«Қазақстанда басталған тәрізді»: кең тараған видеоны талдайық

Instagram-дағы videogermes парақшасында 22 сәуірlt «Қазақстанда не болып жатыр?» деген жазбамен жарияланған 17 секундтық видео 3,5 млн қаралым, 17,5 лүпіл, 8,7 мың репост жинады. Болжам бойынша, көпқабатты үйдің терезесінен не балконынан түсірілген роликте әскери техниканы алып бара жатқан жүк көлігі легін көруге болады. Ар жағынан сирена мен қазақ тілінде сөйлеп жатқан адамдардың даусы естіледі. Оның ішінде “соғыс” деген сөз ғана анық естіліп тұр.

Видеоға «Қазақстанда басталған тәрізді» деген жазба қосылған, ары қарай аудиториядан сілтеме арқылы жабық Telegram-арнаға өтуді сұрайды, ол жақта тікелей эфир жүріп жатыр-мыс. Роликті Factcheck.kz редакциясына оқырман жіберді. Біз видеоның анық-қанығын тексеріп, не болып жатқанын түсінуге тырыстық.

Үкім: Манипуляция

Бұл – кликбейт және шынайы видеоны жалған мәтінмен беру. Контекст толық айтылмағанымен, видеоның мазмұны мен пост мәтіні аудиторияға Қазақстанда соғыс қимылдары басталғанын меңзейді. Шын мәнінде, видео түсірілген Семей қаласында және жалпы Қазақстанда материал жазылып жатқанда ешқандай соғыс әрекеттері болып жатқан жоқ. Әскери техника видео түсірілген жерге жақын маңдағы машина жасау және құрышты танк жөндеу зауыттарына бара жатқан болуы мүмкін.

Видеоны кім түсіргені белгісіз. Ролик контенті ұқсас тағы бір Instagram-аккаунтта жарияланған, бірақ ол жақта қаралым саны салыстыруға келмейтіндей аз – шамамен 21 мың.

Толығырақ

Біріншіден, видео 2023 жылдың сәуірінде жарияланған және сол уақыттан бері айтарлықтай ештеңе болмағанын анық айта аламыз. Оның қашан түсірілгені белгісіз. Ролик Videogermes аккаунтында пайда болған 22 сәуірге дейін түсірілуі де мүмкін. Кадрдағы ағаштарға мән берсек, әрекет көктемде я күзде болып жатқанын байқаймыз.

Бұл Қазақстан ба? Жақын маңдағы ақ түсті аспалы көпір мұнарасын көріп бұл Семей қаласы деген болжауға болады. Google карта көмегімен көліктің қай көшемен жүріп бара жатқанын және түсірілген нүктені анықтадық.

«Қазақстанда басталған тәрізді»: кең тараған видеоны талдайық
Роликте байқалған аспалы көпір мұнарасы қызыл дөңгелекпен көрсетілген, ал қызыл сызық әскери техника салынған жүк көліктері жүрген Боранбай би көшесі

Сенімді болу үшін картаны жақындатып, қосымша кілттерді табамыз – көпірден шыққан кездегі жабық қызыл шатыры бар екі ғимарат, видеода экранның оң жақ бөлігінде көрініп тұр.

«Қазақстанда басталған тәрізді»: кең тараған видеоны талдайық

Қолда бар деректер видео қай жерден түсірілгенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – Боранбай би көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі.

Әскери техника салынған жүк көліктерінің өзі қандай да бір оқиғаның болып жатқанын білдірмейтіні анық. Мұнда бізге Семей қаласында қандай мекемелер бар екені, сондай-ақ Боранбай би көшесі қайда апаратыны туралы ақпарат көмектеседі. Картаны ары қарай көліктердің қозғалысы бойынша зерделеу бізді «Семей машина жасау зауыты» АҚ мен құрышты танк жөндеу зауыты ретінде танылған «Семей инжинириң» АҚ-на әкелді. Яғни, көлік легінің баратын жері де осы мекемелер деген болжам жасаймыз.

«Қазақстанда басталған тәрізді»: кең тараған видеоны талдайық
Жоғарыда – «Семей машина жасау зауыты», төменде – «Семей инжинириң»

Мұндай видеоларды тексергенде өңірлік және республикалық БАҚ не жазып жатқанын анықтау қажет. Кілт сөздер арқылы іздеп, сәуірдің соңында (және материал жарияланған сәтте) Семей қаласы мен елде ешқандай төтенше жағдай болмағанын анықтадық.

Видео танылып кеткен парақшаның өзіне де назар аудару қажет – аккаунт көбіне көңіл көтеретін видеомен толтырылған, сексуалданған сипаттағы роликтер да жиі кездеседі. Ал видеоның астындағы тікелей эфир жүріп жатыр делінген жабық Telegram-арнаға жазылуға шақыру бірден кликбейт деген ой тудырады.

«Қазақстанда басталған тәрізді»: кең тараған видеоны талдайық
Videogermes аккаунтының Instagram-дағы Reels скриншоты

Осылайша, логиканы, интернеттегі іздеу жүйесі мен спутниктік онлайн картаны пайдаланып біз видео түсірілген нақты орынды тауып, ролик оқырмандарды жаңылыстыратынын анықтадық.

Factcheck.kz