Мажарстанда жас отбасыға процентсіз 31 мың еуро несие бере ме?

Кейінгі уақытта желіде “Мажарстанда жас отбасыларға процентсіз 31 мың еуро несие беретіні, егер отбасы 3-баланы дүниеге алып келсе, ақшаның барлық сомасы кешірілетіні” туралы ақпарат тарап жатыр. Суреттегі мәтінге сенсек, төрттен көп баласы бар аналар салық төлемейді-міс. Мәтін соңы “Мажарстанда газ да, мұнай да жоқ” деп аяқталады.

Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9).

Мажарстанда жас отбасыға процентсіз 31 мың еуро несие бере ме?
Желіде тараған ақпарат

Мәлімдеме: Мажарстанда жас отбасыларға процентсіз 31 мың еуро несие береді, ал 3-баланы дүниеге алып келген соң ақшаның барлық сомасы кешіріледі.

Желідегі ақпарат
Үкім: Шындыққа жақын

Расымен 2019 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 31 желтоқсасына дейін отбасыдағы әйел жолдасының жасы 18-41 аралығында болса, сол шаңырақ 10 миллион мажар форинтына өтініш бере алады. Бұл отбасыны қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі. Алайда қазір 10 млн форинт 31 мың емес, 26 мың еуро айналасында.

2019 жылдың басында ел премьері Виктор Орбан отбасыларды бала тууға ынталандыру үшін оларға бірнеше жеңілдік қарастырылатынын жариялады. Оның ішінде 10 млндық мажар форинтына дейінгі несие де бар. Алғашында өтінішті 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 31 желтоқсасына дейін бере алатын болған, кейін ол 2024 жылдың 31 желтоқсасына дейін ұзарғаны хабарланды.

10 миллионға дейінгі мажар форинтын процентсіз алу үшін отбасыда әйелдің жасы 18-41 аралығында болуы; жұптардың кем дегенде бірінің 3 жылда сақтандыруға қатысы болуы керек.

Несиенің өтемі 5 жылдан 20 жылға дейін айына 50 000 мажар форинтінен аспайды. Несие алған соң 5 жыл ішінде отбасында кем дегенде 1 бала дүниеге келсе, отбасы 3 жылға дейін жарнаны өтеуден босатылады және олар бүкіл мерзім ішінде процентсіз өтеу құқығына ие болады. Егер 2-бала туса, өтеу тағы 3 жылға тоқтатылады және қарыздың 30%-і кешіріледі. Егер 3-бала дүниеге келсе, қалған барлық қарыз жойылады.

Егер отбасы 5 жыл ішінде бала тумаса, не бала тумай жатып ажырасып кетсе, ол уақытқа дейін төлемей келе жатқан процентті нарықтағы бағаға сай төлеуге міндеттеледі.

Мәлімдеме: Төрт не одан көп баласы бар аналар салық төлемейді.

Желідегі ақпарат
Үкім: Манипуляция

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кемінде төрт бала тәрбиелеп отырған (не өмір бойы төрт я одан да көп бала туып, тәрбиелеген) барлық ана өмірінің қалған бөлігіне қатысты қолданылатын 15%-тік мөлшердегі табыс салығын төлеуден босатылады. Бірақ елде табыс салығынан басқа да салық түрлері (мысалы, әлеуметтік салық, үй салығы және т.б.) барын ұмытпау қажет. Сондықтан ақпарат — манипуляция.

Салықтан босату шоғырландырылған салық базасының бөлігі саналатын жұмыс табысына қолданылады, мысалы: жалақы, ауру бойынша жәрдемақы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам үшін салықтан босату я тұрақты кіріс, бастапқы өндірушілердің кірісі, комиссиялық кірістер (1, 2). Жеңілдік алу құқығы әйел адам 4 не одан көп баланың анасы саналған айдың басында беріледі, кейін осынша баланың анасы саналмайтын айдың соңында бітеді. Жеңілдік үшін жас не басқа шек жоқ.

Елде жас отбасылар мен аналарға басқа да жеңілдіктер бар, бұл туралы толығырақ мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.

Елде расымен мұнай мен газ жоқ па?

Ақпаратты таратушылар мәтін соңын “мұнайы мен газы жоқ ел осындай көмек көрсетіп жатыр” деген нарратив қалыптастыратын сөйлеммен аяқтайды. Бұл расымен шындыққа жақын, дегенмен манипуляция ақпарат.

Мажарстанда мұнай мен газдың өндіру көлемі әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердікіндей болмаса да, шикізат бар және өндіріледі. Мысалы, FGSZ (елдегі жоғары қысымды газ құбыры жүйесінің иесі және операторы) ақпаратына сай, 2020 жылы 1,57 миллиард текше метр газ өндірілген, бұл елдің ішкі тұтынуының бестен бірінен аз. OPEC ақпаратына сәйкес, сол жылы газ өнідірсінің көлемі бойынша алғашқы үштікте АҚШ (949 987 млн текше метр), Ресей (577 620 текше метр), Иран (249 630 текше метр) болған. Мажарстан 2021 жылы табиғи газ өндіру бойынша 92 ел ішінде 62-орынға келіп тоқтаған.

АҚШ-тың энергетика ақпарат басқармасының дерегіне сай, мұнай және басқа да сұйықтықты өндіру бойынша 2021 жылы Мажарстан 92 елдің ішінде 63-орында тұр. Бірінші орында АҚШ, екінші орында Ресей, үшінші орында Сауд Арабиясы орналасқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz