Қазақстанда «Z» және «V» белгісі бар тауарларды сатуға тыйым салынды ма?

Тамыздың басында қазақстандық медиада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап «Қазақстанда Ресейді қолдайтын «Z» және «V» әскери белгілеріне тыйым салу ұсынылды» деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). Оның артынша ресейлік Telegram-арналар мен БАҚ (1, 2, 3, 4) мұны провакация және «русофоб-ұлтшылдардың» тіміскісі деп атады. Factcheck.kz редакциясы Қазақстанда Ресей әскерінің белгісіне расында тыйым салынуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Дәлелденбеген

Шектеу қоюы мүмкін екені туралы жаңалық «Атамекен» ҰКП сайтындағы релизде пайда болды, бірақ қазір бұл бет қолжетімсіз (архив). Біз түсініктеме алу үшін ҚР Бас прокуратурасы мен «Атамекен» ҰКП ақпараты бойынша, этносаяси символдарды тарату туралы шектеуді түсіндіру жұмыстарының бастамашысы болған Семей қаласының прокуратурасына хабарласып көрдік. Бас прокуратура бұл мәселеге қатысты ақпараты жоқ екенін айтты. Ал Семей қаласының прокуратурасы сұрақты 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Ал ресейлік БАҚ Қазақстанда «жаңа заңның» талқыланып жатқанын жазды.

Толығырақ

Қазақстандық БАҚ-та жаңалық 4 тамызда пайда болды. Orda.kz басылымының журналистері «Атамекен» ҰКП хабарламасындағы «метаморфозаларды» атап өтті: әуелде ол жерден «Ресей-Украина жанжалына байланысты Қазақстанда «Z» және «V» белгісін көрсету, сонымен қатар «Ресей әскері», «Сыпайы адамдар» ойыншықтарын сату жиілеп кетті. Ол қоғамда түрлі пікір тудырды» деген сөйлем алынып тасталды. Қазір парақша толықтай өшірілген, бірақ архивтен түпнұсқаның көшірмесін табуға болады.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдар ҚР Бас прокуратурасымен бірге сауда желілері арқылы этносаяси символиканы («Шығыс Түркістан», «Күрд жұмыс партиясы», «Вагнер» ЖӘТ және т.б.) таратпау үшін құқықтық негіздер дайындап жатыр.

«Атамекен» ҰКП жариялымынан

Релиздегі цитатаға назар салсақ, бас прокуратураның осы бағыттағы жұмысы туралы Семей прокуратурасының қоғам мүддесін қорғау бөлімінің прокуроры Қуат Бапинов та айтқан:

ҚР Бас прокуратурасы биыл ҚР Үкіметіне басқа мемлекеттің егемендігі мен саяси режиміне қарсы қарулы қақтығыстарда, әскери не өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерінде қарама-қарсы тараптар пайдаланатын атрибуттарды, рәміздерді, белгілерді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау және ел аумағына таратуға заң тұрғысынан тыйым салу және әкімшілік жауапкершілік белгілеу туралы ұсыныс жолдады.

Қуат Бапинов

Factcheck.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Қазақстанның бас прокуратурасына хабарласты. Мекеме бұл мәселеге қатысты ештеңе білмейтінін, сонымен қатар «заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу оны қоғаммен жария талқылау арқылы жүзеге асатынын» атап өтті.

Қазақстанда «Z» және «V» белгісі бар тауарларды сатуға тыйым салынды ма?

«Ашық НҚА» порталынан мұндай талқылауды таппадық. Сондай-ақ Семей қаласының прокуратурасына сауал жолданды. Оны қарау мерзімі – 6 қыркүйекке дейін.

15 тамызда «Царьград» телеарнасының сайтында «Қазақстанда 18 тамызға дейін Z, V әріптері түріндегі АӘО белгілері мен “Вагнер” ЖӘТ символикасын пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктейтін жаңа заң қарастырылып жатқаны» туралы ақпарат пайда болды. Осыған байланысты портал «Соловьев.Live» жүргізушілерінің бірі Сергей Марданның сөзін келтірді:

Ресейдегі жауапты адамдар мұны көріп, біліп отырғанына сенімдімін. Осы фактілердің барлығы жеке папкаға жиналып жатыр. Мұнда соқыр не аңқау адам жоқ. Ресей 2014 жылдан кейін өзіндік тәжірибе жинады, ол көбіне ұнамауы мүмкін. Қазақстандықтар, сіздерге бұл оқиға артық мәселеден басқа ештеңе әкелмейтінін түсініңіздер. Мен олардың орнында болсам он рет ойланар едім. Мұндай достыққа жатпайтын қылық істеудің қажеті бар ма?

Сергей Мардан

Бұл мәлімдемеге ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді:

Кейінгі кездері мұндайға мән берудің қажеті жоқ сияқты. Сіздер эмоцияға толы мәлімдемені көріп отырсыздар, бұл мән беріп, пікір білдіретіндей деңгей емес деп ойлаймын.

Айбек Смадияров

17 тамызда БАҚ-та «Царьград» телеарнасы мен интернет-ресурсы Қазақстан аумағында бұғатталғаны туралы жаңалық тарады. Бір қызығы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасалған мәтінде сайтқа қолжетімділік 2021 жылдың қаңтарында, ал телеарнаға 2023 жылдың 31 мамырында шектелгені жазылған. Жаңалық неге дәл тамызда шығып кеткені түсініксіз. АҚДМ хабарлауынша, «мониториң кезінде жағымсыз қоғамдық резонанс және ұлтаралық араздық тудыратын материалдар табылған».

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz