Медиада Қызылорда облысындағы тұрғындар саны азайғаны не көшіп жатқаны жөнінде ақпарат жарияланып тұрады. Мысалы, Ratel.kz сайты биыл маусым айында Egemen.kz сайтына сілтеп “Қызылорда облысынан халық қашып жатыр” деген мақала жариялады. Қызығы, Egemen.kz сайты кейін мақалсын өшіріп тастаған. Осыған ұқсас мәндегі мәтін Іnbusiness.kz сайтында да жарияланды (архивтелген нұсқа: 1, 2).
Factcheck.kz авторы Нұрбек Дәуренбеков Қызылордадан расымен халық көшіп жатыр ма деген нарративті талдап көруді ұйғарды.
Үкім: Шындыққа жақын
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, 2023 жылы Қызылорда облысына 23 866 адам келіп, 30 566 адам кеткен. Яғни, кеткен адамдар саны 6 700-ге көп. Бірақ, жалпы тенденцияны көру үшін кейінгі 5 жылдың дерегіне қарадық: расымен 2019 жылдан бері облысқа келген халықтан көрі кеткен адамның саны көп.
Дегенмен медиадағы ақпарат бұрмаланған деуге де негіз бар. Халықтың көші-қоны статистикасына қарамастан, кейінгі 5 жылда облыс халқының саны 794 334 адамнан (2019 жылдың басында) 833 666 адамға өскен (2023 жылы басына).
Ал көші-қон статистикасын нақтырақ айтсақ, көрсеткіш келесідей:
- 2019 жылы өңірге 39 563 адам келіп, 45 178 адам кеткен;
- 2020 жылы 25 215 адам келіп, 29 951 адам кеткен;
- 2021 жылы 19 896 адам келіп, 24 531 адам кеткен;
- 2022 жылы 21 162 адам келіп, 27 002 адам кеткен.
Басты беттегі сурет gov.kz сайтынан алынды