Жаңа жағдай — ескі нарратив
2024 жылы тамыздың ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маймыл шешегінің (mpox) өршуін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады. Содан кейін әлеуметтік желілерде MSNBC телеарнасының АҚШ денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Рейчел (Рэйчел) Левин қатысқан репортажы қайта пайда болды. Бұл репортаж mpox-тың алдыңғы эпидемиясы кезінде екі жылдан астам уақыт бұрын эфирге шыққан.
Желіде кеңінен таралған хабарламада шенеуніктің ЛГБТК+ қоғамдастығы, әсіресе хомосексуал және бисексуал ерлер mpox-тан ең көп зардап шеккені туралы сөздері келтіріліп, осылайша Левин «маймыл шешегі — гейлердің ауруы» екенін растады деген қорытынды жасалады.
Осы мақала жазылған сәтте бұрын дезинформация мен соғыс насихатын таратқаны бірнеше рет байқалған Кремль пулының журналисі Дмитрий Смирновтың «Пул N3» Telegram арнасындағы пост 96 мың қаралым жинаған. Жарияланымды ұқсас көзқарастағы басқа да Telegram арналары, мысалы Юрий Подоляк, Яков Кедми, «Гагаузская Республика», «ТриДевятое Царство», Анастасия Гешева, «КП Молдова» және т.б. бөлісті. Посттың мәтіні барлық жерде бірдей және Facebook-те де кездеседі (1, 2, 3).
Бұл видео осындай контекстпен бірінші рет таралып отырған жоқ. Негізгі сөздер бойынша іздеу және уақыт фильтрін пайдалану осындай мазмұндағы хабарлама әлеуметтік желілерде алғаш рет 2022 жылдың шілдесінде MSNBC сюжеті шыққан кезде жарияланғанын көрсетеді (1, 2, 3, 4, 5).
Мәлімдеме неге қисынсыз?
Таралған хабарлама — анық манипуляция және өшпенділік тілін қолдану. Посттарда ЛГБТК+ қауымдастығын демонизациялауға бағытталған риторика айқын байқалады. Мұны соңғы сөйлемдегі негізгі идеядан да, АҚШ денсаулық сақтау министрі көмекшісінің гендерлік бірегейлігін атап өтуден де көруге болады (Рейчел Левин шынымен трансгендер адам). Бұл жерде оның ешқандай маңызы жоқ сияқты.
Рейчел Левин видеоның түпнұсқасында шынымен де ЛГБТК+ адамдардың осалдығы туралы айтса да, ол сөзін «кез келген адам» mpox жұқтыруы мүмкін деп бастайды. Айтпақшы, бұл туралы пост мәтінінде де айтылған. Дегенмен, хабарлама авторы тек мәлімдеменің бір бөлігін алып, соның негізінде жалған қорытынды жасайды.
Мұндай мәлімдеме ЛГБТК+ адамдарды стигмалауға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар mpox тек ЛГБТК+ қоғамдастығы үшін қауіпті деген қате пікір қалыптастыруы мүмкін және басқа адамдардың маңызды сақтық шараларын елемеуіне де әкеледі.
Қате нарративті ресми мәлімдемелерден де кездестіруге болады. Мысалы, Өзбекстанның Санитарлық-эпидемиологиялық қызметі басқармасының бастығы Рустамжон Икромов журналистермен әңгімелесу барысында маймыл шешегі «дәстүрлі емес жыныстық қатынастар» арқылы берілетінін айтты. Дәл осы мәлімдеме БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың тақырыптарына арқау болды (1, 2, 3, 4, 5).
Тағы бір жағдайда Роспотребнадзор басшысы Анна Попова БАҚ-қа «таралу жолдарының ерекшелігін ескере отырып», «дәстүрлі құндылықтары бар» Ресейге маймыл шешегінің эпидемиясы қауіп төндірмейтінін айтты (1, 2, 3, 4).
Шын мәнінде жағдай қандай?
ДДСҰ маймыл шешегі туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап бере отырып, гейлер, бисексуалдар және басқа да ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, сондай-ақ бірнеше жыныстық серіктесі бар немесе жаңа серіктестермен байланысқа түсетін адамдар жоғары қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін болса да, mpox-пен тек жыныстық белсенді адамдар ғана емес, басқалар да ауыруы мүмкін екенін айтады.
2022-2023 жылдары маймыл шешегі негізінен жыныстық жолмен берілгенімен, ауру оны жұқтырған адаммен басқа да тығыз байланыстар кезінде, яғни, жанасу және сүю кезінде жұғуы мүмкін. Сондай-ақ ауру адаммен «бетпе-бет» келгенде тыныс алу жолдарынан бөлінетін бөлшектер арқылы да жұғады.
Маймыл шешегі вирусы сондай-ақ ауырған адам ұстаған заттарда да белгілі бір уақыт бойы сақталуы мүмкін, осылайша, оны ұстаған адамға жұға алады. Әсіресе, алақаны мен саусақтары тілінген немесе жарасы бар адамдарға жұғу қаупі бар.
Бұған қоса, ауру жүктілік кезінде ұрыққа және тістеу, тырнау кезінде, аң аулау, ет бөлшектеу, тамақ дайындау және жұқтырған жануардың тиісті термиялық өңдеуден өтпеген етін тұтыну кезінде жануарлардан (кейбір маймыл түрлері, кеміргіштер) адамға берілуі мүмкін.
Сондай-ақ ДДСҰ «Әртүрлі жағдайларда ауру өршіген кезде маймыл шешегінің таралу механизмін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет» екенін айтады.
ДДСҰ инфекцияның табиғи резервуары белгісіз екенін, бірақ тиіндер мен маймылдар сияқты ұсақ сүтқоректілердің вирусқа сезімтал екенін атап өткен.
Вирустың мутацияға ұшырайтынын, яғни оның түрі, ауырлығы және тарау жолдары өзгеруі мүмкін екенін түсіну керек. ДДСҰ мәліметтері бойынша, 2022-2023 жылдары маймыл шешегінің өршуі IIb кладаның штамынан туындаған. Бұл жолы аурудың өршуі бір мезгілде Ia және Ib кладаларымен байланысты. Атап айтқанда, Африкадан тыс жерлерде Ib кладасының вирусы анықталды.
Контекст
2022 жылы MSNBC-дің Рейчел Левин түскен осы сюжетінің басқа бөлігі тағы бір дезинформациялық хабарламаны тарату үшін пайдаланылғанын да айта кету керек. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы көптеген постта Левин балалардың жыныстық жетілуін тоқтатуды ұсынғаны айтылған. Сол кезде Factcheck.kz редакциясы оның шын мәнінде трансгендер жасөспірімдер үшін гормондық терапияның қолжетімді екенін айтқанын анықтаған еді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.