Қазақстанда отырғызылған көшеттердің 70%-і ғана өсе ме?

19 қазанда өткен сенат отырысында депутат Нұрлан Бекенов Қазақстанда отырғызылатын ағаштар туралы айтып, бірнеше дерек келтірді. Оның айтуынша, отырғызылған көшеттердің 70%-і ғана өсіп жетіледі.

Мақала 05.11.2023 жылы “сайтта жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне” сай толықтырылды.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 24:34)

Factcheck.kz депутат сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Мәселен, 2021 жылы 138 миллион, 2022 жылы 280 миллион ағаш отырғызылса, биыл 409 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.

Нұрлан Бекенов

Үкім: Шындыққа жақын

2021 жылға арналған қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық баяндама дерегіне сай, 2021 жылы 130 млн дана ағаш отырғызылған, ал 2023 жылы 409,2 млн ағаш отырғызу жоспарланған.

Дегенмен 2022 жылы 278,3 млн ағаш отырғызу жоспарланғаны айтылса да, толық дерек тек 2023 жылдың соңында белгілі болады. Сондықтан мәлімдеменің бұл бөлігі дәлелденбеген. Бізге тек экс-министр Серикқали Брекешевтің 2022 жылы көктемгі көгалдандыру кезінде жоспарланған 66,9 мың гектар ағаштың 39 мың гектарына 106,4 миллион түп ағаш отырғызылғаны туралы айтқаны, бұл жұмыстың негізгі бөлігі күзгі кезеңге жоспарланғанын айтқаны белгілі.

UPD: Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауабына сай, 2022 жылы 282,9 млн көшет отырғызылған. Үкім өзгеріссіз қалды.

Мәлімдеме: Мәліметтерге сүйенсек, көшеттердің өсу көрсеткіші — 70%.

Нұрлан Бекенов

Үкім: Шындыққа жақын

Ашық дереккөздерде бұл мәлімдемеге қатысты дерек аз, ал бар ақпарат бір-біріне қайшы келеді.

Түркістан облысының әкімдігі аймақта көшеттердің өсу көрсеткішінің 50%-тен аспайтынын жаза келіп, Қазақстанның басқа аймақтарында расымен 70% екенін жеткізген. Қызығы, informburo.kz порталына жауап берген экология министрлігі бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша 53,9% ғана екенін айтқан. Министрлік Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облысында көшеттердің өсу көрсеткіші өте төмен екенін хабарлаған.

Factcheck.kz сауалына жауап берген экология министрлігі 2022 жылы отырғызылған көшеттердің жерсінуі 65,3% екенін жазды. Үкім “дәледенбегеннен” “шындыққа жақынға” өзгерді.

*Редакция жауапты органға сауал жолдады, материал толықтырылады

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz