Украинаның даму жолындағы жалғыз кедергі

КИЕВ – Украина астанасында үміт пен анархияның белгілері тұнып тұр. Бұл ел таңғаларлық экономикалық өсімге қол жеткізгенімен, жемқорлық та айылын жимай тұр. Президент Петр Порошенконың үкіметі мемлекеттік қаржы жүйесін тұрақтандыра алғанымен, клиентелизмді ауыздықтай алмады.

Қазір бар мәселе «Порошенко қолға алып жатқан сот және құқықтық реформалар тұрақты экономикалық өсімге жол аша ала ма?» деген сұраққа барып тіреледі. 2015 жылғы наурызда Украина үкіметімен  несие келісіміне қол қойғаннан бастап, Халықаралық валюта қоры бұл елге төрт рет ірі көлемде қаражат берді. Бірақ, жақында келген сапарында ХВҚ Басқарушы директорының бірінші орынбасары Дэвид Липтон Украина «кері кетуі мүмкін» деген қауіп бар екенін айтты.

Украинаның мәселесі – макроэкономикалық мәселе емес. Алдыңғы министр Наталья Яресько сияқты қазіргі қаржы министрі Александр Данелюк те – еркін нарықты барынша қолдайтын мықты басшы.

ХВҚ-ның мәліметі бойынша, 2014 жылы Украинаның мемлекеттік шығындары ЖІӨ-нің 53 пайызына тең болса, 2016 жылы бұл 40 пайызға төмендеген.  2014-2015 жылдары бір жылдың ішінде Украина бюджет дефицитін 10 пайыздан 2 пайызға дейін түсірді. Алдағы жылдары елдің бюджет дефициті 3 пайыздың төңірегінде болады деген болжам бар.

Оның үстіне, салық жүйесін жетілдірудің арқасында 2017 жылдың бірінші жартысында жылдық есеппен алғанда мемлекеттік табыс 30 пайызға артып, шығындардың өсімін басып озды. Соның арқасында қаңтар-маусым аралығында екі жағы тең бюджет қалыптасты.

Сәуір айында ХВҚ биылғы жылдың соңына дейін Украинаның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 91 пайызы болады деп болжаған, ал үкімет қазірдің өзінде мемлекеттік қарызды ЖІӨ-нің 81 пайызына дейін төмендетті. Өсім жоғарылаған сайын және Украинаның ұлттық валютасы – гривна нығайған сайын бұл прогресс те қарқын ала түспек.

Украинаның бүгінгі экономикалық жетістігінің көбі – соңғы үш жылда банк секторын тазалап шыққан Орталық банктің бұрынғы төрайымы Валерия Хонтареваның арқасы. Хонтареваның кезінде Украина Ұлттық банкі елдегі 180 банктің жартысын жауып тастады. Олардың көбі нашар жұмыс істеген, тіпті заңсыздықпен айналысқан десе болады. Қазір қайта құру процесі бітіп қалды десе болады.

Негізінде, егер мемлекет ішкі қаржы жүйесін реттесе, сыртқы қаржы жүйесі де жөнделе бастайды. 2014 жылы Украинаның валюта резервтері айтарлықтай алаңдаушылық туғызған еді. Қазір оның көлемі 18 миллиард доллардың көлемінде жақсы сақталып тұр, бұл – 3,5 айлық импорт көлеміне тең.

Оның үстіне, биыл гривнаның долларға шаққандағы бағамы 6 пайызға өсті. Бұл ЖІӨ-ні арттырып, шетелдік валютамен есептелген мемлекеттік қарыз көлемін азайтты. Сонымен бірге Украина салыстырмалы түрде жылдам «дедолларизацияны» бастан кешіп жатыр, себебі шетел валютасындағы депозитке қарағанда гривнадағы депозиттер көлемі артып келеді.

Украинаның қарқынды түрде өсуіне септесетін үш артықшылығы бар. 2017 жылдың бірінші жартысында Еуропа Одағы мен Украина арасында «Терең және жан-жақты сауда аймағы» келісімі күшіне енді. Соның арқасында Украинаның экспорты бірден 25 пайызға өсіп, импорт өсімінің көлемінен әлдеқайда озды. Оның үстіне, Украинада инвестиция мен тұтыну көлемі де көп артты. Осы жылдың алғашқы жартысында құрылыс көлемі 24 пайызға, ал ұсақ сауда 8 пайызға өсті.

ХВҚ елдің ЖІӨ өсімі биыл 2,9 пайыз, ал 2020 жылға қарай 4 пайызға өседі деп болжағанымен, биылғы жартыжылдықтағы өсім жылдық есеппен тек 2,5 пайыз болды. Украинадағы жаңа қалыптасқан тұрақтылықтың неге өсім жолына түсуге мүмкіндік бермей отырғанының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, соңғы он жылдағы өсімге себеп болған негізгі сала – ауыл шаруашылығы Шығыс Украинадағы соғыстың кесірінен тұралап қалды. Бірақ, бұдан да маңыздысы – Украинаның «жануарлық инстинкті» басылып қалған сияқты, себебі кәсіпкерлер экономиканы өз қалауына қарай құра алатын олигархтармен бәсекеге түсудің қисынсыздығын түсінеді.

Соңғы үш жылда үкімет (ХВҚ-ның көмегімен) жемқорлықпен жүйелі түрде күресті бастады. Энергия көздерінің бағасы бір ізге түсіп, мемлекеттік сатып алулардың көбі транспарентті электронды сатып алу жүйесіне көшірілді. Қазірге дейін 100 мыңға тарта мемлекеттік қызметкер табыстары мен мүліктерін жариялады. Бұл тұрғыдан Украина Скандинавия елдерімен бәсекелесе бастады.

Алайда, үкіметтің заң үстемдігін орната алмауы әлі де үлкен проблема болып отыр. Бұрындары жергілікті бизнесмендер мен шетелдік инвесторлар салық органдарының билігін асыра пайдалануынан қорқатын. Наурыз айында Украинаның жемқорлықпен күрес бюросы елдегі салық саласының басшысы Роман Насировты тұтқындады. Ал қазір басты уайым – Бас прокуратура мен қауіпсіздік қызметі. Бұлардың екеуі де президенттің бақылауында  әрі екеуі туралы да «халықты тонаушы мекемелер» деген түсінік қалыптасқан.

Қазір жүріп жатқан сот реформасы атқарушы билікті тексеріп, меншік құқығына көп мән береді деген үміт бар, сонда ғана экономикалық өсімге жол ашылады. Бірақ, қазірдің өзінде бұдан да көп нәрсе жасау керектігі айқындалып келеді.

Порошенко 2015 жылы өзі Украинаға шақырып, Одессаның губернаторы етіп тағайындаған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді шілде айында азаматтығынан айырды. Ол сотта тиісті түрде қаратқызбастан, жарлық шығару арқылы құқықтық тұрғыда күмәнді шешім қабылдады. Ал Саакашвили айтқанға көніп отырудың орнына азаматтығынан айыру оқиғасын Украинаның азаматтық қоғамын ояту мақсатына пайдаланды. Осы айда ол Украина оппозициясының басшысы Юлия Тимошенкомен бірге төлқұжаттық тексеруден өтпестен, Польшадан Украинаға кірді. Осының арқасында Саакашвили Украинаның әділет жүйесіне және Порошенконың заң үстемдігін сыйламайтынын сынау мүмкіндігіне ие болды.

ХВҚ-ның заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің ісін тергеп, оларды айыптап, жазалауға мүмкіндік беретін жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сот құру туралы ұсынысы әлі орындалмай отыр. Бірақ егер Украина қайта еңсесін тіктегісі келетін болса, онда ешкімнің, тіпті, президенттің де заңнан жоғары тұрмайтынына көз жеткізе алуы тиіс.

Андерс Аслунд, Вашингтондағы Атлантикалық кеңестің аға ғылыми зерттеушісі және «Украина: қайдан қате кетті және оны қалай түзету керек?» атты кітаптың авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org