Қытай жаңа картасына Ресей мен Үндістан жерін қосып қойды ма?

Тамыздың аяғында желіде Ресей мен Үндістан жерлерінің бір бөлігін қосып алған Қытай картасы туралы жаңалық тарады. Instagram (1, 2) мен Tiktok (1, 2, 3) дереккөздері Қытай басшылығының және басқа мемлекеттердің келісімімен және ҚХР шекараларын белгілеудің ұлттық стандарттарына сәйкес жасалған ресми карта екенін айтты. Қытайдың Ресеймен және Үндістанмен даулы жерлерді қосып алғаны туралы қазақстандық ақпарат ресурстары да хабарлады (1, 2). Олар Үндістанның Қытайға наразылық білдіргенін де атап өтті. Біз «Қытай расымен көрші мемлекеттердің жерін жаңа ресми картасына енгізді ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Үкім: Шындық

Қытай картасының жаңа нұсқасының пайда болғанын ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин 30 тамыздағы баспасөз конференциясында растады, сонымен қатар тиісті елдердің сынына жағдайды асыра бағамдамауға шақырды.

Негізінен, бұл бірінші және жалғыз жағдай емес. Мұндай жағдай 9 жылдан астам уақыт бұрын да болған. Ол кезде Қытай тура осы даулы жерлер енген стандарт картаның тағы бір нұсқасын шығарған. Бұл даудың кейбірінің ұзаққа созылғаны сонша, 50-жылдары шыққан ҚХР картасында да бар.

Толығырақ: жаңалық пен наразылықтар

28 тамызда баспасөз құралдарында геодезия және картографиялық жариялылық күні мен ұлттық картографиялық ақпарат апталығына орай шығарылған Қытайдың жаңа картасы туралы алғашқы хабарламалар пайда болды (1, 2, 3). Жаңалық ресурстары жаңа картаны Қытай табиғи ресурстар министрлігі Технологияларға шолу орталығының мемлекеттік «Сервистік карталардың картографиялық орталығы» жасағанын айтады.

Ертеңінде желіде Үндістанның Қытайдың жаңа картасына реакциясы туралы хабарламалар пайда болды: мемлекет ҚХР солтүстіктегі Аруначал-Прадеш штатын (Үндістанның ресми бөлігі) және Аксайчин шекаралық ауданын (де-факто Қытай бақылайды, бірақ Үндістан даулап келеді) иемденіп алғанына наразылық білдірді. Үндістан сыртқы істер министрлігі өзінің сайтында ресми өкіл Ариндам Багчидің «Біз бұл [территориялық] наразылықтарды жоққа шығарамыз, себебі олардың еш негізі жоқ» деген пікірін келтірген. Үндістан сыртқы істер министрі Субраманьям Джашанкар NDTV жаңалықтар арнасына берген сұхбатында Қытайдың жаңа картасына қатысты реакция білдірді: 

Қытай өзіне тиесілі емес жерлері бар карта шығарыпты. Ескі әдеті ғой. Үндістан аймақтары бар карта шығара отырып… бұл ештеңе өзгертпейді. Біздің үкімет бұл біздің жеріміз екенін анық түсінеді. Мағынасыз мәлімдемелер басқа адамдардың жерін сіздерге тиесілі етпейді.

BBC India мәліметінше, Қытай Үндістанның наразылығына жауап ретінде жаңа картаға байланысты сабыр сақтауға шақырған. 30 тамызда өткен баспасөз конференциясында Қытай СІМ өкілі Ван Вэньбинь тағы да ұстанымын жеткізіп, жаңа стандарт картаның «объективті және рационалды қабылданатынына» үміттенетінін айтқан.

Қытай жаңа картасына Ресей мен Үндістан жерін қосып қойды ма?
Қытайдың стандарт картасы

Мәселе болып отырған карта расымен көрші мемлекеттер арасындағы даулы жерлерді қамтыған: Аруначал-Прадеш мен Аксайчиннан бөлек ресми түрде Ресей мен ҚХР бөліп алған Әмудария өзеніндегі Үлкен Уссури аралы, сонымен қатар Оңтүстік-Қытай теңізі жері де мысалы, Парасель аралдары мен Спратли жерлері де Қытайға тиесілі деп көрсетілген.

Сондықтан Үндістан Қытайға наразылық білдірген жалғыз мемлекет емес. Филиппиндік Inquirer жаңалық ресурсы Филиппин сыртқы істер департаменті он үзік сызық үшін Қытайдың жаңа картасын мойындаудан бас тартатынын мәлімдеді. Малайзия жаңалықтар қызметі Малайзия да «Қытайдың Оңтүстік-Қытай теңізі жерлерін түгел дерлік билігіне қосып қойған жаңа картасына алаңдаушылық білдіреді» деп хабарлайды. Қытай Республикасының (Тайвань) СІМ ресми өкілі жаңа картада Қытай құрамына енген жерлер туралы Taiwan News сайтына пікір білдірген:

Тайвань, Қытай Республикасы Қытай Халық Республикасына бағынбайтын егемен және тәуелсіз ел. Қытай Халық Республикасы Тайваньді ешқашан басқарған емес.

Өз кезегінде Ресей наразылықтан бас тартты. РФ СІМ Қытайдың жаңа картасына басқа мемлекеттерден кештеу реакция білдірді: 31 тамызда министрліктің ресми өкілі Мария Захарова «Ресей мен Қытай арасындағы шекара толықтай шешілген, екі мемлекет те сол ұстанымда» деді. Өз пікірінде Захарова Үлкен Уссур аралын Қытай мен Ресей арасында бөлу 2005 жылы туындағанын, талқылану барысында 2008 жылы екі мемлекет арасында теңдей бөлінгенін айтты.

Баяғы жартас сол жартас па?

Тамыздағы жаңалық эксклюзив көрінгенімен, шын мәнінде Қытайдың жаңа картасында көрсетілген даулы жерлердің көбі жаңалық емес. Олардың кейбірінің тарихы ондаған жылға созылып кеткен.

Мысалы, 2013 жылы Қытай Тайвань аралының шығысын қосқан. Қытай Республикасы 1947 жылы салған, кейін жаңа коммунистік үкімет қабылдаған тоғыз үзік сызық он сызыққа айналып кеткен. Халықаралық қатынас жөніндегі сарапшылар Марк Рэймонд пен Дэвид Уэлчтің сөзінше, оныншы сызық маңызды, себебі ол оңтүстік Қытай теңізінен әрі, қытай ешқашан суға тарихи құқығын айтуды ойламаған кездің өзінде сол маңда жатқан.

Қалған тоғыз сызық, жоғарыда айтқандай, алдыңғы ғасыр ортасынан бері бар және көп жыл бойы Малайзия, Филиппин мен Вьетнам наразылықтарының себебі болып келген. Бір қызығы, Рэймонд пен Уэлч айтқандай, ҚХР үкіметі сызық Қытайдың оңтүстік қытай теңізіне тарихи иелігін көрсетпейтінін айтқан емес, бірақ Қытай қоғамында ол солай қабылданады. 2016 жылы БҰҰ теңіз құқығы Конвенциясы құрған арбитраж соты картадағы мұндай мәлімдемелердің заңды күші жоқ деген қорытындыға келген.

2012 жылы Қытай Аруначал-Прадеш штаты мен Аксайчин ауданын жаңа паспорттарында өз жері ретінде көрсеткені хабарланды, бұл Үндістан тарапынан наразылық тудырды. Ал 2014 жылдың ортасында журналистер бұл жерлердің жаңа стандарт картада қытай жері ретінде көрсетілгенін жазды. Соның ішінде Қытай Аксайчинді 1958 жылы өзінікі деп мәлімдеген, бұл кейін 1962 жылдары қытай-үнді шекара соғысына ұласқан.

Бұл жағдайда жалғыз жаңалық – картада Үлкен Уссур аралын Қытай жері деп көрсету болды. Бұған дейін ҚХР мен РФ билігі арасында ресми түрде консенсус жасалған. Захарованың мәлімдемесіне сүйенсек, консенсус әлі де бар.

Контекст

Осы жылдың басында желіде Қытайдың көрші мемлекеттердің қала атауларын өзгерткен картасы туралы жаңалық тарады. Қытай Аруначал-Прадеш жеріндегі 11 орынға қытай тілінде атау берген. Ресей қалаларының атауын өзгерту туралы ақпарат (Владивосток -Хайшэньваем, Хабаровск — Боли аталған) та әлеуметтік желілерде кең тарады (1, 2, 3). Желі қолданушылары атауын өзгертуді Қытайдың Ресейге жер даулау белгісі ретінде қабылдады. Бірақ кейін РФ СІМ ресми Telegram-арнада ресейлік қалалардың қытайлық атаулары орыс тіліндегі атауынан соң жақша ішінде жазу үшін енгізілгенін атап өтті.

Factcheck.kz