Салқын су ішу зиян ба?

Желіде салқын су ішудің зияны туралы ақпарат кең тарап жатыр. Instagram (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13), TikTok (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10), Facebook (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10), Telegram (1, 2, 3, 4, 5, 6), VK (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7), Twitter (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) әлеуметтік желілеріндегі дереккөздер салқын су ішудің ағзаға біршама зияны бары айтылады: суық тию, ас қорытудың бұзылуы, салқындау, тіс эмалінің зақымдануы. Instagram желісінде әлдебір дәрігердің бүйрекке зиян болған соң, салқын су ішуге болмайтыны туралы Reels ролигі 520 мыңнан астам рет қаралған.

Factcheck.kz редакциясы «Салқын су ішу расымен ағзаға зиян ба?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Жалған

Дені сау адамның ағзасына салқын су ішу зиян екені туралы тұжырымның ешбір ғылыми негізі жоқ. Дәрігерлер белгілі бір ауру кезінде салқын су ішуді ұсынбайды. Мысалы, бас сақинасы немесе ахалазия кезінде симптомдарды күшейтпес үшін салқын су ішуге болмайды, алайда басқа жағдайларда салқын су ішудің бөлме температурасындағы су ішуден еш айырмашылығы жоқ және ол ағзаның сусыздануынан қорғайды.

Толығырақ

Дисклеймер: салқын судың ықпалы туралы дереккөздер мен авторлардың бәрі «салқын» деген ұғымға анықтама бермеген (мысалы, нақты температурасын атамаған). Сондықтан бұл материалда біз терминді жалпы мағынада қолданамыз. Атап айтқанда, су құбырынан ағып тұрған салқын су (Цельсий бойынша 16 градус) болсын не тоңазытқышта суытылған су болсын (Цельсий бойынша 4-5 градус), бөлме температурасынан төмен суды айтып отырмыз.

Ашық дереккөзде су ішу және оның ағзаға ықпалы туралы зерттеулер көп. Солардың арасында ағзаға зияны туралы айтылғаны жоқ (1, 2). Тек суды мөлшерден көп ішу я болмаса белгілі бір аурумен ауыратын адамдар зерттеу объектісіне айналғанда ғана су ішудің зияны туралы айтылған.

Салқын су ішу ағзада онсыз да бар симптомдарды күшейтуі мүмкін. Healthline және MedicalNewsToday ресурстары Cephalalgia: An International Journal of Headache журналында жарияланған 2001 жылғы зерттеу туралы айтады: онда бас сақинасы бар әйелдерде (яғни, жылына кемінде бір рет бас сақинасы ұстайтын әйелдерде), салқын су ішкен соң аурудың өршуі бас сақинасы жоқ адамдарға қарағанда екі есе көп екені айтылған.

Желіде Chest journal басылымында жарияланған 1978 жылғы зерттеу  де бар. Онда салқын су, ыстық су және тауық сорпасының мұрынның шырышты қабығына әсерін зерттеген. 15 адам қатысқан зертеу салқын су ішкен соң мұрынның шырышты қабығы қоюланғанын, оның тыныс алу жолдарынан өтуі қиындағанын, бірақ кейін ыстық су мен тауық сорпасы зерттеуге қатысқандардың тыныс алуын жеңілдеткені айтылған.

Neurogastroenterology & Motility журналында жарияланған 2012 және 2014 жылғы зерттеулер ахалазиясы бар адамдарда салқын су ішкен соң симптомдар нашарлап кеткенін анықтаған. Салқын су өңеш рефлекстерін бұзып, тамақтың өту процесін қиындатқан.

Ахалазия — өңеш жолының, яғни, тағамды ауыз қуысынан асқазанға жіберетін жолдың сирек кездесетін ауруы. Ол тағамның асқазанға жіберілуінің бұзылуымен, төменгі асқазан сфинктерінің босаңси алмау қабілетімен сипатталады.

Ахалазиясы бар адамдарға көмек көрсетумен айналысатын Achalasia Action Британиялық қайырымдылық ұйымының сайтында су мен тағамның температурасы өңіштегі жүйке талшықтарының реакциясынан кей пациенттерге ықпал ететіні айтылған.

Дәстүрлі медиицнадағы салқын су

Біршама дереккөзде салқын судың зияны туралы айтқанда дәстүрлі медицинаға сілтеме келтірілген. Әлеуметтік желілерде (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) салқын су ішудің зияны Аюрведа үнді дәстүрлі медицинасының контекстінде айтылған. Аюрведаға сәйкес, салқын су ағзада дисбаланс туғызып, ас қорыту процесін бәсеңдетеді. Дененің орташа температурасы 36,6 градус болса, одан төмен температурада су ішу ағзаны жылдамырақ жұмыс істеуге итермелеп, ішілген судың дене демпературасына дейін «жылытады-мыс».

Колумбия университетінің ғалымдары салқын су ішу бөлме температурасындағы су ішкеннен гөрі көбірек калория кетіретінін, себебі ағза суды дене температурасына көтергенше көбірек қосымша энергия жұмсайтынын растайды. Алайда бұл калориялардың мөлшері өте аз, тіпті, адамдар метаболизм немесе күні бойғы физикалық белсенділік кезінде жұмсалатын калогияға да жетпейді.

Кей дереккөздер (1, 2, 3, 4, 5, 6) салқын су ішудің зиян екенін айтып, дәстүрлі қытай медицинасына сілтейді. Оған сәйкес, салқын су көкбауыр, бүйрек және асқазанның жұмыс істеуіне кедергі келтіреді екен-міс. Дәстүрлі қытай медицинасын қолдаушылар салқын судың орнына жылы немесе ыстық су ішу керек дейді және ол тағамның сапалы сіңуіне ықпал ететінін айтады. Жылы судың артықшылықтары бар болғанымен, бөлме температурасындағы немесе салқын судың ағзаға зияны туралы ғылыми дәлелдер жоқ екенін атап өту керек.

Материалдың басында айтылған бейнеролик Желіде кең тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) және ол да дәстүрлі медицинаға қатысты. Видеода «халық дәрігері» атанып жүрген Александр Огулов ішкі органдарды массаж көмегімен емдеу практикасын қолданады.

Салқын су ішу зиян ба?
Александром Огулов түскен видеоның скрині

Александр Огуловтың медициналық білімі жоқ. Массаж арқылы емдеу әдісін ол халық емшілерінен емделген соң игерген, ал білімді халық медицинасы туралы әдебиеттерден алған. Оның өзінің клиникасы және  1,46 млн  жазылушысы бар «Огулов TV» YouTube-арнасы бар. Алайда оның «салқын судың зияны» сияқты мәлімдемелерінің көбінің ғылыми негізі жоқ.

Салқын судың артықшылықтары

Салқын су ішудің артықшылықтары да бар. Мысалы, Journal of the International Society of Sports Nurtrition журналында жарияланған 2012 жылғы зерттеу салқын су ішу жаттығу кезінде дененің қызып кетуінен қорғайтынын анықтаған. Сондай-ақ салқын су дене жаттығулары кезінде жақсы көрсеткіштерге ықпал еткен.

Журналистка, фактчекерка. Изучает филологию и полиязычное образование в КазНПУ им. Абая.

Factcheck.kz