Ресейде адыраспанға тыйым салынды ма?

Жақында бірнеше ақпараттық сайт пен олардың әлеуметтік желісінде «‎Ресейде адыраспанға тыйым салынғаны» туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4).‎

Ресейде адыраспанға тыйым салынды ма?

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Үкім: Шындық

Ресей Үкіметінің 7 ақпандағы қаулысына сәйкес, Ресей Федерациясында бақыланатын құрамында есірткі не психотроптық заттар я болмаса олардың прекурсорлары бар өсімдіктердің тізбесіне адыраспан да (Peganum тұқымдас өсімдік) қосылған.

Құжаттың мәтініне сәйкес, Ресей Үкіметінің 2010 жылғы 27 қарашадағы № 934 қаулысына енгізіліп отырған өзгерістерге сай, енді Ресейде Қылмыстық кодекстің 231-бабының мақсаттары үшін адыраспан өсіру заң жүзінде қудаланады. Себебі Ресейдің ҚК 231-бабында құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін жауапкершілік көзделген. Нақтырақ айтсақ, ҚК 231-бабында адыраспанды көп немесе аса көп көлемде заңсыз өсіруге айыппұл салудан бастап, бас бостандығынан айырылуға дейін жаза қарастырылған.

Тыйым салынған өсімдіктердің ішіне шырмауық гүл де енгізілген.

Адыраспанның құрамында түрлі құрылымнан тұратын әртүрлі алкалоид бар, оларды синтездеу қиын. Адырасппанның құрамында өсімдіктің токсикологиялық және фармакологиялық әсеріне жауап беретін β-карболин және хиназолин алкалоидтары кездеседі. Одан улану белгілері галлюцинация және нейросенсорлық синдромдар. Бірақ β-карболин алкалоидтары көптеген өсімдік тұқымдастарында кеңінен тараған. Оның піскен жемістерінің я болмаса гүлдерінің сығындысында құрылымдық жағынан қарапайым қосылыстар да бар.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz