Қазақстан спортқа 660 млн доллар жұмсай ма?

24 шілде мен 11 тамыз аралығында Париждег 2024 жылғы Олимпиада ойындары өтті. Оған 25 спорт түрінен 80 қазақстандық спортшы жолдама алып, қатысты. Қазақстан бұл ойындарда 7 медаль алып (бір алтын), 43-орынға тұрақтады. Көрші Өзбекстан 13 медаль ұтып (8 алтын) 13-орынды алды.

Желіде Қазақстанның көрсеткішіне көңілі толмаған отандастарымыз еліміз бен Өзбекстанның спортқа бөлетін қаржысын салыстырып, неге біз ойынды тек бір алтынмен аяқтадық деген сұрақтар қоя бастады. Мысалы, тараған ақпараттардың бірінде Қазақстанның спортқа бөлген бюджеті 660 млн доллар болса, Өзбекстанның спортқа бөлген бюджеті 160 млн доллар екен-міс (1, 2).

Factcheck.kz редакциясы ашық деректерге сүйене отырып, ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көруді жөн көрді.

Қазақстан спортқа 660 млн доллар жұмсай ма?
Желіде тараған ақпараттың скрині

Үкім: Дәлелденбеген

Қазақстандық спорт және туризм министрінің ақпартына сенсек, елімізде 2023 жылы спортқа 628 млн доллар (300 млрд теңге айналасында) бөлінген, сол жылы Өзбекстанның мемлекеттік бюджетінде спортқа бөлінген қаржы 184 млн долларға (2,3 трлн сом) жеткен.

Дегенмен біз Қазақстан бөлген қаржы туралы айтқанда, 300 млрд теңгенің 62 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны «Спорт қоры» мен жергілікті әкімдік қаржысы екенін ескеруіміз керек. Ал Өзбекстанның мемлекеттік бюджеттен бөлек, басқа органдардан бөлінген қаржы туралы ақпарат таба алмадық.

Яғни қазақстандық министрдің сөзінің өзі тексерілуі керек екені, сандардағы айырмашылық пен өзбекстандық тараптың деректері жетіспейтінін ескеріп, «Дәлелденбеген» деген үкім қойдық.

Толығырақ айтсақ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде журналистердің сұрақтарына жауап берген туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қазақстан спортқа жыл сайын шамамен 300 миллиард теңге шамасында құртатынын айтты.

Туризм және спорт министрлігінің бюджетін айтсақ, спортқа республикалық бюджеттен 62 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мұның құрылыс жобаларына, атап өтейін, біздің мекемелерде жүргізіп жатқан жөндеуге [қатысы жоқ- авт.], бұдан бөлек, біздің «Спорт Қоры» қорынан 29,5 миллиард теңгеге жуық қаражат [бөлінеді- авт.], оған қоса жергілікті бюджет қаражаты бар, бұл біздің жергілікті әкімдіктер — шамамен 200 млрд теңге. Жалпы алғанда, біздің спортты қаржыландыру 300 миллиард теңгеге жуықтайды.

Ермек Маржықпаев

Министр осы сөзін Tengrinews журналистіне берген сұхбаты кезінде тағы қайталады. Оның айтуынша, спортқа жыл сайын шамамаен «290-300 млрд теңге аралығында бөлінеді».

Дегенмен бұл тұста да сандардың сәйкессіздігі бар. 2023-2025 жылдарға арналған азаматтық бюджетке сенсек, 2023 жылы жоғары жетістіктер спортын дамытуға 70 млрд теңге, мәдениеттегі, өнердегі және спорттағы дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуге 11 млрд теңге, бұқаралық спортты және спорттың ұлттық түрлерін дамытуды қолдауға 1 млрд теңге бөлінген. Барлығы — 82 млрд теңге.

Өзбекстан мемлекеттік бюджетінен дене шынықтыру және спорт ұйымдарын ұстауға 2,3 трлн сом бөлінген. Мұның ішіне 4 933 спорттық топты, 381 мың тәрбиеленушіні, 26 мың секцияны ұстау кіреді.

Дегенмен жоғарыда жазғанымыздай, Өзбекстанның мемлекеттік бюджетінен бөлек, спорт басқа да көздерден қаржылануы ықтимал. Бірақ бұған қатысты дерек аз. Мысалы, Өзбекстанның дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген шаралар министрлік бюджетінен бөлек, орындаушылар қорлары мен қайырымдылық көмектер және т.б. арқылы қаржыланатыны жазылған.

Қазақстан спортына не болды?

Олимпиада ойындарының нәтижелері шыққан соң Protenge жобасындағы әріптестеріміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне қатысты есебін мысалға келтірді. Біз де сол есепті шолып шығуды жөн көрдік.

Туризм және спорт министрлігінің қызметінде, өңірлік деңгейде, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында жүргізілген талдау нәтижерелі келесідей: 2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгеге жеткен. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Елеулі қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтиңінде төмен позицияларда қалып келе жатыр, сондай-ақ күдікті матчтар саны бойынша жемқорлыққа ұшыраған елдердің бірі болып танылды. Агенттік Sportradar ұйымының дерегіне сілтеп, Қазақстан антиретиңде 4-орында екенін жазған.

Агенттіктің талдауына сәйкес, «жоғары жетістіктер» мен «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы айқын айырмашылық байқалады. Мысалы, жоғары жетістіктер спортының бюджеті 340 млрд теңге болса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге бөлінген (9 есе артық). Кәсіби спорт саласында жабық және субъективті төлемдер үшін жағдай жасалған, ал бұқаралық спортта қаражат бөлу рәсімі цифрландырылған. Одан бөлек, жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, спорт үй-жайларын жалға алуға қаражат алынған, спорттық жабдықтар мен экипировкаларды қымбатқа бір көзден сатып алған, «жоқ жандарға», артық еңбекақы төлеген.

2018-2023 жылдары 4 кәсіподақ клубын қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» АҚ 138 млрд теңге ақша берген. Ал кәсіби клубтар өнімсіз ойыншыларға ақша төлеген, кәсіби клубтардың басшылығының жалақысын өсірген, 5 жұлдызды қонақ-үйлерде оқу-жаттығу жиындары мен күмәнді агенттік келісімдер арқылы қаражат алған.

Агенттік есебінің тағы бір маңызды тұсы, жауапты министрлік спорт саласында шынымен не болып жатқанынан хабарсыз. Есепте бейінді министрлікте қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық дерек жоқ, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебі жүргізілмейді делінген. Өйткені 2020 жылы жоспарланған Е-sport ұлттық цифрлық платформасы әлі дайын емес.

Бұдан бөлек, жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылға арналған спортқа қатысты есебімен танысып шықтық. Аудиторлық палата бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортының қаржысын талдап, министрліктің бюджетті толық атқаруы бюджет қаражатын пайдаланудың сапасы мен тиімділігіне кепілдік бермейді дейді.

Бастапқы бюджетте жоспарланған «Халықаралық деңгейдегі ресми спорттық іс-шараларда жеңіп алынған медальдар саны» көрсеткішіне қол жеткізу бойынша ұсынылған деректердің анықтығы мен шынайылығы күмән келтіреді.

Жоғары аудиторлық палата

Осыған байланысты, палата бюджет бағдарламасының тікелей көрсеткіштерінде бюджетте көзделген әрбір спорттық іс-шара бойынша нәтиже көрсетуді көздеуі қажет, бұл жоғары жетістіктер спортын дамыту бойынша қойылған мақсаттар мен міндеттерді қамтамасыз етеді деген ұсыныс жасаған.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz