Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде Қазақстан өмір сапасы бойынша ТМД елдерін басып озып, алға шыққаны туралы ақпарат жариялана бастады (1, 2, 3). Тараған ақпараттың сипаттамасында «Қазақстан CEOWORLD Magazine журналының Human Progress Index 2025 рейтиңінде 196 елдің ішінде 70-орынға ие болды. Біздің ел өмір сүру деңгейі өте жоғары санатқа енді», – деген жазу қосылған.

Factcheck.kz редакциясы бұл ақпаратта не гәп барын тексеріп көрді.
Үкім: Манипуляция
11 мамырда CEOWORLD Magazine сайты Human Progress Index рейтиңін (Адам прогрессінің индексі) жариялап, Қазақстан мүмкін болған 100 баллдың 79.32-ін алып, 70-орынға тұрақтағаны туралы жазғаны рас. Дегенмен, біз тексеріп отырған парақшаларда бірнеше манипуляция байқалады. Біріншіден, кейбір парақша жарияланымның бірінші бетіне «Исландиядан кейін» дегенді қосқан. Бірақ Исландия 3-орында тұр, Қазақстан 70-орында, екеуінің арасында байланыс жоқ. Екіншіден, бірнеше парақша Қазақстанның ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш алғанын жазған, дегенмен бұл да шындыққа жанаспайды. Мысалы, Ресей Қазақстан алдында — 59-орында тұр.
Толығырақ
11 мамырда CEOWORLD Magazine сайты Human Progress Index рейтиңін жариялады. Онда 2024 жылғы деректер көрсетілген. Ресурс «Өмір сүру сапасы бойынша әлемдегі ең жақсы елдер» атты жарияланымында «Елді әлемдік көшбасшы ететін қозғаушы күш – оның азаматтары», – деп адам прогрессінің индексін жасаған.
Индексте әрбір елге балл берілген, ең көп деген мән 100, ең аз мән 1 балл. Индекстегі бірінші орында Швейцария (97.9 балл), Норвегия (97.87 балл), одан соң Исландия (97.47 балл) тұр.
ТМД елдері ішінде Ресей 81.84 баллмен 59-орынға жайғасса, Қазақстан 79.32 баллмен 70-орында, 78.97 баллмен Беларусь 72-орында тұр.
Одан бөлек, Армения 78-орында, Молдова 88-орында, Әзірбайжан 92-орында, Түркіменстан 96-орында, Өзбекстан 108-орында, Қырғызстан 119-орында,Тәжікстан 128-орында тұр.
Бұл тұста индекс авторлары балл мен орынға байланысты елдерді тағы бір топқа жіктегенін айта кетейік. Мысалы, 1-72-орын аралығындағы елдердегі өмір сапасы «Өте жақсы», 73-120-орын аралығындағы елдердегі «Жақсы», 121-161 аралығы «Орташа», ары қарай, 196-орынға дейін «Төмен» деген баға берілген.
CEOWORLD Magazine сайтының жазуынша, рейтиңді анықтау үшін 196 ел үш негізгі санат бойынша талданған. Олар – Тұрақтылық, Қанағаттану және Теңдік. Осы өлшемдерді бағалау үшін үш санаттың біріне жататын 23 көрсеткіш қарастырылған. Авторлар бұл ақпараттың дереккөзі ретінде World Economic Forum, World Bank секілді салмақты ұйымдардың дерегін пайдаландық дейді. Нақтырақ айтқанда, келесі критерийлер қарастылыпты:
- Тұрақтылық ретінде:
- экономикалық өсім;
- жанама салық мөлшерлемесі;
- корпоративтік салық ставкасы;
- жеке табыс салығының мөлшерлемесі;
- орташа өмір сүру ұзақтығы;
- табыс пен жұмыс қауіпсіздігі;
- тұрғын үй жағдайлары мен шығындар;
- үй шаруашылығының табысы (салықтар мен аударымдардан кейінгі) және таза қаржылық байлық.
- Қанағаттану деңгейі ретінде:
- қауіпсіздік;
- бақыт деңгейі;
- басқару сапасы;
- сыбайлас жемқорлық қабылдау деңгейі;
- бала мен ана өлімі көрсеткіші;
- инфрақұрылым және көлік;
- денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі;
- білім беру жүйесінің жалпы тиімділігі.
- Теңдік:
- адам құқықтары;
- азаматтық бостандық;
- саяси құқықтар;
- жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңдік;
- діни еркіндік;
- гендер теңдігі;
- қоршаған ортаны қорғау.
Басқа рейтиңдер бар ма?
CEOWORLD Magazine сайтының Human Progress Index-іне атауы ұқсас Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам дамуы индексі (АДИ) бар. Ұйымның 2025 жылы жаңарған (2023 жылға арналған) есебіне сай, Қазақстан рейтиңде 60-орында Брунеймен қатар тұр. БҰҰ болса 1 мен 74 аралығында тұрған елдерді «Өте жақсы» көрсеткішіне жатқызады.

АДИ — адам дамуының үш негізгі өлшеміндегі ұзақ мерзімді прогресті бағалауға арналған жиынтық көрсеткіш. Олар — ұзақ және салауатты өмір сүру, білімге қол жеткізу және лайықты өмір сүру деңгейі. Қазақстанның 1990-2023 жылдар аралығында көрсеткіші 0,689-дан 0,837-ге дейін өсті, яғни 21,5%-ке өзгерді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.