Қазақстан жолдардың ұзындығы бойынша 32-орында ма?

Қыркүйектің 18-і өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Бейсенбаев Қазақстан жолдардың ұзындығы бойынша әлемде 32-орын алатыны жөнінде дерек келтірді. Депутат сөзі рас па? Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

депутат мәлімдеме: 1:41:11

Мәлімдеме: Ел аумағының көлемі бойынша әлемде Қазақстан тоғызыншы орында тұр. Бірақ жолдардың ұзындығы бойынша тек 32-орын алады.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Дәлелденбеген

Әлем жолдары статистика федерациясының (IRF World road statistics) кейінгі, яғни 2022 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстан жолдардың ұзындығы бойынша 34-орында орналасқан. Алайда, рейтиңнің 2 жыл бұрын жарияланғанын және тізімде әлемдегі барлық ел емес, тек 100 ел ғана барын ескеру керек. Осындай нақтылық болмағасын, дәлелденбеген деген үкім қойдық.

Әлем жолдары статистика федерациясының 2022 жылғы ақпаратына сәйкес, елімізде 94 781 км жол тіркелген. Деректерге сүйенсек, әлемдегі ең ұзын жолдар Үндістан еліне тиесілі (6 331 791 км жол). Сондай-ақ, Қытай халық республикасында 5 354 837 км жол, Ресейде 1 576 000 км жол бар. Ал, ең қысқа жол Монако елінде екен. Онда 57 км ғана жол бар.

Мәлімдеме: Бірақ сапасы жағынан біз, өкінішке орай, тізімнің соңына жақынбыз — 118-ден 93-орын.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Дәлелденбеген

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, Қазақстан жол инфрақұрылымының сапасы бойынша 93-орында тұрғаны шындық. Алайда, рейтиңде 118 емес, 141 ел бар және бұл дерек 2019 жылы жарияланған.

ДЭФ-тің жаһандық бәсекеге қабілет туралы кейінгі есебі, яғни 2020 жылғы шығарылымында да, 2022, 2023, 2024 жылдардағы қорытынды есебінде де жол инфрақұрылымының сапасы туралы рейтиң жоқ. Сондай-ақ, осы сала бойынша өзге де әлемдік деректерді таппадық.

Осы рейтиңдегі деректерге сүйеніп жазылған Factcheck.kz-тің төмендегі материалында Қазақстан жол сапасы бойынша Танзания мен Кения секілді елдерден төмен тұрғанын тексеріп көрген еді. Жол инфрақұрылымының сапасы бойынша алғашқы 5 орында Сингапур, Нидерланды, Швейцария, Гонконг, және Жапония орналасқан. Ең нашар жолдар Чад, Мавритания және Мадагаскарға тиесілі.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz