Әлихан Смайлов қойған міндеттерін орындай алды ма?

2024 жылдың 6 ақпанында қызметінен босатылған премьер-министр Әлихан Смайлов 2023 жылға Қазақстанды дамытуға арналған бірнеше міндет қойған. Экс-үкімет басшысы оларды қаншалықты орындай алды? Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2022 жылдың желтоқсанында инфляция 20,3% болған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 9,8%-ке түскен. Яғни, 2023 жылдың аяғында инфляция 2 есе төмендеген. 

2023 жылдың аяғында жемістер мен көкөністер бағасы – 9,5%-ке, нан өнімдер – 10,8%-ке, ет өнімдері 7%-ке өскен. Май және тоң май – 2,6%-ке, қант – 15,2%-ке төмендеген. 

Сондай-ақ, аяқ киім – 12,8%-ке, бензин – 13,7%-ке, тұрғын үйді жалға алу – 8,1%-ке, электрэнергия – 19,9%-ке, газ – 10%-ке, ыстық су – 23,4%-ке, суық су – 22%-ке, қымбаттаған.

Мәлімдеме: Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4%-на дейін қысқартуымыз керек. 

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Белгісіз

Біз бұл деректі тәуелсіз дәлелдей алмаймыз. Дегенмен 2023 жылы 31 тамызында Әлихан Смайлов “мемлекеттің экономикадағы үлесі шамамен 14%-ке дейін қысқарғанынхабарлады.

Егер үкімкетке тәуелді емес ұйым не құрылым деректі растаса, үкім өзгертіледі.

Мәлімдеме: Биыл жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ын орындау қажет.

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалмады

2024 жылдың 16 қаңтарында өткен қаржы министрлігінің 2023 жылғы есебінде, жекешелендірудің кешенді жоспары 68%-ке орындалғаны баяндалған. Демек, өткен жылы Әлихан Смайлов қойған талап, яғни жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ке жетуі орындалмады.

Мәлімдеме: Ең кемі 4% экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу керек

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес Қысқа мерзімді экономикалық индикатор индексі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,1%-ке өскен. Ал Дүниежүзілік банктың дерегіне сәйкес 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында экономика 5,1%-ке өскен.

Мәлімдеме: Алда тұрған тағы бір маңызды міндет – жаңа бюджет кодексін әзірлеу

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2023 жылдың 10 қаңтарындағы мәжілістің отырысында жаңа бюджет кодексінің жобасы таныстырылған. Жылдың соңында, яғни 27 желтоқсанда өткен мәжілістің жалпы отырысында үкімет әзірлеген жаңа бюджет кодексі бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәлімдеме: Жаңа салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол салық заңнамасын жеңілдетіп, өндіріс көлемі мен инвестицияларды ұлғайтуға, инновацияларды енгізуге, жұмыспен қамтуға ынталандыруы тиіс. 

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2023 жылдың 5 мамырында болған мәжілістің қаржы және бюджет комитеті отырысында үкімет әзірлеп жатқан жаңа салық кодексінің жобасына алдын ала талқылау өткен. 18 қазанда мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәлімдеме: 2023 жылы шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.

Әлихан Смайловтың 2023 жыл, 11 қаңтарда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

Әлихан Смайлов мәлімдеме жасаған уақытта 4 109 741 адам шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеген. 2023 жылдың соңғы дерегі, яғни ІІІ тоқсан бойынша бұл көрсеткіш 4 322 093 адамға жетті. 

2023 жылдың басынан 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік саны 10%-ке өскен. Яғни, 1 818 764 болған шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 2024 жылы 2 002 199-ға жеткен.

Factcheck.kz