Смайылов Еуропа елдеріндегі инфляция туралы рас сөйледі ме?

Жақында ҚР премьер министрі Әлихан Смайылов Tengrinews.kz журналисіне сұхбат берді. Ол сұхбат барысында Еуропа елдеріндегі инфляция деңгейі туралы айтты. Factcheck.kz премьер министрдің қаншалықты рас сөйлегенін тексерді.

Мысалы, АҚШ-та азық-инфляциясы шамамен 10% процентті құрады.

Әлихан Смайылов

Үкім: Шындыққа жақын

Расымен АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, АҚШ-та 2021 жылдың маусымы мен 2022 жылдың маусымы аралығында азық-түлік бағасы 13,1%-ке өскен. Сонымен қатар, Федералды еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, бұл 1981 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Ал еуроаймақта шамамен 12%-ті құрады.

Әлихан Смайылов.

Үкім: Шындыққа жақын

Еуроаймақта тамыз айында инфляция 9,1%-ке жеткен. Еуроодақтың статистика басқармасының жазуынша, бұған энергия бағасының өсуі қатты түрткі болған. Тамызда бұл саладағы инфляция 38,3%, ал азық-түлік инфляциясы 10,5%-ке өскен. Бұған дейін Еуроаймақта дәл осындай деңгейде бағаның өсу көрсеткіші тіркелмеген.

Мысалы, Венгрия секілді елде [инфляция-ред.] 23%-ті құрады.

Әлихан Смайылов.

Үкім: Шындыққа жақын

Венгрияның орталық статистика басқармасының мәліметінше, азық-түлік инфляциясы тамыз айында 30,9%-ті, ал жалпы инфляция 15,6%-ті құраған. Ал еуростат дерегінше, тамыз айында инфляция 18,6%-ке өскен.

Түркияда [инфляция – ред.] шамамен 90%-ті құрады.

Әлихан Смайылов.

Үкім: Шындыққа жақын

Түркияның статистика институтының дерегінше, тамыз айында елдегі инфляция 80,21%-ке өскен. Бұл 1998 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Халықаралық Reuters агенттігінің жазуынша, инфляция былтыр күзде Түркияда лира құнсызданғанда артқан.

TheGuardian мәліметінше, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2018 жылы Орталық банк басшысының кеңесіне құлақ аспай экономика өсімін арттыру мақсатында пайыздық мөлшерлемені азайтқан. Кейін лира құнсызданып, шығын көбейген.

Ресейде азық-түлік инфляциясы 18%-ті құрайды.

Әлихан Смайылов.

Үкім: Техникалық қате

Ресейдің экономикалық даму министрлігінің мәліметінше, 1 сәуірде елде жалпы инфляция 18,75%%-ті құрады. Премьер-министр осы дерекпен шатасқан болуы мүмкін.

Ал Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтындағы дерекке сәйкес, Ресейде тамыз айында азық-түлік тауарлары 9%-ке қымбаттаған. Ал Rosstat.gov.ru дерегінше, тамызда азық түлік бағасы 15,77%-ке өскен.

Контекст

  • Жыл басынан бері Қазақстанда (2022 жылғы тамыз 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда) азық – түлік бағасы – 18%-ке, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар -11,9%-ке өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде тамыз айында инфляция деңгейі 16,1%-ті құрады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz