Метеосезімталдық деген рас па әлде өтірік пе?

Метосезімталдық (метопатия, метеотәуелділік) – адамның ауа-райы өзгерісін сезуі, күн райының өзгеруіне қарай жай-күйінің нашарлауы не жақсаруы.

Factcheck.kz қолжетімді ғылыми деректерді зерттеп, метеосезімталдықтың бар немесе жоқ екенін анықтап көрді.

Үкім: Жартылай шындық

Көптеген ғылыми дерекке сай, ауа-райының өзгеруі әртүрлі бас ауруының пайда болу жиілігі мен әртүрлі буын ауруының ұстамасы арасында байланыс бар екені анықталған. Бірақ бұл зерттеу бойынша әлі күнге дейін ғылыми консенсус жоқ: әлі де зерттеліп жатыр. Бұл бағытта білім көкжиегі кеңейген сайын, ғалымдардың да шешімі нақтылана түсуі әбден мүмкін.

Әзірге зерттеушілер баға беру кезінде абайлап жүріп, анық басуды жөн көріп отыр: бұл адамның жай-күйіне әсер етуі мүмкін факторлардың көптігіне байланысты шығар. Одан бөлек төмендегі (толығырақ төменнен оқыңыз) мақалалардағы деректердің кейбіреуі қарама-қайшы келіп отыр (бас ауруы кезіндегі құрғақ/ылғалды ауа райы туралы жазғандар, артрит пен басқа да буын аурулары туралы деректер).

Үкімді түсіндіре кетсек, біз, бір жағынан, ғылыми қоғамдағы дәл қазіргі жағдайға бей-жай қарамадық, екінші жағынан көптеген зертетулердің нәтижесі мен кейбір жоғары дәрежелі медициналық ұйымдардың нәтижесін назарға алуға мәжбүр болдық. Сол үшін «Дәлелденбеген» деген үкімнің орнына «Жартылай шындықты» таңдадық.

Ғылыми қайшылық

University Health News-тің (АҚШ-тың жетекші медициналық орталықтары мен оқу орындарының ақпаратын жариялайтын ақпараттық ресурс) медицина саласы бойынша дағдыланған редакторы Кейт Брофидің айтуынша, ғылым әлі ауа-райы мен бас ауруы арасындағы байланыс туралы ешқандай дәлел таппады. Бас аурына физикалық, эмоционалды немесе қоршаған орта факторлары да әсер етуі мүмкін екенін де атап өткен.

Мейо Клиникасы сайтында жарық көрген артериялық қан қысымының жылдың әр мезгіліндегі көрсеткішіне арналған жазбада медицина ғылымының докторы Франциско Лопес-Хименес артериялық қан қысымы қыста жоғары, жазда төмен болады, себебі күн суықта қан тамырлары тарылып, қан жүру үшін көп қысымды қажет ететінін жазған.

Қан қысымына кенет өзгерген ауа-райы әсер етуі мүмкін, мысалы: атмосфералық фронт немесе дауыл. Дене мен қан тамырларына күрт өзгерген ылғалдық, атмосфералық қысым, күннің бұлтты болуы немесе жел де дәл қыстың суығы сияқты әсер етуі әбден мүмкін. Мұндай ауа-райына байланысты өзгеретін артериялық қан қысымы 65 жастағы және одан егде адамдарда жиі кездеседі. Ал мезгілдік қан қысымының жоғарылауына салмақтың көбеюі, мереке кезінде жиі тұтынатын тұзды тағам, қыстағы адамның аз қозғалуы да қосымша себеп екенін айта кеткен жөн.

деп жазады Лопес-Хименес

Харвард медициналық мектепбіне тиесілі Harvard Health Publishing басылымының сайтындағы танымдық жазбада медицина докторы Роберт Шмелиң «Артрит ұстамасына ауа-райы әсер ете ме?» деген сұраққа күмәнмен қарайды. Ол 2017 жылы Британ медициналық журналында жарық көрген зерттеуге сілтеме жасап, бұл зерттеуде жаңбыр мен арқа және буын аурының арасындағы байланыс жоқ деген шешімге келген. Шешім шығару үшін 2008-2012 жылдар аралығында тіркелген 11,6 млн емделуші, жасы 65 және одан да үлкен 1,5 млн адамның орасан көп деректері пайдаланған.

Бір қызығы бұған дейінгі зерттеулерде қарама-қайшылық болған. 2014 жылы Аустралияда жүргізілген бір зерттеуде омыртқа ауруы мен жаңбыр, температура, ылғалдық және ауа қысымы арасында байланыс жоқ екенін тапса, 2007 жылы үш ай бойы жүргізген екінші зерттеуде температура түсіп немесе атмосфералық қысым көтерілгенде 200 адамның тізесі одан бетер қақсаған. 

Шмелиңнің сөзінше, өмірде жоқ нәрсені дәлелдеу қиын. Ол адамдардың екі нәрсенің сәйкес келгенін есте сақтап қалуға құмар екенін (мысалы, ылғал ауа-райы мен буын ауруы), бірақ бұл оқиғалар бір мезетте емес, бөлек-бөлек болған кезді ұмытып кететінін айтады.

Сонымен қатар Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) сайтында бас ауруының пайда болу себептері тізімінде ауа-райының өзгерісі де жазылып тұр. Мемлекеттік органның хабарлауынша, қан қысымының өзгеруіне әкеп соғатын ауа-райы мидағы химиялық және электрлік өзгерістерге әсер етеді. Бұл жүйкені жұқартып, бас аурының пайда болуына әкеп соғады.

Ауа-райының адамның жай-күйіне әсері туралы Линкольндегі (АҚШ) Небраска Университетінің денсаулық орталығының сайтында да жазылған. Ұйымның хабарлауынша, атмосфералық қысым өзгерген кезде, бас қуыстары арасында қысым тудыруы мүмкін, бұл химиялық дисбалансқа әкеп соғып,  басты ауыртады. Сондай-ақ ауа-райының өзгеруі бұрыннан бар бас ауруын немесе бас сақинасын қоздыруы мүмкін. Күн райында қатысты басқа себептерге: құрғақ ауа, жоғары ылғалдық, бұлтты күндер, экстремалды температура, жел, тіке түскен күн сәулесі немесе күн жарығы жатады.

МакГилл Университетінің (Канада) сайтындағы жазбада зерттеулердегі қарама-қайшылықты «бас ауруын қоздырып немесе басуы мүмкін көптеген жеке факторлардың» барымен түсіндіреді.

«Кейбір иіс түрі, кофеиннің жетіспеушілігі, тым ысып кетуі, кейбір ащы дауыс түрі, кофеиннің тым көп болуы, тамақтан бас тару, құлақтың тоңуы, бұлшық еттің жиырылуы – бас ауруына себеп болуы мүмкін тізім осылай жалғаса береді. Бұл факторлардың бәрі ауа-райының бас ауруына әсерін түсінуді қиындатады. Біреу айтқан бас ауруы ауа-райының өзгеруінен, гармондардың, ұйқы қанбаудың немесе жаңа шаш үлгісіне байланысты ма, қайдан білеміз?», – деп жазады автор.

Өзге де ғылыми жұмыстарды зерттеп  көрейік

2004 жылы The Journal of Head and Face Pain журналында жазылған зерттеуде ғалымдар клиникада бақылауда болған, басым ауырды деп шағымданған 77 емделушінің деректерін Ұлттық меторологиялық қызметтің деректерімен салыстырып көрді. Авторлар емделушілердің бір бөлігі ауа-райының өзгерісіне өте сезімтал деген шешімге келген. Бір қызығы, олардың көп бөлігі өзін метеотәуелдімін деп ойлағанымен, зерттеу кезінде басқа нәтиже шыққан.

2010 жылы Handbook of Clinical Neurology журналындағы зерттеуде ғалымдар ауа-райы өзгерісі бас ауруына себеп болуы мүмкін ғылыми дәлелденбеген тұжырымның бір екенін айтып, бас ауруына әдеуір әсер ететін аспектілерді де атап өтті: менструация, жарық, шу мен иіс, стресс, ұйқының дұрыс болмауы, шаршау, ішімдік ішу, кофеиннен бас тарту, тамақтану уақытын жіберіп алу және шөлдеу де болуы мүмкін. Сонымен қатар олар әлдебір тағам түрі немесе дәмдеуіштер бас ауруын қоздыратын маңызды рөл атқарады деген ғылыми дерек жоқ екенін қадап айтты.

2015 жылы шыққан The Journal of Headache and Pain журналындағы зерттеуде бас сақинасы бар 66 тайваньдықтың бас ауруын жазған күнделігіне талдау жасаған. Бір қызығы, 34 адам (51,5%) қоршаған орта температурасына сезімталдығын хабарлаған, ал 32 адам (48,5%) ондай ештеңе байқамағанын айтқан. Нәтиже мынадай: барлық бақылаудағы адамнан жиналған дерек бойынша қыста 16,5%, ал жазда 9,6% бас ауруы жиілігі анықталған. Оған қоса температураға тәуелді адамдардың көрсеткіші 29,2%-ке өссе, температураға тәуелдімін деп айтпағандардың көрсеткіші айтарлықтай өзгермеген.

2015 жылы The American Journal of Emergency Medicine журналындағы мақалада ғалымдар бас ауруының пайда болуы жиілігіне метеорологиялық әсерді, сондай-ақ Ай фазасын да бақылауға күш салған. Ол үшін зерттеушілер бас сақинасы ұстап, жедел ем алу үшін бөлімшеге түскен емделушілерді (3491 адам) бақылаған. Ай фазасының, қысымның, температураның, ылғалдықтың, желдің жылдамдығы (деректерді метеорологтардан алған) мен бір тәулікте түскен емделушілер санымен болуы мүмкін байланыс талданған.

Зерттеудің авторлары мынадай шешімге келген: бас сақинасы ұстап бөлімшеге түскен емделушілер саны жоғары температурада және құрғақ ауа райында көбейген, оған қоса емделушілер саны мен Ай фазасы арасындағы байланыс байқалмаған.

2019 жылы Environment International журналында бір қызық зерттеу жарық көрген. Бұл жерде авторлар зерттеу аясын кеңейтіп, экологиялық факторлардың әсерін де талдауға бел шешкен. 98 америкалықтың анкетасын оқыған зертетушілер мынадай шешімге келген: ылғалды ауа-райы бас сақинасының пайда болу мүмкіндігін жылы мезгілдерде арттырса (алдыңғы зерттеу авторларының құлағына алтын сырға!), транспорттан шығатын газ тәрізді ластандырғыштар суық мезгілде бас сақинасының пайда болу мүмкіндігін арттырған.

2021 жылы ғалымдар Түркияның медицина ғылымдарының журналындағы мақалада ауа-райы өзгерісінің (температура, желдің жылдамдығы, желдің бағыты, ылғал, қысым, ультрокүлгін сәулесінің индексі мен күн шұғыласының ұзақтығы) эпизодтық бас сақинасы ұстамасы мен эпизодтық қысымды бас ауруына (психикалық қысым мен стресстен туындайтын ауру – ред.) әсерін анықтауға тырысқан. Зерттеуде бас сақинасы бар 50 емделуші мен қысымды бас ауруым бар деп шағымданған 50 емделуші тексерілген. Сондай-ақ күнделік жазбаларын қарап, ауа-райы деректерімен салыстырған.

Бас сақинасы ұстамасы кезінде қысымды бас ауруы ұстамасына қарағанда орташа жел жылдамдығы жоғары болған, ал орташа ультракүлгін сәулесінің индексі бас сақинасы ұстамасы кезінде айтарлықтай көп болған. Одан бөлек бас сақинасы бар адамдардың орта жасы ұлғайған сайын, бас сақинасы ұстамасы кезіндегі температура төмендей берген.

2023 жылы Observational Study журналында жарық көрген мақалада авторлар деректерді талдау мен жинақтауға жасанды интеллекті пайдаланған. Олар бас ауруын тіркейтін электронды күнделік ретінде жасалған смартфондарға арналған қосымша деректерін жинап алған; машиналық оқыту әдісі 2020 жылдың желтоқсанынан бастап, 2021 жылдың қарашасына дейін ауа-райы деректері мен 4 357 қолданушының 300 мыңнан астам бас ауруын тіркеген деректерді талдауға керек болды. Зерттеушілердің өзі ауа-райы мен бас ауруының пайда болуы арасындағы байланыс дәлелденбеген күйі қалды деп ескертсе де, олар атмосфералық қысымның төмен болуы, оның өзгеруі, жоғары ылғалдық және жауын-шашын мөлшері бас ауруының көптеп тіркелуімен байланысты екенін тапқан.

Сондай-ақ 2023 жылы Annals of Medicine журналында Кокрейн кітапханасында, Embase, PubMed және Web of Science-те бұл ресурстар құрылған шақтан бастап 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін сақталған зерттеушілердің мета-анализі жарық көрді. Шолуда таңдамалы зерттеулердің методологиялық сапасына баға берілген, ал сапалы шешім шығару үшін ең сенімді дәлелдерді біріктіріп пайдаланған. Мета-анализ авторларының шешімі: ауа-райы факторлары мен остеоартрит кезіндегі ауру арасында байланыс байқалады.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz