесіп тұрып қаза тапқаны туралы айтылған.  

Авторлар нөсер кезінде мобильді телефон қолдану мен оған найзағай тиюдің арасындағы себеп-салдарлық байланысты келтірмейді, алайда қауіп туралы ескертіп, Аустралия метеорология бюросының сайтында 2004  жылы шыққан жазбаға (қолжетімді емес, архивке сілтеме), сілтеме жасайды. Онда нөсер кезінде далаға мобильді немесе сымсыз телефон пайдаланбау керек екенін, олардың найзағай тартатыны жазылған. Бюро жариялаған басқа бір материалда да осы туралы жазылған. Біріншісіне қарағанда, ол әлі қолжетімді:

BBC журналисі BMJ жазбасымен шектеліп қана қоймай, материалға сарапшылардың үш пікірін қосқан. Бірақ олар мәселені ашпайды, себебі бір-біріне қарама қайшы келеді.

Ұлыбритания метеорологиялық қызмет ғалымы Пол Тейлор нөсер кезінде мобильді телефонды қалтаға салудың зиян екенін айтқан: «Нөсерді бақылау қауымдастықтарында металл заттардың жарақатқа әкелетіні белгілі» дейді ол.

Одан ары қарай мәтінде Кембридж университеті астрофизиктер тобының дәрігері Рэмси Фаррагердің жазбасына жауап берілген. Ол Northwick Park Hospital авторларының мәлімдемелерінен екі аптадан кейін BMJ журналында жарияланған.

«Жерге металл баған тығып, оны ұстап тұру жамандық шақырумен тең. Бірақ пластик корпус ішінде оқшауланған металдың аз ғана мөлшері найзағай ұратындай электрді күшейтуі екіталай» дейді Фаррагер.

ВВС жазған тағы бір пікір иесі Аустралия мобильді байланыс ассоциациясының қызметкері Крис Абрахам, «біреуге найзағай тисе, мобильді телефоны жоқ адам жедел көмек қызметіне хабарласа алмай қалуы мүмкін» дейді ол.

Осылайша, үш пікірдің біреуі нөсер кезінде мобильді телефон қолданбау керек десе, қалғаны бұған қарсы келеді.

Ағылшын дәрігерлеріне жауап жазған тағы бір материал таптық. Оны Аустралия мобильді байланыс ассоциациясы басшысы Крис Альтхаус BMJ журналында жариялапты.

Онда мамандардың халықты адастыратыны айтылып, АҚШ мұхит және атмосфера зерттеулері басқармасының мобильді телефондар адамға тартылмайтыны туралы мәлімдемесі келтірілген. NOOA ұйымының сол жазбасы AMTA сайтында да қайталанады.

«Мобильді телефондар, кішігірім металл заттар, әшекейлер және т.б. найзағай тартпайды. Найзағайды ештеңе тартпайды. Найзағай биік объектілерге тиеді» дейді NOAA сарапшысы Джон Дженсениус — «Адамдарға найзағай тиеді, себебі олар ыңғайсыз жерде, ыңғайсыз орында болады. Ыңғайсыз жер деген даладағы ашық кеңістік. Ыңғайсыз уақыт деген нөсер болып жатқан кез».

NOAA сайтында нөсер болған кезге арналған нұсқаулық бар.

«Электр құрылғыларын, әсіресе, сымды телефондарды аса қажет болмаса, қолданбаңыздар (мобильді телефондар да, желіге қосылмаған ноутбуктер те қауіпсіз)», — деп жазылған сайтта.

Алайда, нөсер кезінде далада мобильді телефон қолдануға болатын-болмайтыны айтылмайды. Бірақ істемеу керек әрекеттердің тізімінде де бұл байланыс түрі жоқ. Осылайша, NOAA дерегінше, мобильді телефон найзағай тию қаупін арттырмайды деген қорытынды жасауға болады.

АҚШ ұлттық метеоролгиялық қызмет сайтында найзағай туралы мифтер тізімінде «металл заттардың немесе дене мүшелерінің (зергерлік бұйымдар, мобильді телефондар, MP3-плеерлер, сағаттар және т.б.) найзағай тартатыны жоққа шығарылған. Мәтінде найзағай тиетін орынды анықтайтын фактор объекттің биіктігі екені айтылған.

Найзағай кезінде қорғаныш шараларын қабылдап, қауіпсіз жерге барыңыз және металдан құтылуға уақыт жұмсамаңыз. Металл найзағай тартпайды, бірақ бойынан өткізеді, сондықтан металл заттардан аулақ болыңыздар.

Металдың найзағай тартпайтынын өндірушілер де айтады. Мысалы, АҚШ-тың Техас штатында металл шығаратын Rhino Steel Building Systems компаниясы найзағай туралы мифтерді талдап, металл заттардың басқа да объектілер сияқты найзағай тарту мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. АҚШ ұлттық метеорологиялық қызметі сияқты компания да металл токты жақсы өткізетінін, сондықтан металл заттардың жанында болмаған жөн екенін ескерткен.

2021 жылы ресейлік «Наука» телеарнасының сайтында физика математика ғылымдарының докторы, ММУ физика факультеті кафедрасының меңгерушісі Сергей Аятчанинмен сұхбат жарияланды. Ол телефон немесе құлаққап найзағай тию қаупін арттыра ма деген сұраққа «Телефон немесе құлаққаптың найзағай тартқанын елестете де алмаймын? Неге? Ақылға сыймайды ғой» деп жауап берді.

Біз жинаған деректерге сүйеніп, қорытынды шығара аламыз.

Үкім: Дәлелденбеген

Мобильді телефондарды қолдану найзағай тию қаупін арттыратынына ешқандай дәлел таппадық. Мобильді телефондардың нөсер кезіндегі қаупінің себептерінің біріне айналған болуы мүмкін «Британия медицина журналында» жарияланған материал зерттеу емес, нақты жағдайды сипаттау және баспасөз құралдарынан білген үш оқиғаны хабарлау ғана. Дәл осы журнал беттерінде келесі жазбаларды дәрігерлердің болжамы жоққа да шығарылған. Метеорологиялық және құтқару қызметтері, әртүрлі сарапшылар нөсер кезінде мобильді телефон ұстауға қатысты әртүрлі пікір айтады. Соған сүйене отырып «дәлелденбеген» деген үкім қоямыз.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz