Pepsi атауы Израильді қаржыландыруға шақыра ма?

Желіде Pepsi сусынының атауы Pay Every Penny to Save Israel (Әр пенниді Израильді құтқару үшін төле) деген мағына білдіретіні кеңінен талқыланып жатыр. Хабарлама TikTok (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16), Instagram (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9), X (бұрынғы Twitter) (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) және Facebook (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14) әлеуметтік желілерінде кең тараған.

Мәлімдеме TikTok желісінің қазақстандық сегментінде де танылып кетті: Алматыдағы медреселердің біріндегі ұстаз, 46 мыңнан астам аудиториясы бар адам сусынға байкот жарияласа, «Яндекс» Алиса дыбыстық бағдарламаның жауабы бар видеоролик 5,5 млн қаралым жинады.

FactCheck.kz редакциясы «Танымал газды сусын Израильді қаржыландыруға шақыра ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Фейк

Pepsi атауының Pay Every Penny to Save Israel деген сөздерден қысқартып алынғаны туралы мәлімдеменің еш негізі жоқ. Әрі бұл фейк нарратив ондаған жыл бұрын пайда болғанға ұқсайды.

Дыбыстық көмекшілер қате ақпарат бере алатынын айта кету керек. 2021 жылы Алиса вакцинацияны «ұзаққа созылған өлім» деп атап, ВКонтакте желісіндегі күмәнді дереккөзге сілтеме жасағаны туралы кейсті талдаған едік.

Толығырақ

Pepsi атауы туралы хабарлама желіде бұрын да тараған. Бірақ 2023 жылғы күзде Палестина-Израиль шиеленісінен кейін қайтадан танымал болып кеткен.

Желіде мәлімдеменің ең ерте шықты деген нұсқасы араб тілді havaaworld.com форумындағы 2000 жылғы 26 қазанда шыққан жазбада кездеседі. Оны @dody_1 никті азамат жазған.

2000 жылғы 29 қарашада Reuters басылымының рерайтына ұқсайтын Gulf News материалында Pepsi атауының мағынасы туралы америкалық компаниялардың қара тізімін жариялаған египеттік оппозициялық газеттер жазып жатқаны айтылады.

Алайда, бұл мифтің тамыры тереңде жатыр деген болжам бар. Мысалы, 2019 жылы Middle East Forum сайтындағы материалда түрік журналисі Бурак Бекдил 1980 жылдардың аяғында мұсылман достарының Pepsi атауының мағынасы үшін сусынға байкот жариялауға шақырғанын көргенін айтып, бұл мәлімдемені «көп жылға созылған қастандық теориясы» деді.

Pepsi атауының шынайы тарихы

Pepsi ресми веб-сайтында сусынның пайда болу тарихы жазылған уеб-парақша бар. Оған сәйкес, 1893 жылы АҚШ-тағы Солтүстік Каролина штатында жергілікті фармацевт Калеб Брэдхем сусынның формуласын ойлап тауып, ол о баста «Brad’s drink» («Брэдтің сусыны») деп аталған. Бес жылдан кейін оған «Pepsi-Cola» деген жаңа атау берілді.

Солтүстік Каролина штатының ресми веб-сайтында жарияланған «”Brad’s drink” атауы “Pepsi-Cola” болады» деген материалында сусынның атауы оның құрамына кіретін пепсин ферменті мен кола жаңғағынан пайда болғаны болжанған. Алайда Pepsi компаниясы уеб-сайтының FAQ бөлімінде жаңа атау туралы сұраққа жауап ретінде сусынды жасаушы «Pep Kola» деген жергілікті бәсекелесінің атауын алып, соған ұқсатып «Pepsi-Cola» деп өзгерткені айтылған.

Сусын атауының өзгеру себептерінің ешбірі Израильге қаржылай қолдау білдіруге меңземейді. «Pepsi» атауының өзі 1898 жылы пайда болған, ал Израиль мемлекетінің негізі 1948 жылы қаланды.

Журналистка, фактчекерка. Изучает филологию и полиязычное образование в КазНПУ им. Абая.

Factcheck.kz